Accessibility links

Ақтөбе облысының әкімі: Аймақтағы мұнайшылардың табысы көрші облыстармен салыстырғанда төмен


"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының Жаңажол кенішіндегі мұнай ұңғымасы.
"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының Жаңажол кенішіндегі мұнай ұңғымасы.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин аймақтағы мұнайшылардың табысы көрші облыстардағы мұнайшылардың табысынан аз екенін растады.

– Біздің облыстағы [наразылықтың] себебі – жалақының аздығы. Біздегі орташа жалақы – 196 мың теңге. Мұнай саласындағы жалақыда үлкен айырмашылық бар. Миллиондаған ақша алатын топ-менеджмент бар, ал қарапайым жұмысшының айлығы 200 мың теңгеге жетпейді. Облысқа әкім болып келгенде (Оразалин 2019 жылы әкім болып тағайындалған – ред.) 120 мың теңгеден төмен жалақы алатын жұмысшылар барын естіп таң қалғанмын. Көп уақытын вахтада өткізіп, жақсы өмір сүре алмаған мұнайшылардың жалақы өсіру талабын түсінемін. Барлық мәселе заңмен шешілу керек. Қазіргі заңға сай, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы мәселелер бейбіт жолмен шешілуі тиіс. Жұмыс берушілер табыс тауып, мәселені тыныш шешеміз десе, жалақыны өсіруі тиіс, - деді Оразалин Азаттық сұрағына жауап бергенде.

Әкімнің сөзінше, "ақтөбеліктердің жалақысы, орташа табысы, өкінішке қарай, [Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан] облысындағы мұнай-газ компанияларындағы айлықтан аз".

Оразалин жақында "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясы мен энергетика министрлігі келісім-шартқа қол қоятынын айтты. Әкім бұған дейін мұнай компаниясы облыстағы мұнайшылардың жалақысын өсіріп, әлеуметтік төлемдерді төлеп, экология нормасын сақтауы тиіс деп министрлікке хат жолдаған.

Биыл қыста Ақтөбе облысындағы мұнайшылар бірнеше рет наразылыққа шыққан. Қаңтардың соңында Көкжидедегі кен орнында "КМК Мұнай" жұмысшылары бір апта бойы наразылыққа шыққан. Олар жалақыны 100 пайызға көтеріп, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етті. 1 ақпанда мұнайшылар наразылықты тоқтатты. Компания жалақыларын 220-260 мың теңгеге дейін өсіруге, наразылыққа шыққандарды қудаламауға, арнайы жатақхана салуға, жұмысқа келуге арнайы автобус шығаруға уәде берген.

Қаңтар соңында Башенкөл кен орнын игеріп жатқан "АМК Мұнай" жұмысшылары да наразылық ұйымдастырды. 3 ақпанда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жаңажол кен орнында наразылыққа шыққан "Биккор" компаниясының қызметкерлері жұмыстан шығарылды.

Наурыз соңында Көкжидедегі "КМК Мұнайдың" жүздеген жұмысшысы басшылық қаңтардағы уәдесін орындамады деп қайта наразылыққа шықты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG