Accessibility links

Назарбаев Түркістанда өзіне ескерткіш қоюға "қарсы"


Қазақстанның экс-президнті Нұрсұлтан Назарбаев. 10 қаңтар, 2021 жыл.
Қазақстанның экс-президнті Нұрсұлтан Назарбаев. 10 қаңтар, 2021 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай экс-президенттің өзіне жаңа ескерткіш қою ұсынысын "қолдамағанын" айтты.

Осыдан біраз бұрын халықаралық түрік мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) бас хатшысының орынбасары Біләл Чакыжи Қазақстанның Түркістан облысының әкімшілік орталығы – Түркістан қаласында Назарбаевқа ескерткіш қоюды ұсынған.

"Бұрынғылары сияқты бұл идеяны да елбасы (Қазақстан экс-президентінің ресми титулы – Ред.) қолдамады. Ол кісіге ескерткіш қою, архитектуралық нысандарға атын беру сияқты "сыйлықтар" мүлде ұнамайды, әсіресе мұндай "сыйлықтарды" жергілікті шенеуніктер ұйымдастыратын болса" деді Үкібай Tengrinews агенттігіне.

"Нұрсұлтан Әбішұлы мұндай назар аудару әрекеттері өзіне қажет емес екенін үнемі айтып келеді. Кей адамдар әдейі осындай ақпараттық дақпырт шығаратындай көрінеді. Ол өз есімін беруге келісім берген жобалар – тек университет және зияткерлік мектептер" деді Үкібай.

Назарбаевқа ескерткіш орнату туралы ұсыныс айтылып жатқан кезде әлеуметтік желіде бет-әлпеті экс-президенттікіне ұқсайтын адам мүсінінің суреті тарады. Ескерткіш қасында өзін "парламенттік оппозиция" деп сипаттайтын "Ақ жол" партиясының депутаттары тұр.

Кей сарапшылар жаңа ескерткіш Түркістанда Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні – 6 шілдеге қарай орнатылуы мүмкін деген болжам жасаған.

Наурыз айында Үкібай экс-президенттің Семей қаласындағы "Абай Арена" спорт кешеніне өз атын беруге қарсы екенін Twitter-де жазған. Қазақтың әйгілі ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының есімін "елбасының" атымен алмастыру ұсынысына қоғам өкілдері қарсы шыққан. Сол айда Семей қалалық мәслихатының депутаттары Қарағайлы шағынауданындағы даңғылға Назарбаевтың атын беруді қолдап дауыс берді.

  • Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевқа құрмет көрсетіп, ескерткіш қою туралы бастама жиі көтеріліп тұрады. Елдің бірнеше қаласында Назарбаев ескерткіші бар. Президенттіктен кеткен күннің ертесінде атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерілген астанада 2020 жылғы шілдеде Назарбаевтың жаңа ескерткіші ашылды. Бұған қоса астанадағы әуежай, ірі қалалардың орталық көшелері, екі университет пен мектептер желісі Назарбаевтың атымен аталады. Бұған қоса, Қазақстанның бірнеше қаласында экс-президент атындағы саябақ, спорт кешені және музейлер бар. 6 шілдеде атап өтілетін Астана күні экс-президенттің туған күнімен сәйкес келеді. Бұған қоса 1 желтоқсан Қазақстанның тұңғыш президентінің күні деп аталып, мереке ретінде тойланады. Кей саясаттанушылар елде Назарбаевтың жеке басына табыну белең алған деп санайды.
  • Шілдеде 81-ге келетін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Совет одағынан тәуелсіздік алмай тұрып билікке келген. 2019 жылғы наурызда президенттіктен кеткелі бері ол конституциялық орган – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Президент негізгі мемлекеттік лауазымдарға адам тағайындағанда Қауіпсіздік кеңесі төрағасымен кеңесуі керек. Бұған қоса Назарбаев елдің саяси өмірінде үстемдік ететін билік басындағы "Нұр Отан" партиясын басқарады. Экс-президенттің "елбасы" және "ұлт көшбасшысы" деген титулдары бар, бұл титулдар оны және оны кез келген қудалаудан қорғайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG