Дүйсенбі, 7 маусымда Гаага аймақтық сотында 2014 жылы Украинада құлаған Malaysia Airlines әуе компаниясының MH17 ұшағы апатына байланысты сот тыңдауы басталады. Онда апаттың жай-жапсары қаралады. Лайнер Амстердам – Куала-Лумпур бағыты бойынша ұшқан. Бортта 298 адам болған. Барлығы опат болды.
Апатқа байланысты айыпталғандарға қатысты сот процесі 2020 жылы 9 наурызда Амстердамда басталған. Істе төрт айыпталушы бар, үшеуі – Ресей азаматы: ФСБ-ның запастағы полковнигі Игорь Гиркин (Стрелков), ГРУ-дың отставкадағы аға офицері Сергей Дубинский, әуе десант әскерінің запастағы подполковнигі Олег Пулатов. Төртінші айыпталушы – өзін республика ретінде жариялаған ДНР-дің барлау бөлімінің командирі Леонид Харченко.
2014 жылы, Украина мен Ресей арасында қақтығыс күшейген тұста, Malaysia Airlines әуе компаниясының Амстердамнан Куала-Лумпурге ұшып шыққан MH17 рейсі Украинаның шығысында құлаған. Бұл уақытта Украинаның шығысы Ресей қолдайтын сепаратистердің бақылауында еді. Тергеушілер ұшақты Ресейдің "Бук" зымыран жүйесімен атып түсіргенін айтады.
Қаза болғандардың басым бөлігі (192) Нидерланды азаматтары болғандықтан Украина осы елге тергеу жүргізуге өкілет берді.
Нидерланды БҰҰ мен Азаматтық авиация жөніндегі халықаралық ұйымның (ИКАО) көмегімен тергеу жүргізу міндетін мойнына алды.
Нидерландының қауіпсіздік жөніндегі кеңесі мен Біріккен тергеу тобы (JIT) ұшақ Украина шығысында мемлекеттік емес қарулы топтар бақылайтын аймақта атып түсірілді деген қорытындыға келген.
Украина шығысындағы сепаратистер айыпты мойындамайды. Ресей қорғаныс министрлігі мен Ресейдің ресми өкілдері де Біріккен тергеу тобының қорытындысын жоққа шығарады.
2017 жылы шілде айында Нидерланды сыртқы істер министрлігі MH17 апатына кінәлілер анықталса, Нидерландыда сотталады деп айтқан.
2019 жылы қазан айында Ресей билігі МН-17 апатына байланысты айыпталған үш адамның сотын Ресейде өткізуді ұсынған. Нидерланды бұл ұсынысты қабылдамады.
Барлық айыпталушы – Игорь Гиркин (Стрелков), Сергей Дубинский, Олег Пулатов және Леонид Харченко сотқа келуден бас тартты. Бірақ Пулатов сотпен адвокаты арқылы байланысуға келісті. Оның мүддесін нидерландылық екі адвокат пен ресейлік бір заңгер қорғайды.
ПІКІРЛЕР