Accessibility links

Протасевич Украинада соғысқаны рас па? Журналисті кім "неонацист" етіп көрсеткісі келеді?


Өзін "Ким" деп атаған белорус еріктісі Украинаның шығысында соғысып жүр.
Өзін "Ким" деп атаған белорус еріктісі Украинаның шығысында соғысып жүр.

Беларусьте тергеу абақтысында отырған оппозициялық журналист Роман Протасевичке тағы бір айып тағылып жатыр. Ол Украинаның шығысында оңшыл украин жасағы сапында соғысты деген дерек бар. Беларусь басшылығы қазір осы айғақты алға тартып, Протасевичті қуғындау әрекетін ақтап алғысы келеді.

ҰШАҚТЫ КҮШПЕН ҚОНДЫРУ

Ел ішінде алауыздық қоздырды деп айыпталып, өзінің айтуынша репрессияшыл Беларусь режимінің қуғынына ұшырадым деген Роман Протасевич шетелге кетіп қалғалы бірнеше ай болған. 23 мамырда оппозициялық журналист әрі блогер Роман Протасевич мінген Ryanair ұшағы Афиныдан Вильнюсқа ұшып бара жатқанда Беларусь басшылығы "бортында жарылғыш зат бар" деген сылтаумен оны Минскіге қондырады.

Заңсыз митингке қатысты деп айыпталған оппозицияшыл блогер Роман Протасевич сотқа келді. Минск, Беларусь, 10 сәуір, 2017 жыл.
Заңсыз митингке қатысты деп айыпталған оппозицияшыл блогер Роман Протасевич сотқа келді. Минск, Беларусь, 10 сәуір, 2017 жыл.

Тамыздағы сайлаудан соң болған жаппай наразылықтан хабар таратқан Nexta телеграм-арнасының негізін қалаушы Роман Протасевич пен оның жүретін қызы екеуі ұшақтан түсіріліп, қамауға алынды. Ұшақтан ешқандай бомба табылмады әрі "бомба болды" деген ақпараттың өзі күмәнді болып шықты.

Құқық қорғау ұйымдары, Батыс елдерінің үкіметтері және Лукашенкоға қарсы беларустықтар биліктің бұл әрекетін өткір сынға алып, Протасевичті босатуды талап етті, көп ел Беларусь басшылығына санкция салды.

Беларусь өкіметі Протасевичті елде бүлік жасауға тырысты деп айыптады, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.

Бұған қоса, Беларусьтің мемлекеттік ақпарат құралдары оған Украинаның шығысындағы Донбасс аймағында неонацистік бағыттағы ұлтшыл күш – "Азов" батальоны құрамында соғысты деп айып тағып жатыр. Ресейдің қолдауына сүйенген сепаратистік күштер 2014 жылы Донбастың бір бөлігін басып алғанда бұрқ еткен соғыс кезінде бұл батальон ерекше рөл ойнаған еді.

ОЛ ШЫНЫМЕН СОҒЫСҚАН БА?

Мұның жауабы Лукашенкоға соншалық маңызды бола қоймас. Ол бұл дәлелденбеген ақпаратты Протасевичтің өзіне және елдегі репрессияларды қолдап отырған Ресейге қысымды күшейту үшін пайдаланып та жатыр. Бұл дерек қамаудағы журналистің беделін түсіріп, Мәскеудің Украинадағы және Беларусьтегі ахуал туралы айтқандарын одан сайын айшықтай түседі.

Қазіргі уақытта Протасевичтің Шығыс Украинада соғысқанын дәлелдейтін бұлтартпас айғақ жоқ. Дегенмен, әлеуметтік желіде таралған әскери киім киіп, қару-жарақ асынған Протасевичке ұқсайтын адамның бейнесі оның бұл соғыстағы рөлі туралы әркелкі әңгіме тудырды.

Ол аймақта ұрыс әлі толастамады, сепаратистер мен Украина күштері арасындағы қақтығыстан 13 мыңдай адам қаза тапты.

ӘСКЕРИ КИІНІП, ҚАРУ АСЫНҒАН КІМ?

Роман Протасевичті "Азов" батальонымен байланыстыратын видео және фотокөріністердің бәрінде дерлік оған ұқсайтын адам (не әртүрлі адамдар) әскери киім киіп, қару асынып, жасақтың басқа мүшелерімен бірге тұр, немесе жарасын емдетіп жатыр.

Латвиялық Meduza басылымының жазуынша, Беларусь журналисі "Азов" сапында соғысты деген деректі алғашқылардың бірі болып жариялаған – Украинадағы кремльшіл блогер Анатолий Шарый.

2021 жылғы ақпанда Украина басшылығы Шарыйды отанына опасыздық жасады және өшпенділік тілін қолданды деп айыптап, оған іздеу салған. Украина қауіпсіздік қызметінің айтуынша, Шарый ресейшіл ақпараттық науқандарды ұйымдастыруға қатысқан, оның өзі бұл айыпты мойындамайды.

Кей журналистер мен блогерлер кісінің бет-жүзін танитын компьютерлік бағдарламаларды пайдаланып, 2015 жылы шыққан неонацистер журналының мұқабасында әскери киіммен тұрған жігіт - Протасевичтің өзі деген тұжырым айтса, енді бірі оны сол батальон сапында болған басқа адамға ұқсатады.

Азаттықтың Беларусь қызметінде 2015 жылы қыркүйекте жарияланған сұхбатта Украинада соғысып жүрген Беларусь солдаты Донбастағы ұрыс "тек Украина үшін емес, Беларусь үшін де жүріп жатыр, себебі Путиннің шабуылына қазір тойтарыс бермесе, келесі [агрессияға ұшырайтын] біздің еліміз болады" дейді. Өзін "Ким" деп таныстырған, бет-жүзі көлегейленген бұл адам да Протасевич деген долбар айтылды.

Ресейдің Қырымды қосып алуы және Донбастағы конфликт Мәскеу бұл жоспарын Совет одағының басқа елдерінде де жүзеге асыруы мүмкін деген үрейді күшейтті.

"ОНЫҢ ҚАРУЫ – ЖАЗЫЛҒАН СӨЗІ"


Протасевич Шығыс Еуропада соғысқан жоқ дейтіндердің арасында оның ата-анасы мен "Азов" батальонының мүшелері де бар.

"Азовтың" бұрынғы командирі, қазір әсіреоңшыл саяси партия "Ұлттық корпустың" лидері Андрей Билецкий өзінің телеграм-арнасында Протасевичтің Донецк облысында тілші ретінде болғанын айтты.

"Романның "Азовпен" және Украинаны оккупациялаған күштерге қарсы соғысқан басқа әскери топтармен бірге болғаны рас. Ол бізбен бірге Широкино (Украинаның Донецк облысындағы ауыл – Ред.) маңында болып, сол жерде жарақат алған. Бірақ оның журналист ретіндегі қаруы автомат емес, жазылған сөз болды" деп жазды Билецкий мамырдың соңындағы постында.

Meduza-ға берген сұхбатында Протасевичтің анасы да ұлының соғысқа қатысқанын жоққа шығарды.

"Ол онда журналист ретінде барды. Мұның бәрі [ол соғысқа қатысты деген әңгімелер] ақылға сыймайтын нәрселер... Ол онда фотограф және фрилансер журналист ретінде кеткен" деді Наталья Протасевич.

26 жастағы Роман Протасевич 2017-2018 жылдары Вацлав Гавел атындағы сыйлықты жеңіп алып, Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде тәжірибеден өткен. Азат Еуропа/ Азаттық радиосы мен Чехия сыртқы істер министрлігі бірлесіп тағайындаған бұл шәкіртақы Еуропа одағының Шығыс әріптестік бағдарламасына кіретін елдер мен Ресейдегі талантты тәуелсіз журналистерге беріледі.

"Протасевичтің есімін алғаш рет 2017 жылы, ол осы шәкіртақыға өтініш тапсырғанда білдім" деген Азаттықтың Беларусь қызметінің жетекшісі Александр Лукашук оның тағылымдамадан өткенге дейін де, одан кейін де Азаттықпен басқа еш байланысы болмағанын еске салды.

"Протасевич те, оның кандидатурасын қолдаған басқа адамдар да оның Шығыс Еуропадағы журналистік еңбегіне назар аударды. Ол уақытта Азат Еуропа/ Азаттық радиосы ол Украинада басқа да істерге қатысты деген айыптар туралы хабардар болған жоқ" деді Азаттықтың коммуникация және қоғаммен байланыс бөлімі директорының орынбасары Мартинс Званерс.

"АЗОВ" БАТАЛЬОНЫ

"Азов" батальоны "Украина патриоттары" оңшыл тобының бастамасымен 2014 жылы көктемде құрылған. Олардың эмблемасында нацистердің екі символы – Вольфсангель (қасқыр ілмегі) мен "Қара күн" бейнеленген. Шығыс Украинадағы соғыстың алғашқы күндері Киевтің қару-жарағы да, әскері де көп болды, себебі 6 мыңға жуық соғысқа жарамды солдаты ұрысқа дайын тұрды. Үкімет қолына қару алып, елдің аумақтық тұтастығын қорғағысы келетіндерге көп сұрақ қоймады. Болжам бойынша, 2015 жылдың басында елдің шығысында 30-ға жуық ерікті жасақ соғысқа қатысты.

Әсіреұлтшыл ұйымдармен байланысы өз алдына, Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Ресей қолдауына сүйенетін сепаратистерді де, бұларды да әскери қылмыс жасады деп айыптаған.

Осындай қайшылықтарына қарамастан, украиндардың көбі қарулы күштер шамасы келмей жатқанда, мұндай ерікті түрде құрылған жартылай әскери топтар соғыста ерекше рөл ойнады деп санайды. 2014 жылы Мариуполь қаласын Украина бақылауына қайтаруда "Азов" батальоны ерекше үлес қосты деп саналады.

2014 жылғы қыркүйекте бұл батальон Украина ұлттық гвардиясына қосылды, оның ресми атауы "Азов полкі" болып өзгерді.

ПРОТАСЕВИЧКЕ ҚЫСЫМ

Роман Протасевич Украинада соғысты ма, жоқ па, анық емес, дегенмен Александр Лукашенко осы күмән-күдіктің өзін оған қысым жасаудың қосымша құралы ретінде пайдаланып келеді.

Журналист тұтқындалғаннан бірнеше күн өткен соң Украинаның Луганск облысын бақылауында ұстап отырған сепаратистердің басшысы оны "Донбастағы соғысқа қатысып, жасаған қылмыстары үшін экстрадициялағысы келетінін" мәлімдеді.

Бұл Лукашенкоға да ұнаса керек, ол Протасевичтен жауап алу үшін донбастық "тергеушілерді" Минскіге шақырды әрі олар тағайындайтын жаза Беларусьтікінен әлдеқайда қатаң болуы мүмкін деп ескертті.

Беларусь басшылығы Протасевичтің тұтқындалуын оның Шығыс Украинадағы әрекетімен байланыстыра қойған жоқ, дегенмен елдің мемлекеттік ақпарат құралдары оппозициялық журналисті қауіпті неонацист етіп суреттеуге кірісті дейді Протасевич жақтастары.

26 мамырда Беларусь мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы Иван Тертель журналист Роман Протасевич Украинадағы ұрыстан Беларуське оралғаннан кейін онда жинаған әскери тәжірибесін пайдаланған деді. Бірақ ол сөзіне еш дәлел келтірмеді әрі мұның жай-жапсарын таратып айтпады.

Тони Веселовскидің мақаласы ағылшын тілінен ықшамдап аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG