8 маусымда Нұр-Сұлтандағы "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының кеңсесі алдында "Өзенмұнайгаз" мекемесінің бұрынғы мұнайшысы Асылбек Табылдиев жалғыз адамдық пикет өткізді.
Оның қолында "Елбасы Назарбаевтан, президент Тоқаевтан еңбек дауын шешуге көмектесуіңізді сұраймын! Жұмыстан заңсыз қуылдым", "Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асановтан әділ шешім сұраймын! Айдарбаев мекемедегі коррупцияны тоқтат!" деген жазуы бар плакат болды.
– Еңбекке жарамсыздығым туралы парағым болса да мені жұмыстан заңсыз шығарды. Соттың барлық инстанциясынан өттім. Жұмыстан денсаулығыма байланысты қалғанымды дәлелдей алмадым. Сондықтан Нұр-Сұлтанға келдім. "Өзенмұнайгазда" 24 жыл мұнайшы болдым, құрал-жабдық жоқ қиын кезеңдерде еңбек еттім. Бір рет ескерту алған жоқпын, жұмыстан себепсіз қалған емеспін. Керісінше, марапаттап пәтер де берген. Сондықтан талабым орындалмаса кетпеймін, осы "Қазмұнайгаз" босағасында түнеймін, - деді ол. Бұрынғы мұнайшы компанияның өзін жұмысқа қайта алуын талап етті.
Плакаттарын алма кезек алмастырып сөйлеп тұрған Асылбек Табылдиевке "Қазмұнайгаздан" ол сұраған Айдарбаев емес, қауіпсіздік департаментінің басшысы шықты. Ұлттық компания қарауылдары наразыны сүйрелеп, компания аумағынан шығарып жібермек болды. Аздан соң рациямен берілген бұйрықтан кейін пикетшіні компанияның ішіне алып кетті.
"Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының баспасөзбен жұмыс бөлімінің қызметкері Ұлан Смайылов Азаттыққа наразы мұнайшыдан өтініш алынғанын, тексерілетінін хабарлады.
53 жастағы Жаңаөзен тұрғыны Асылбек Табылдиев 2019 жылы денсаулығына байланысты ауруханаға түсіп, кейін жұмыстан шығарылған. Ол өзін кері жұмысқа алу талабын былтырдан бері айтып келеді. Былтыр қазан айында да Маңғыстау облыстық әкімдігінің алдына да дәл осы талаппен пикетке шыққаны туралы Азаттық жазған болатын.
Ол мұнай-газ саласында 1995 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2007 жылдан бастап "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамының №1 мұнай-газ өндіру басқармасында мұнай операторы болып еңбек еткен.
"Өзенмұнайгаз" компаниясы – Жаңаөзен қаласындағы жалғыз ірі өндіріс орны. Онда 16 құрылымдық өндірістік басқарма бар. Компанияда тоғыз мыңнан аса адам жұмыс істейді. Кәсіпорын "Өзен" және "Қарамандыбас" мұнай-газ кен орнындарын игерумен айналысады.
"Өзенмұнайгаз" компаниясында жұмыс және жалақы дауы жиі туындайды. 2011 жылы мұнайшылардың жалақы талабы ең ірі мұнайшылар ереуілімен аяқталған еді. Ел аузында "Жаңаөзен оқиғасы" деп аталып кеткен 2011 жылғы ереуілде полиция жалақы талап еткен мұнайшыларға оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен оқиғасында 17 адам қаза тауып, жүзден аса адам жараланды.
ПІКІРЛЕР