Accessibility links

Бір күнде коронавирус жұқтырғандар 1253 адамға көбейді, 9 науқас қайтыс болды


Екпе пункті.
Екпе пункті.

17 маусымда Қазақстанда 1174 адамның анализінен коронавирус анықталды. Астанада бір күнде 372 адамның Covid-ке шалдыққаны белгілі болды. Бұл республика бойынша тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Қарағанды облысында – 152, Алматыда 105 науқас анықталған. Қалған қалалар мен облыстарда анықталған науқастар жүзге жетпейді.

2020 жылдың наурыз айынан бері елде 406 383 адамның коронавирус тесті оң шыққан.

16 маусымда тағы 79 адам пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққан. Қазақстан билігі коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандарды бөлек есептеп келеді. Бірақ халықаралық ұйымдардың сайтында екі көрсеткіш біріктірілген. 2020 жылдың 1 тамызынан бері 56 412 адам "пневмониямен" ауырған.

Індет басталғалы бері 4211 адам (16 маусымда 8 адам қайтыс болған) коронавирустан қайтыс болған. Тағы 3421 адамның өліміне коронавирус пневмониясы себеп болды (16 маусымда 1 адам көз жұмған) деп айтылады. Одан бөлек, індет басталғалы бері шамамен 2 мың адам коронавирустың "жанама әсерінен" қайтыс болған. Қазақстанда мұндай адам өлімі көрсеткіші Covid статистикасына енгізілмейді.

Соңғы мәлімет бойынша, елде 2 млн 676 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 1 млн 578 мыңы екі дозасын алған. Азаматтарға ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac және қытайлық Sinopharm және "Sinovac Biotech Ltd" компаниясының CoronaVac (Sinovac) вакцинасы егіліп жатыр.

Өткен тәулікте 46 мың адамға вакцина салынған. Вакциналанған тұрғындардың үлесі бойынша Шымкент қаласы (221 мың адам) алда тұр. Мұнда тұрғындардың 20,1 пайызына екпе егілген. Алматы халқының – 18,3%, Түркістан облысы халқының 14,5 пайызы вакцина алған. Бұл көрсеткіш бойынша Маңғыстау облысы соңғы орында тұр. Мұнда халықтың 6,7% (48,4 мың адам) вакциналаудан өткен.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, індет басталғалы бері әлемде 177 млн 368 мың адамнан коронавирус анықталған. 3 млн 840 мың адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG