Accessibility links

ГУЛАГ Совет билігіне не үшін қажет болды?


Дальстрой жұмысшыларының Колымада көпір салуы.
Дальстрой жұмысшыларының Колымада көпір салуы.

Ресей билігі еңбек мигранттарына балама ретінде сотталғандарды пайдалануды қарастырып отыр. Мәскеудің бұл жоспары Совет Одағының 1930-50 жылдардағы ГУЛАГ жүйесін еске түсіреді.

Сірә Кремльдің қазіргі жоспары мен ГУЛАГ-ты салыстыруға келмес. Бірақ тарихқа үңіліп, Совет билігінің адам капиталын қалай пайдаланғанын еске түсіруге болады.

ГУЛАГ-ты зерттейтін тарихшылар тұтқындар еңбегінің тиімсіз екенін Совет Одағы да білді дейді. Олардың сөзінше, тегін жұмыс күші саналған бұл топтың еңбегі іс жүзінде қымбатқа түскен: билік оларды күзетуге және азықтандыруға қыруар қаражат жұмсаған.

Тарихшы Олег Хлевнюк 1950 жылы Берияға табысталған хатты келтіреді. Онда "лагерьдегілерді асырау шығыны тұтқындар еңбегін қымбаттата түседі. Тұтқындарды асырау бағасы жалдамалы жұмысшының орташа еңбекақысынан да жоғары. Мысалы, Еділ-Дон каналын салу кезінде бір тұтқынға айына 470 рубль кетті, ал оның еңбекақысы (бостандықтағы жұмысшыларға да осы айлық төленген) 388 рубль болған" деп жазылған.

Тұтқындардың еңбек өнімділігі өте төмен болған. Оны көтеру үшін оларға жалақы төлеу туралы шешім қабылданды. Ал бұл шығынды одан сайын арттырды.

Совет Одағындағы ГУЛАГ лагерьлерінің картасы.
Совет Одағындағы ГУЛАГ лагерьлерінің картасы.

Соғыстан кейінгі жылдары ГУЛАГ-тің экономикалық тиімсіздігін түсінген ішкі істер министрлігі тұтқындарды ішінара еркін жалшыларға айналдырып, оларды "құлдан крепоснойлық шаруа" санатына өткізуге тырысты.

ГУЛАГ біліктілікті қажет етпейтін физикалық жұмысқа сүйенді де, техникалық прогресті қабылдамады. Совет билігіне технологияларды жетілдіріп, еңбек өнімділігін арттырудың орнына тұтқындарды құрылысқа немесе өндіріске салу жеңіл болды. Ал бұл экономикаға теріс әсер етті.

ГУЛАГ-ті жақтаушылар Совет Одағы тұтқындардың көмегімен қолжетімсіз аудандарды игергенін айтады. Зерттеушілер бұл сөзді жоққа шығарып, құрылысқа "құл күшін" салу зерделенбеген жобаларға әкелді дейді. Нәтижесінде қыруар ақша желге ұшқан. Экономист Татьяна Михайлова өте көп қаржы жұмсалып, бірақ кейін қажетсіз болып қалған трансполяр темір жолын мысалға келтіреді. Тағы бір мысал – билік күткендей экономикалық әсер болмаған, өте көп шығынмен салынған Беломор-Балтық каналы. Нарықтық экономикада тиімді жобаға жалдамалы жұмыс күші үнемі табылады. Ал тұтқындардың еңбегін пайдалану жүйесі экономикаға кері әсер етеді және бұл әлі күнге дейін сезіледі.

ГУЛАГ ЛАГЕРЬЛЕРІ ӘЛЕУМЕТТІК ЛИФТ БОЛДЫ МА?

Қазіргі Ресейге ГУЛАГ мұрасының ауыртпалығын толық бағалау қиын, себебі барлық архив әлі күнге ашылмаған. Сталин репрессиясының тарихы толық жазылмаған. СССР-дің құлағанына әлі күнге қайғырып жүрген қоғамның бұған деген қызығушылығы да төмен. Бұдан ГУЛАГ тек "интеллектуалдарға, бұрынғы көпестерге және кулактарға" ғана ауыр тиді, ал кедей шаруа үшін әлеуметтік лифт болды деген түсінік шығуы мүмкін.

"Жоғары экономика мектебі" ұлттық зерттеу университетінің оқытушысы, тарихшы Владислав Стаф ГУЛАГ жайлы естеліктердің қалыптасуы туралы диссертация жазып жатыр. Оның сөзінше, оның бұл тақырыпты таңдауына солтүстік өңірлерге қызығушылығы әсер еткен және бұл жағдайда "ГУЛАГ тақырыбын айналып өту мүмкін емес". Сондай-ақ ол өз отбасының тарихын білгісі келген. Оның кей туыстары совет кездерінде Байкал-Амур магистралінде (БАМ) болған.

Стаф ГУЛАГ-тың кімге пайда тигізгені туралы ойланып көргенін айтады. Сөйтіп ол түрменің қамауда жатып кейін НКВД қызметкеріне айналғандар үшін ғана әлеуметтік лифт болғанын түсінген. Ол 1924 жылы Соловков лагерінде қамауда болған Нафталий Френкельді мысалға келтіреді. Кейінірек әкімшілік кеңесшісі болып, тұтқындарды тамақпен ынталандыру жүйесін ойлап тапқан Френкль босатылып, ГУЛАГ-тің негізін қалаушылардың бірі болды. Бұл туралы Варлам Шаламовтың "Колымские рассказы" еңбегінде жазылған:

– Оны БАМЛАГ-тің (1930 жылдары Байқал-Амур магистралін салу үшін құрылған – Ред.) басшысы еткенін оқып, денем түршігіп кетті. Френкель 1930 жылдары сол темір жол құрылысын басқарды. Ол расымен мансапқа жетті. 1947 жылы зейнетке шығып, 1960 жылға дейін Мәскеуде тұрды. Алдымен тұтқын болған адам кейін мансапқа жетті. Лагерь әлеуметтік лифт болды дегенге келсек, біз Шаламовтың лагерьдің бақылаушылар үшін де, тұтқындар үшін де ауыр болды деп жазғанын білеміз. Себебі лагерь адамның адамдығын өлтіреді. Лагерьді әлеуметтік лифтімен байланыстыратын жалғыз нәрсе – босатылғаннан кейін ОГПУ, НКВД, ІІМ немесе КГБ қызметкерлері атанған тұтқындар. Бұл жаппай сипатта болмады. Олардың ішінде өте жақсы карьера жасағандар аз. Бірақ теориялық тұрғыда олар жақсы атақ алып, лагерьден шыққаннан кейін бақылаушы, күзетші, атқыш, жүргізуші деген сияқты жұмыстарды істеді. Олар өте аз болды. НКВД-мен әріптестік жаңа мамандық алуға мүмкіндік берді деп айту – даулы тұжырым. Біз НКВД қызметкерлерінің немен айналысқанын білеміз. Бұл жерде архивтің көбі не себепті әлі жабық деген сұрақ туындайды.

– Гулаг тарихы қаншалық толық жазылған?

Бір жағынан, құжаттардың барлығы бірдей жарияланбады. Архивтердің бір бөлігі жоғалды немесе 1950 жылдары, одан кейінгі жылдары жойылды. Екіншіден, ГУЛАГ тақырыбымен бұрыннан айналысатын адам ретінде мен оларды жинаудың қаншалықты қиын екенін түсінемін. ГУЛАГ-тың аймақтық бөлімдері көп болды. Жұрт ағаш құлатумен айналысқан Орталық Сібірдегі, Краснояр ауданындағы лагерьлер – бір бөлек, (Колыманы игерумен аналысқан) Дальстрой – бөлек тарих, ал АЛЖИР – Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері – тіпті, совет жүйесі үшін де парадоксал жағдай. Совет заңдары бойынша да ол жердегі әйелдердің жазықсыз екені анық еді. Олар күйеулеріне шағым жасамағаны үшін ғана жазықты болды. Кейінгі 30 жылда ГУЛАГ-тың тарихнамасы жаман жазылмады. Бірақ лагерьде болған адам санын есептеуде әлі де проблема бар. Қазір көбі лагерьде 20 миллион адам болып, 2 миллион адам қаза тапты, 10 пайызы қайтып келмеді деген сандармен келіседі. Бірақ бәрін толық санау мүмкін еместей көрінеді, себебі архивтің белгілі бір бөлігі сақталмаған, басқа бөлігі жасырылған. Жерленген орындарды іздеу ондаған жыл бойы жалғасып келеді. "Арнайы жер аударылғандарды ГУЛАГ тұтқындарының қатарына жатқызамыз ба?" деген тағы бір проблема бар. Олар ресми түрде лагерьде болмады, бірақ оларды елге оралу құқығынсыз Сібірге айдады. Қатты бақылауда болып, көбі аштықтан өлді. Қазіргі Том облысының солтүстігінде жер аударылған, кәмпескеленген адамдар жерленген жер бар. Олар ресми түрде ГУЛАГ тұтқындары емес, бірақ сондай жолдан өтті. Сондықтан жалпы тарихнама мен құрбандарды санауда әлі де қиындық бар.

Ашаршылық геноцид пен әлде емес пе?

Ашаршылық геноцид пе әлде емес пе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

– Шаламовты немесе Солженицынды оқығанда, лагерьдегілер біліктілік арттырып, мамандық ала алғандай әсерде болмайсың. Көп жұмыс істеп, тамақ мен күшіңді үнемдеймін деп өліп кетуің мүмкін деген сабақ аласың.

– Тұтындар туралы айтсақ, олардың арасында жұмыстан қашып, ештеңе істегісі келмеген, әкімшілікке басқаларды аңдуға көмектескен үлкен категория бар. Олар солай күн көрген. Ағаш құлату, кен орнында жұмыс істеудің ұзақ әрі азапты өлім екенін бәрі түсінді. Дальстрой тәжірибесін еске алсақ, 1930 жылдары лагерьдегі тұтқындар мен күзетшілердің толығымен үсіп қалған кездері көп болды. Әрине, шахтадан босатылған тұтқындар шахтер немесе қара жұмысшы болуға әлі жетпейтін. Олардың жараланғаны сонша, бұл жалдамалы жұмысшыларға жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін.

– Берияның Молотовқа 1939 жылы жазған хаты кең тарады. Онда тамақтану нормасы түрмеде отырған және жұмыс істемейтін адамға есептелгені, нәтижесінде, лагерьде "әлсіздердің" көп екені жазылған. Яғни, тұтқындардың дұрыс жұмыс істей алмайтыны проблема болған.

– 1930 жылдары "Үлкен террор" кезінде қамауға алынғандар көп болды. Егер біреу өлсе, олардың орнын жаңа тұтқындар басатын. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаңа тұтқындар алатын жер болмай, адам жетіспей жатты. Азық-түлік жеткізуде проблема жиі болды. Тұтқындарға азық берілсе де, оның ұрлап кетпейтініне кепілдік жоқ еді. Шаламов адамдардың нанның қорытылуын ұзарту үшін оны шайнамай жұтып отырғанын жазады. Дальстройда соғыстан кейін жүк жеткізу проблемасы болды, лагерьлерге азық-түліктің тек 30 пайызы жетті. Тасымалдау қиындығы бар, лагерьдің ішіндегі жемқорлық бар, тұтқындарға күн суықта, келісілгеннен екі есе аз тамақпен жұмыс істеудің қаншалықты қиын болғанын елестетіп көріңіз.

ГУЛАГТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰРАМЫ

– ГУЛАГ-тың әлеуметтік құрамы туралы айтсақ. Олардың көбі жұмысшы, мүлкі тәркіленген шаруалар болды. 1930 жылдары кулактардың мүлкін тәркілеу кезінде пайда болған аштықта лагерьге түсу игілік болды деуге бола ма?

– ГУЛАГ-тің қай кезеңін қарастыруымызға байланысты. Себебі тұтқындар отыз жыл бойы өзгеріп отырды. Негізінен, олар сауатсыз шаруалар, ұлттық республика өкілдері болды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Совет Одағына айналған Ресей империясының негізгі бөлігі шаруалар еді. Аштықпен салыстырғанда, әсіресе, индустрияландыру кезінде Украина, Ресейдің оңтүстігі мен Қазақстанда каннибализм болғанда – лагерьге түскен адамдарда қандай болсын игілік болған шығар. Бірақ тамақ мөлшері жұмыс жағдайымен сәйкес келмеді. Мүлігі тәркіленген адам аштықтан бірнеше күнде немесе аптада өлуі мүмкін еді, ал ГУЛАГ-қа түскен адам аштықтан бірнеше айдан соң өледі. Иә, бұл адам өмірін аз да болса ұзартты, бірақ оның несі адамгершілік деген сұрақ жауапсыз қалады.

– ГУЛАГ тәжірибесі қай жағынан алып қарасақ та теріс болды.

– ГУЛАГ-тың экономикалық тұрғыда тиімсіз болғаны есептелген. Иә, 1930 жылдары индустрияландыруды жылдам жүргізуге жол ашылды, бірақ мұны сәл асықпай, осынша адамның өмірін қимай жүргізуге болар еді. Сондықтан лагерьдің оң әсері туралы айта алмаймыз. Тек НКВД-да жұмыс істеп, сол үшін медаль, зейнетақы, орден алып, жеңілдіктерге қол жеткізген адамдар ғана болмаса. Бірақ НКВД-ның да көптеген қызметкері лагерьден қайтпаған. Себебі суықтан көз жұмған немесе репрессияға ұшыраған, немесе басқа да себеппен оралмаған. Мысалы, Дальстройға ешкім барғысы келмеді. НКВД-ның көп қызметкері үшін Дальстройда жұмыс істеу жаза іспетті еді. Мәскеу, Ленинград, Харьков, Киев немесе басқа да ірі қалаларда жұмыс істейтіндердің айыбы үшін жазалау амалы секілді болды. Индустрияландыруды "тегін", бірақ шын мәнінде тегін емес еңбексіз жүргізуге де болар еді.

ГУЛАГ-тың қазір байқалатын ұзақмерзімді салдары да бар. Бұл тиімсіз инфрақұрылым кесірінен жойылған немесе жойылып бара жатқан, нарық экономикасы үшін тиімсіз қалалар мен ауылдардан байқалады. Ең жақсы мысал – Ресейдегі ең жылдам жойылып жатқан Воркута қаласы. Онда көмір кен орындары әлі де бар, бірақ көмірден басқа ештеңе болмағандықтан, халық саны азайып жатыр. Иә, кей қалалар нарықтық экономикаға бейімделе алды. Мысалы, әлемдегі ең ірі никель кен орны Норильск. Қаланың экологиясы нашар, тарихы қорқынышты. Норильскті жердегі тозақ деп те атайды. Бірақ экономика тұрғысынан қала өндіріс орны ретінде дамып жатыр.

Егер жалдамалы еңбек күші пайдаланса немесе индустрияландырудың уақытын созса, [зерттеу бойынша], шаруаларды аш қалдырмай, мүлкін тәркілемей, лагерьге тегін жұмыс күшін тартпай-ақ ағаштарды сақтап, мемлекет бойынша тура сол кәсіпорындарды ашуға болар еді. Көп адамның өмірін сақтау мемлекет үшін де трагедия болмас еді. Сталин индустрияландыруды жүргізді, біз индустриялы державаға айналдық. Бірақ содан бері Ресей ауылсыз елге айналды. Елде қала тұрғындары ауыл халқынан да көп. Ал революцияға дейін халықтың 90 пайызы шаруалар еді. Шаруалар Совет Одағының соңына дейін солтүстікке жер аударылды. Соның нәтижесінде бұған дейін Еуропаға нан жіберетін СССР нанды шетелден сатып алатын болды. Шаруалардың бәрі жұмысшыға айналып, тамақ алатын жер қалмады. Бұл оқиғаны 1959 жылы Қытайда Мао Цзэдун да қайталады. Онда индустрияландыру басталып, шамамен 35 миллион адам қаза тапты. Бәрі пайдалы қазбалар алу, зауыт пен жаңа қала салуға жіберіліп, шаруалар аш қалды. Бұл елдің өзгеруіне алып келді. Совет Одағы алға қойған ұзақмерзімді мақсатқа қол жеткізді, бірақ одан кейін ешқандай даму болмады. Мұны түсінген Хрущев десталинизация саясатын жүргізді. 1950 жылдардың басында халық аш отырғанда одан әрі даму болмайтыны түсінікті болды. Сондықтан экономикалық тұрғыда тиімсіз жобалардан бас тарта бастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG