Accessibility links

Қазақстанда "саяси тұтқындар" тізімі тағы екі белсендімен толықты


Петропавлдық белсенді Нұрбол Өнерхан.
Петропавлдық белсенді Нұрбол Өнерхан.

Құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі 19 мамырда жарияланған жаңа тізімге жақында ғана шектеу жазасы түрме жазасымен алмастырылған петропавлдық белсенді Нұрбол Өнерхан мен нұр-сұлтандық белсенді Жәнібек Жүнісовті қосты.

  • Нұрбол Өнерхан – Солтүстік Қазақстан облысы Бірлік ауылынан шыққан азаматтық белсенді. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, бейбіт митингілер мен акцияларға қатысқаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Былтыр күзде Петропавл соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны" үшін оның бостандығын екі жылға шектеген. Жақында 4 мамырда "пробация шарттарын бұзғаны үшін" түрмеге жіберілді.
  • Жәнібек Жүнісов – "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін" ("Көше партиясы" қозғалысы) үстінен қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу изоляторында отырған нұр-сұлтандық белсенді. Қоғамдық белсенділігі үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Ол 2021 жылдың ақпан айынан бері қамауда отыр.

Елде "саяси тұтқындар" тізімі жиі жаңарып жатыр. Соңғы рет наурыз айында тізім бес белсендімен толыққан. Тізімге кейінгі кезде енген белсенділердің көбі "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы және "Көше партиясына" қатысы бар деп күдікке ілінген. Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған ҚДТ мен "Көше партиясын" Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Құқық қорғаушылар екі ұйымға қатысты шыққан сот шешімінің жарияланбағанын айтып, сынаған.

Қазақстанда алғашқы саяси тұтқындар тізімі 2013 жылы жасалған. Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандар қатарында ақын әрі диссидент Арон Атабек, жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев, "терроризмді насихаттады" деп сотталған Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағалиев енген.

Қазақстан билігі "елде азаматтар саяси пікіріне байланысты қудаланады" деген пікірмен келіспейді және "саяси тұтқындар жоғын" айтып келеді. 10 сәуірде премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов "қазір Қазақстанда совет заманындағыдай саяси қуғын-сүргін жоқ" деп мәлімдеген.

Қазақстандағы саяси қудалау туралы ақпарат тарататын Tirek.info сайтының мәліметінше, жаңадан қосылғандарады есептегенде Қазақстанда отызға жуық саяси тұтқын бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG