Accessibility links

"Атажұрттың" "үнін өшіру" әрекеті және "Яндексті" ығыстыратын қытайлық Didi


"Атажұрт еріктілері" ұйымдастырған жиындардың бірі. Алматы, 28 қаңтар 2019 жыл.
"Атажұрт еріктілері" ұйымдастырған жиындардың бірі. Алматы, 28 қаңтар 2019 жыл.

Шыңжаңдағы мұсылмандардың құқығын қорғайтын "Атажұрт" ұйымының YouTube арнасын кім жаппақ болып жатыр? Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік стратегиясы қазіргі өзекті мәселелерді шеше ала ма? Қытайлық Didi Қазақстанның жолаушы тасымалы нарығынан ресейлік "Яндексті" ысырып жатыр ма? Шетел баспасөзі бұл аптада осы мәселелерді қозғады.

"АТАЖҰРТТЫҢ" YOUTUBE АРНАСЫНА "ШАБУЫЛ" ЖАСАҒАН КІМ?

Қытайдың Шыңжаң аймағындағы адам құқықтары мәселесін көтеріп жүрген ұйымның YouTube-тегі арнасының жұмысы неге шектелді? Бұл құқық қорғаушылардың үнін өшірудің жаңа әдісі ме? MIT Technology Review осы мәселеге назар аударады.

Басылымның жазуынша, "Атажұрт еріктілері" ұйымының YouTube арнасы бірнеше күн өшіп қалып, видеолардың орнына желінің "қауымдық ережелерін бұзғаны үшін арна жұмысы тоқтатылды" деген ескерту шыққан. Бірнеше күннен соң арна қайтадан ашылғанымен, ондағы 12 ескі видео лентадан түсіп қалған.

Бұл видеоларда Шыңжаңдағы қамау орындарында отырған адамдардың жақындары көрген қиындығы жайлы баяндайды. Видеотаспалардың растығын дәлелдеу үшін кейіпкерлер өзінің және қамауда отырған туыстарының құжаттарын көрсетеді. Ұйым жетекшісі әрі арна қожайыны Серікжан Біләштің айтуынша, олар осы арқылы адал жұмыс істейінін айғақтайды.

"Нағыз Атажұрт еріктілері" белсендіері Серікжан Біләш пен Бекзат Мақсұтханұлы (оң жақта). Алматы, 4 наурыз 2020 жыл.
"Нағыз Атажұрт еріктілері" белсендіері Серікжан Біләш пен Бекзат Мақсұтханұлы (оң жақта). Алматы, 4 наурыз 2020 жыл.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қытай басшылығы аймақта адам құқықтарын өрескел бұзып отыр деп санайды, соған қарамастан Пекин мұны "экстремизммен күрестің бір бөлігі" деп ақтап алғысы келеді. Осындай жағдайда нақты деректердің болуы өте маңызды дейді Біләш. Оның үстіне, "Атажұрт" жариялаған видеоларды халықаралық құқық қорғау ұйымдары пайдаланып, Шыңжаңдағы жағдай бойынша дерек жинайды.

"2018 жылы түсірілді деген бұл видеолар жылдар бойы YouTube-қа ешқандай мәселе тудырмай келген. Бәрі өткен аптада ғана өзгерді" деген басылым бұл видеолардың нақты қай ережені бұзғанын анықтауға тырысқан.

"YouTube-те қысымға қатаң тыйым салынады. Біз адам құқықтары саласындағы істерді құжаттау мақсатындағы жауапты әрекеттерді құптаймыз. Сондай-ақ, бізде арналардың жеке ақпаратты жариялауына жол бермеу саясаты да бар" деді YouTube өкілі MIT Technology Review-ге берген сұхбатында.

"Атажұрттың" кісінің төлқұжат деректерін жариялауы видеоларды өшіруге себеп болса керек.

15 маусымда "Атажұрт" арнасы өшіп қалған соң басылым журналисі YouTube-ке сауалдар жіберген, көп ұзамай видеохостинг өкілі "Видео мазмұнын жан-жақты қарап шыққан соң..." оларды қайта ашып қойғанын, бірақ "видеоларды қайта шығару үшін ондағы жеке бас мәліметтерін алып тастау мақсатында [Атажұрт] ұйымымен қоян-қолтық жұмыс істеп жатқанын" хабарлады.

"Атажұрт" бұл ережелерге бағынудың жолдарын іздеп жатқан, ал 22 маусымда YouTube тағы да әрекет етіп, "Атажұрттың бұрын жарияланған ондаған видеоның "жеке" статусына көшіріп, бұғаттап тастады. Компанияның айтуынша, бұл видеолар қылмыстық я террористік ұйымның қатысуымен жазылған не соларды жақтайды.

"YouTube неліктен қамаудағы мұсылман отбасы мүшелерінің видеоларын зорлықшыл қылмыскерлер немесе террористер деп санайтыны, бұл "Атажұрттың" жеке мәліметтерін дұрыс бөліспегені туралы YouTube-тің бұрынғы мәлімдемелерімен қалайша қабысатыны белгісіз. YouTube өкілі электронды поштамен жіберген жауабында "бұл жағдайда контент әзірлеуші жұмысының мазмұнына байланысты емес, автоматты хабар алмасудың" нәтижесінде видеоларға шек қойылғанын айтқан.

"Нағыз Атажұрт еріктілері" ұйымының Алматыдағы жиыны. 4 наурыз 2020 жыл.
"Нағыз Атажұрт еріктілері" ұйымының Алматыдағы жиыны. 4 наурыз 2020 жыл.

Серікжан Біләштің Қазақстанда қуғын көріп, Түркияға қашқанын, қазір АҚШ-тың Техас штатында пана тапқанын жазған басылым ұйымның YouTube арнасындағы өзгерістерге бұл видеохостинг қызметінің алгоритмдерін алдап соқпақ болған Қытай не Қазақстан үкіметтеріне жақын біреулердің қатысы болуы мүмкін деген болжам жасайды.

YouTube-пен арадағы текетірес басталғанға дейдін "Атажұрт" арнасы "кемсіту және кибербуллинг" жасады деп екі айдың ішінде екі бірдей "страйк" (заңсыз контент жариялағаны үшін ескерту) алған. Ұйымның қарсы шағымдары қабылданбаған. YouTube ережелері бойынша, 90 күн ішінде үш страйк алған арна біржола жабылады.

"Жақтастарының айтуынша, бұл страйктар Біләштің не "Атажұрттың" ереже бұзғанының дәлелі емес, керісінше Қытай және Қазақстан үкіметтерімен байланысы бар ойыншылардың жаппай шағымдану науқанының нәтижесі" деп жазады басылым.

"Атажұрттың" бір өкілі журналиске WhatsApp мессенджерінде тараған қазақ тіліндегі әлдебір видеонұсқаулықты көрсеткен. Онда видеоларды алып тастауға YouTube-ті көндіру үшін оларға жаппай шағымдану жолдары баяндалады. Биыл осындай "шабуылдар" кесірінен "Атажұрттың" Facebook-тегі аккаунттары уақытша жабылып қалған.

"НАЗАРБАЕВ МАҚҰЛДАП, ТОҚАЕВ ҚОЛ ҚОЙҒАН" СТРАТЕГИЯ

Eurasianet Қазақстанның жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясына, оның қабылдану ерекшеліктері мен орындалу жолдарына назар аударады. Автордың жазуынша, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мақұлдауынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған бұл стратегия ел үшін ең өзекті мәселелерге арналады.

Тоқаев тұсында қабылданған алғашқы стратегия түрлі мәселеге, соның ішінде вирустың таралуынан туындаған пандемия, азық-түліктің жетіспеуі және су ресурстарын тиімді пайдалану проблемаларына ден қояды.

"Қазақстан үшін ең қиыны – осы дағдарыстардың көбі тек өзекті ғана емес, олар шамамен бір мезетте келді" деп жазады автор. Оның айтуынша, Қазақстан Covid індетінің алдын алуда біраз жетістікке жеткенімен, соңғы күндері ел астанасы – Нұр-Сұлтанда пандемияның қайта өршігені байқалады.

"Коронавирус шыққалы әлемнің басқа көп елі сияқты Қазақстан да әркелкі шара қолданып жатыр. Мәліметтері күмәнді болғандықтан, коронавирус таралуының салдары әлі де толық зерттелген жоқ" дейді автор.

Нұр-Сұлтан базарындағы көкөніс. 18 маусым 2021 жыл.
Нұр-Сұлтан базарындағы көкөніс. 18 маусым 2021 жыл.

Оның үстіне биыл елде құрғақшылық болып, мал өліп жатқанын, елде соған байланысты ауыр ахуал қалыптасып, азық-түлік қымбаттағанын сөз еткен Eurasianet Қазақстанды біраз жылдан бері азық-түлік тапшылығынан зардап шегіп жатқан Түркіменстанмен салыстырады.

"8 маусымда жергілікті телеарнада жарияланған көріністерден көп жыл бойы азық-түлік тапшылығынан жапа шегіп жатқан Түркіменстанды еске түсіреді: жұрт мемлекет субсидиялаған бағамен картоп сатып алу үшін таң азаннан ұзақ-сонар кезекте тұр. Арзандатылған картоп бір адамға 3 килограмнан ғана беріліп жатыр, бұған көңілі толмай жүргендер көп" деп жазады автор.

Қуаңшылық қинаған шаруа көмекке мұқтаж

"Жылқы топырақ жеп жатыр". Қуаңшылық қинаған шаруа көмекке мұқтаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

"Фермерлер үкімет былтырғы құрғақшылықтың салдарын, өнімнің болмайтынын болжай алмады" дейді автор.

Оның айтуынша, жауапкершілік Тоқаевтың мойнында болғанымен, ұлттық қауіпсіздік бағытын айқындаудағы оның рөлі төмен. "Алдыңғы басшы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президент қызметінен кетті, бірақ ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде жұртқа көрсетпен маңызды рөл ойнап отыр" дейді автор.

"ЯНДЕКС.ТАКСИ" ҚЫСЫМҒА ТӨТЕП БЕРЕ АЛА МА?

Қазақстанда ресейлік "Яндекс.Такси" қызметі жұмысын тоқтатып, есесіне қытайлық Didi Chuxing компаниясы өрісін кеңейтуі мүмкін. Аты белгісіз "өлі" компания аяқ астынан патент заңын бұзды деп, "Яндекс.Таксиді" сотқа берді, осы мезетте Didi Chuxing Қазақстандағы жолаушы тасымалы нарығына енді. Бұл кездейсоқтық па?

"Яндекс.Такси" Қазақстан соты 19 мамыр күні шығарған шешімге апелляциялық шағым беріп жатыр. Сот шешімі бойынша, ресейлік технология алпауыты қазақстандық жекеменшік G-Taxi компаниясының патентін бұзған. Бұл шешімді өзгерте алмайтын болса, "Яндекс.Такси" әрі қарай Қазақстанда жұмыс істеу құқығынан айырылуы мүмкін.

Есесіне, "әлемдегі қолданушыларға арналған ең ірі онлайн көлік платформасы" Didi Chuxing Қазақстанда жұмысын бастайды.

Eurasianet шолушысының дерегі бойынша, "Яндексті" сотқа берген G-Taxi – "өлі" компания, кейінгі жеті жыл ішінде ол 20 доллардан да аз салық төлеген. Сот шешімі бойынша, бұл мекеме "мобильді құрылғыға орнатылған, қолданушы мен жүргізушіге арналған, GPS-трекер көмегіне сүйенетін мобильді қосымша жүйесіне" иелік етеді. Бұған қарсылық білдірген "Яндекс" G-Taxi-дің бұл патенті "кез келген такси қызметінің негізгі функционалдық мүмкіндігін сипаттайтынын" және сапарлауға арналған қосымшаның мұндай патенттен бұрын шыққанын айтты.

Яндекс такси. Көрнекі сурет.
Яндекс такси. Көрнекі сурет.

Eurasianet авторының жазуынша, "Яндекс" жергілікті такси фирмаларымен келісімге келу арқылы бизнесін кеңейткен болса, қытайлық Didi Chuxing-тің "жұмыс стилі" басқа. "Uber"-дің түбіне жеткен" деген лақап аты бар Didi Chuxing әккі әдіспен Силикон алқабының алпауытын Қытайдан ығыстырып шығарған, енді ол дәл сол тәсілмен Қазақстанда бизнесін кеңейтпекші" деп жазады автор.

Компания өкілі мамыр айында 2014-18 жылдар аралығында 50 пайызға өскен Қазақстанның такси нарығына аңсары ауғанын айтқан. Компания халыққа "сапалы, қауіпсіз әрі ыңғайлы қызмет" ұсынуға уәде берген.

2018 жылы екі жолаушы әйелді зорлап, өлтіру оқиғасы болғалы Didi Chuxing қауіпсіздікке миллиондаған доллар ақша салды. Соның ішінде таксиде аудио-видео жазба жазу және әйел клиенттің түн мезгілінде әйел жүргізетін таксиді шақыру мүмкіндігі бар.

Басылымның жазуынша, Didi Chuxing – такси шақыру бойынша әлемдегі ең озық, Қытай нарығындағы ең ірі қосымша. Бұған қоса ол әлемнің оншақты елінде, соның ішінде Ресейде бизнесін кеңейтіп жатыр. Былтыр Қазанда жұмысын бастаған ол біртіндеп Ресейдің басқа қалаларын да жайлап келеді.

"Қазақстанның солтүстіктегі көршісі компанияның келуіне үрейлене қарады, себебі ол қаржылық ықпалын пайдаланып, басқа компанияларды ығыстырып шығара бастауы мүмкін. Бұған қоса, Қытай компанияларының дерек жинауына қатысты үрей бұрыннан бар" деп жазады басылым.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG