Accessibility links

Еуропарламент Қытаймен сауда келісімін тоқтатты. Бұл ЕО-Пекин қатынасына қалай әсер етеді?


ЕО Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуына қатысты Пекинге қысым жасаумен қатар, Қытаймен экономикалық қарым-қатынасты бұзып алмауға тырысып жатыр.
ЕО Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуына қатысты Пекинге қысым жасаумен қатар, Қытаймен экономикалық қарым-қатынасты бұзып алмауға тырысып жатыр.

Еуропарламент ЕО мен Пекин арасындағы инвестициялық келісімді тоқтату туралы резолюцияны қолдап, дауыс берді. Еуроодаққа мүше елдер Қытаймен қарым-қатынасын Еуропарламенттің шешіміне қарай бейімдеуге тырысып жатыр.

Бұл қарар Еуроодақ "Пекин Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым жасап жатыр" деп санкция салған соң артынша қабылданды. Қытай да ЕО санкциясына жауап ретінде шектеулер енгізген еді.

ЕО мен Қытай арасындағы инвестициялық келісім күшіне енуі үшін құжатты Еуропарламент ратификациялауы керек еді. Ал еуродепутаттар Қытайдан парламентте инвестиция жөніндегі жан-жақты келісімді талқылау басталғанға дейін ЕО салған санкцияларын алып тастауды талап еткен. Бұл талапты депутаттар 20 мамырда қабылданған резолюцияда ашық көрсеткен.

Еуропарламентте Қытаймен инвестициялық келісімді тоқтату туралы шешім басым дауыспен қабылданды (599 депутат қолдап, 30-ы қарсы болды, 58 адам қалыс қалды). Кейбір депутат Қытай наурызда Еуропарламенттің бес мүшесі мен әртүрлі институттарға салған санкциясын алып тастаса да, инвестициялық келісімді мүлде қолдамайтынын білдірді.

Дауыс беру қорытындысы ЕО мен Қытай арасындағы жеті жыл талқыланған инвестициялық келісім жақын уақытта ратификацияланады деген үміттің күл-талқанын шығарды. Осы келісімді Германия канцлері Ангела Меркель қызу қолдаған еді.

Еуропарламент резолюциясы – ЕО мен Қытай қарым-қатынасының нашарлағанын көрсететін тағы бір белгі.

Қазір 27 мемлекеттен тұратын одақ Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуына қатысты Пекинге қысым жасаумен қатар, Қытаймен экономикалық қарым-қатынасты бұзып алмауға тырысып жатыр. Брюссель де Пекин мен Вашингтон арасындағы бәсекенің арасынан өз орнын тапқысы келеді.

"Еуроодақ пен Қытайдың қарым-қатынасын бақылап отырғандар Еуропарламенттің бұл келісімді мақұлдауы екіталай екенін білді.
Бұл жағдайдан Еуроодақ әлі күнге Қытайдың экономикалық өсімі мен Пекин-Вашингтон бақталастығына төтеп бере алатын саясат әзірлеген жоқ деген қорытындыға келуге болады" дейді бұрынғы серб дипломаты, Белградтағы қауіпсіздік саясаты орталығының зерттеушісі Вук Вуксанович.

Келісімді тоқтату туралы шешім Еуропаның ішкі саясатымен де тығыз байланысты. Өйткені Чехия, Германия, Венгрия сияқты елдерде сайлау жақындап келеді. Бұл елдерде билікке жаңа үкімет келіп, Пекинге қатысты қатаң саясат орнауы мүмкін дегенді білдіреді.

"Қытай мәселесі [Орталық және Шығыс Еуропаның] көп елінде негізгі саяси тақырыпқа айналды. Бұл Чехияда [қыркүйекте] немесе Венгрияда [2022 жылы] өтетін сайлауға әсер етуі мүмкін" дейді Будапештегі Корвинус университетінің доценті Тамас Матура.

ҰЗАҚ ТАЛҚЫЛАНҒАН КЕЛІСІМ

2020 жылы желтоқсанда қол қойылған инвестициялық келісім әуел бастан-ақ дау туғызған.

Бұл құжат еуропалық компаниялардың Қытай нарығына шығуға мүмкіндігін арттырып, Пекиннің шетелдік бизнес өкілдеріне қоятын қатаң талаптарын жеңілдетіп, Еуропаға Қытай инвестициясына қол жеткізуге көмектесуі керек еді.

Бірақ Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Ангела Меркель және Еурокомиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің арасындағы қорытынды келіссөздерден кейін бұл келісім одақ ішіндегі Қытайға қарсы сыншылардың қарсылығына ұшырады. Олар Брюссельді Пекинмен қарым-қатынасында адам құқықтарына баса мән беруге шақырды.

Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен, Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Эммануэль Макрон және Қытай президенті Си Цзиньпиннің қатысуымен өткен видеоконференция. 30 желтоқсан 2020 жыл.
Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен, Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Эммануэль Макрон және Қытай президенті Си Цзиньпиннің қатысуымен өткен видеоконференция. 30 желтоқсан 2020 жыл.

22 наурызда ЕО Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар мен өзге де мұсылмандарға қысым жасағаны үшін (Қытай бұл өңірде лагерьлер салды деп айыпталған) Пекинге қарсы санкция салды.

Еуропа Қытайға қарсы адам құқықтарының бұзылуына байланысты 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңында болған қантөгістен кейін бірінші рет санкция салып отыр.

БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда миллионнан астам мұсылманды лагерьлерге қамаған. Пекин Шыңжаңда мұсылмандарды күштеп ұстайтын лагерьлер барын жоққа шығарады. Еуроодақ шектеулерінен соң Қытай да жауап ретінде Еуропарламент мүшелері, ұлттық парламент депутаттары, ЕО комитетінің өкілдері, Қытай тақырыбын зерттеп жүрген бірнеше еуропалық ғалымға санкция салды.

Cодан бері келісімді сынаушылар көбейіп, Еуропарламент мүшелері құжатты ратификациялауды ұзаққа созып жіберді.

"[ЕО мен Қытай арасындағы] инвестициялық келісім Еуропаның геосаяси мүддесіне ешқандай пайда әкелмейді” дейді Прагадағы қауіпсіздік саясаты үшін еуропалық құндылықтар орталығының директоры Якуб Янда.

ЕУРОПАРЛАМЕНТ ШЕШІМІНІҢ ӘСЕРІ

Инвестициялық келісімді тоқтату туралы шешім ЕО мен оған мүше мемлекеттердің көбі Қытайға қатысты саясатын қайта қарай бастаған кезде қабылданды.

5 мамырда Еурокомиссия шетелден субсидия алатын компанияларға еуропалық кәсіпорындарды сатып алуға я тендерлерге қатысуға шектеу қоятын ереже ұсынды. Бұл ереже Қытайға бағытталған еді.

8 мамырда Еуроодақ Үндістанмен инфрақұрылымды қаржыландыру саласындағы әріптестікті кеңейту туралы келісімге қол қойды. Бұған қоса, Еуропа мемлекеттері маусымда өтетін G7 саммитінің алдында АҚШ-пен бірігіп, Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" инфрақұрылымдық бастамасына балама жоба құру мәселесін талқылап жатыр.

Сарапшылар келісімнің тоқтауы ЕО мен оның сыртындағы бірқатар мемлекеттің Қытайға қатысты саясатын өзгертуге ықпал етуі мүмкін деп топшылайды.

Еуропаның ірі экономикасы саналатын Германияда қыркүйекте федералды сайлау өтіп, 16 жыл бойы канцлер болған Меркель отставкаға кетеді.

Меркельдің тұсында Германия Қытайға қатысты саясатында тепе-теңдікті ұстауға тырысып келді.

Германия Қытайдағы адам құқықтарының бұзылуын сынаса да, Қытай нарығына қолжетімділікті арттыруға тырысты. Сайлауалды болжамдарға сәйкес, Анналена Бербоктың "Жасылдар" партиясы мен Армин Лашеттің "Христиан-демократиялық одағы” коалиция құруы мүмкін.
Соңғы сауалнама нәтижелеріне қарағанда, сайлауалды науқан кезінде Қытай мен Меркельдің саясатын сынаған Бербок канцлер болады деген болжам бар. Демек, Германиядағы сайлау нәтижесі сыртқы саясатта бүкіл одаққа әсер етуі мүмкін.

Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан Пекинмен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Будапеште Қытай университетінің салынуы үлкен саяси мәселеге айналды. Өйткені Виктор Орбанның үкіметі студенттерге арналған қолжетімді баспана салуға бөлінген жер мен мемлекет қаржысын университет құрылысына берген.

Бұл жобаны қатаң сынаушылардың бірі – Будапешт қаласының мэрі Гергей Карачонь. Ол 2022 жылы оппозиция атынан Венгрияда өтетін парламент сайлауына қатысып, Виктор Орбанды биліктен тайдыруға тырысып көрмек.

Чехияда қазан айында сайлау өтеді. Бұл елде де премьер-министр Андрей Бабиштің үкіметіне қарсы Қытайды сынайтын оппозициялық блоктардан тұратын коалиция күшейіп келеді.

"Бұл Еуропадағы Қытайға қарсы ең агрессивті коалиция болуы мүмкін" дейді Янда.

Пекинмен инвестициялық келісімді тоқтату туралы шешім Балқан елдеріне, әсіресе, Қытайдың бұл өңірдегі негізгі әріптесі Сербияға да әсер етуі мүмкін.

Вуксановичтің пікірінше, бұл қадамның әсері бүкіл өңірге әсер етіп, Пекинмен келісімді тоқтату туралы шешімнен кейін Белградқа Қытай мен ЕО арасында тепе-теңдік сақтау қиын болады.

"[Белград] Пекинмен әріптестігін ақтау үшін ЕО-Қытай келісімінің көлеңкесіне жасырына алмайды. Бірақ Сербия Қытаймен әріптестігін тоқтатпайды. Белград қауіп-қатер артпайынша, қазіргі бағытынан айнымайды" дейді Вуксанович.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG