Accessibility links

Тоқаев партиялардың мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендететін заңға қол қойды


Дауыс беру аяқталған соң дауыс санауға көшкен сайлау комиссиясы мүшелері. Көрнекі сурет.
Дауыс беру аяқталған соң дауыс санауға көшкен сайлау комиссиясы мүшелері. Көрнекі сурет.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау заңнамасына бірқатар түзетулер енгізуді қарастыратын заңға қол қойды. Заңда ауыл әкімдерін тікелей сайлау, саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендету және сайлау бюллетеньдеріне "Барлығына қарсымын" деген графа енгізу сияқты өзгерістер қарастырылған.

Оған сәйкес, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер мен ауыл әкімі болып "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сай біліктілігі бар 25 жасқа толған кез келген азамат сайлана алады. Саяси партия мүшелері мен сайлаушылардың жалпы санының кемінде бір пайыз қолын жинаған тәуелсіз кандидаттар да сайлауға түсе алады.

Сайлау қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімінің аяқталуына 40 күн қалғанда жарияланады, 10 күн қалғанда өтеді. Биыл жылдың екінші жартысында 836 ауыл әкімі (барлығы 2345 әкім) тікелей дауыс беру арқылы сайланады. 2021 жылы ауыл әкімін сайлауға республикалық бюджеттен 4,8 млрд теңге бөлінеді.

Бұған қоса, заң жобасы мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың парламентке өту шегін жеті пайыздан бес пайызға төмендетуді де қарастырады. Барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне "барлығына қарсымын" деген графа қосылады.

Қазақстанда сайлау бюллетенінен "барлығына қарсы дауыс беремін" деген жауап нұсқасы 2011 жылы кезектен тыс президент сайлауының алдында алынып тасталған.

Үкімет өкілдері сайлау заңнамасына аталған өзгерістер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына сәйкес енгізілгенін атап өткен және оны "еститін мемлекет" концепциясын жүзеге асырудың жалғасы деп атаған.

Қазіргі заңнама бойынша, саяси партиялар парламентке өту үшін кемінде 7 пайыз дауыс жинауы тиіс. Осыған дейін кейбір белсенділер бұл межені 3 пайызға түсіруді ұсынған.

2019 жылы президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша жеңімпаз деп танылған Тоқаев елде саяси реформа жүргізуге уәде беріп, былтыр елде соның бір қадамы ретінде бейбіт жиын өткізу, саяси партиялар мен сайлау туралы заңдар қабылданған. Билік бұл өзгертулерді "демократиялық реформа" деп сипаттаған. Ал оппозиция мен тәуелсіз құқық қорғаушылар, халықаралық сарапшылар бұл өзгертулерді заңның шектеуші қызметін сол күйі қалдырған "сырттай сылап-сипау ғана" деп сынаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG