Жамбыл облысындағы екпе жасайтын жаңа зауыт қыркүйектен бастап айына QazVac екпесінің миллион дозасын шығарады деп мәлімдеді Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев. Сөзінше, зауыттың құрылыс жұмысы аяқталып қалған, құрылғылардың бәрі жеткізілген.
- Қазір монтаж және орнату жұмыстары аяқталып қалды. Қытай, Италия және Украинадан келген мамандар орнатылған құрылғыларды тексеріп жатыр. Кеше ғана бірінші техникаларды іске қосып көрдік. Бәрі жақсы. Техникаларды тексерген соң технологияны тексереміз. Одан соң сертификат пен лицензия алуымыз керек. Шамамен қыркүйекте зауыт қазақстандық екпені шығарып, құя бастайды, - деді әкім.
Сапарбаев құрылғыларды алуға қанша қаржы кеткенін айта алмады, бірақ тексеруші органдар тарапынан сұрақтар барын жасырмады.
- Объект әлі біткен жоқ, өткізілмеді және қабылдап алмадық. Бірақ шығын бойынша сұрақтар бар дейді. Әрине, тексерсін. Құрылғыны сатып алған мекеме бар, тапсырыс беруші бар, - деді ол.
Тапсырысты Жамбыл облысының әкімдігі берген. Зауыт құрылысына бюджеттен 7 млрд теңге бөлінген еді. Зауытта коронавирус екпесінен бөлек басқа да вакциналар шығару жоспарда бар.
Әкімнің сөзінше, қазір зауытта жұмыс істейтін маман тапшы.
- Ғылыми институт мамандарын график бойынша оқытып жатырмыз. Қытай, Италия, Украинадан келген мамандар қызметкерлерді де оқытып жатыр, - деді Сапарбаев.
Әкімнің сөзінше, зауытқа 60 маман керек.
Билік сәуірден бері зауыт құрылысы жайлы хабар таратпақ болған Азаттық тілшілеріне зауытқа кіруге рұқсат бермей келеді.
Қазір қазақстандық коронавирусқа қарсы QazVac екпесі Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында дайындалып жатыр. Сәуір-мамырда 50 мың доза дайындалған. Маусымда 100 мың, шілде мен тамызда 500 мың доза болуы тиіс.
Сәуірдің басында вице-премьер Ералы Тоғжанов қазақстандық екпе Түркияда "құйылады" деген. Бірақ кейін Қазақстан бұл жоспардан бас тартқан.
Қазақстанда вакциналау науқаны ақпанда бастаған. Әуелі ресейлік "Спутник V" екпесін, кейін осы екпенің Қарағандыда өндірілген нұсқасын салды. Сәуірде QazVac қолданысқа енді. Бұдан бөлек Қытайда әзірленіп, БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax және қытайлық CoronaVac вакцинасын егіп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің 15 маусымдағы ресми мәліметіне сай, елде қазір 2,7 млн адам екпенің бір дозасын; 1,6 млн адам екі дозасын салдырған.
ПІКІРЛЕР