Accessibility links

Орталық Азияда Covid өршіп тұр, Ташкентке кіруге шектеу қойылды


AstraZeneca фирмасының коронавирусқа қарсы шығарған Vaxzevria екпесін салдырып отырған адам. Ташкент, 1 сәуір 2021 жыл.
AstraZeneca фирмасының коронавирусқа қарсы шығарған Vaxzevria екпесін салдырып отырған адам. Ташкент, 1 сәуір 2021 жыл.

Өзбекстан ел астанасы Ташкентке адамдардың сырттан келуін шектеді. Бұған коронавирустың өте жұқпалы дельта нұсқасының тарауы себеп болды. Қазір Орталық Азия елдерінде коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп жатыр.

25 маусымдағы ресми мәлімет бойынша, Өзбекстанда тағы 476 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Бұл биылғы жылғы бір тәуліктегі ең жоғары көрсеткіш әрі өткен айдағы күн сайынғы көрсеткішпен салыстырғанда төрт есе көп.

34 миллионға жуық халқы бар Орталық Азиядағы бұл елде осы кезге дейін барлығы 108 184 адамға коронавирус жұққан, оның 725-і көз жұмған. Бірақ олардың саны ресми есептегіден әлдеқайда көп деген де болжам бар.

Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігі науқас саны артуына байланысты автобустар мен автокөліктердің Ташкентке "қажетсіз кіруіне" 28 маусымнан бастап екі аптаға шектеу қойылатынын мәлімдеген. Алайда кей ерекше жағдайда, мысалы, ел астанасында тұратындар мен Ташкент халықаралық әуежайы арқылы ұшатындарға бұл ереженің күші жүрмейді.

Денсаулық сақтау органдары, сондай-ақ намазхандарға ислам діні парыз санайтын намазды мешітте емес, оның сыртында оқуға, ал 65 жастан асқан және одан да егде адамдарға үйінде оқуға кеңес берді.

Елдегі барлық ойын-сауық орындары таңертегі 8:00-ден 20:00-ге дейін ғана жұмыс істейтін болады және оларға өзіндегі орынның жартысынан аспайтын көлемде ғана кісі қабылдауға рұқсат берілген.

Коронавирустың дельта варианты алғаш рет Үндістанда тіркелген. Кейін өзге елдерге тез таралған індет үкіметтерді жаңа шектеу енгізуге мәжбүр етті.

Сарапшы мамандар қолданыстағы вакциналар коронавирустың дельта нұсқасына қарсы тұра алады деп айтқанымен инфекция жұқтырғандар тіпті халықты жаппай вакцинациялауда жоғары көрсеткішке жеткен елдерде де көбейіп жатыр. Жағдайдың ушығуына қауіпті штамның вакцина алмаған адамдар арасында тез тарауы себеп болып отыр.

Қазір Орталық Азияның бес елінде тұратын – аймақтағы азаматтарға вакцина егу көрсеткішінің төмен болуына байланысты – 70 миллион адамға бұл жұқпалы вирус, әсіресе оның мутацияланған түрлері қатер төндіріп тұр.

Болжам бойынша, Өзбекстанда халықтың шамамен 4 пайызы толық көлемде вакцина алған, ал Қырғызстан мен Тәжікстанда бұл көрсеткіш 1 пайызға да жетпейді.

Ешкіммен араласпай, томаға-тұйық өмір сүретін Түркіменстан басшылығы індет қанат жая бастағаннан бері бірде-бір ауру тіркелмегенін айтып келе жатса да, ел аумағында COVID-19 коронавирусына қарсы эпидемиологиялық шектеулер енгізді. Азат Еуропа - Азаттық радиосының Түркімен қызметі елдегі ауруханаларға түсіп жатқан науқас көбейгені байқалғанын хабарлаған.

Аймақтағы ең бай мемлекет саналатын, қазба энергия қорына ие Қазақстан өз халқының 9 пайызға жуығы вакцина алғанын мәлімдеген.

Қазақстан басшылығы осы аптада коронавирустың дельта нұсқасының ел астанасы Нұр-Сұлтанда таралып жатқанын, инфекция жұқтырғандар саны алдыңғы аптадан 40 пайызға артып кеткенін хабарлап, үкіметке ауруханаларды науқастарды қабылдауға даярлауды тапсырды.

Қазақстандық БАҚ елдің алғашқы президенті, әлі де шектеусіз саяси өкілеттікке ие Нұрсұлтан Назарбаев вакцина егу науқанына серпін беру мақсатында көпшіліктің көзінше өзіне жергілікті зауытта өндірілген Sputnik V вакцинасының алғашқы дозасын алғанын хабарлады. Назарбаев халықты жаппай вакцина алуға шақырды.

Қырғызстан осы айда күн сайын анықталатын науқас саны былтыр байқалмаған жоғары деңгейге жетті деп хабарлады.

Тәжікстан қаңтардың басынан бері алғаш рет осы аптада елде COVID-19 жұқтырғандардың тіркелгенін мойындады. Билік бұған вирус жұқтырып алу қатеріне қалай болса солай қараған адамдар кінәлі деді. Бұған дейін үкімет ел аумағында індеттің тарап отырғанын теріске шығарып келгеніне қарамастан, авторитарлық режим билеген Тәжікстанда инфекция жұқтырғандар көп екені жайлы ақпарат жұрт арасында кең тараған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG