Accessibility links

Әблязов, Назарбаева және "Қытай экспансиясы" туралы үрей


Францияда тұратын оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов. Париж, қараша, 2017 жыл.
Францияда тұратын оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов. Париж, қараша, 2017 жыл.

Автократ үкіметтер қарсыластарымен неге Лондонда соттасады? Қазақстан Әблязовқа қарсы сотқа қанша ақша жұмсады? Утилизация алымы Әлия Назарбаеваны байытып жатыр деген рас па? Қазақстандағы "Қытай экспансиясы" туралы әңгіме қаншалық негізді? Бұл аптада шетел басылымдары осы сауалдарға жауап іздеді.

ҚАЛТАЛЫ АВТОКРАТТАР МЕН ОЛАРДЫҢ "КӘРІНЕ ҰШЫРАҒАН МАГНАТТАР"

Ресей, Қазақстан сияқты авторитарлық елдердің "қатыгез саясаты" Англияның құқықтық жүйесіне дендеп енген. Лондондағы адвокаттар мен жеке детективтер "автократ үкіметтер" мен олардың қарсыластары арасындағы текетірестен миллиондаған доллар пайдаға кенеліп жатыр. АҚШ-тың "Нью-Йорк таймс" газеті мен Журналистік зерттеу бюросы тақырыпты тереңдей қазып, осындай қорытынды шығарады.

Мақалада Қазақстан үкіметінде лауазымды қызметтер атқарып, "БТА банкті" басқарған, кейін оппозицияға кетіп, өз елінде түрлі айыптар бойынша ұзақ жыл түрме жазасына сырттай кесілген саясаткер Мұхтар Әблязовтың және Қазақстан президентінің іс басқарушысы болған миллиардер Болат Өтемұратовтың есімдері аталады.

Зерттеу барысында журналистер "жүздеген беттен тұратын құжат пен жазбаны ақтарып, 80-нен аса инсайдер, сарапшы және куәгермен сұхбаттасқан. Соның арқасында "саясаттың яки ақшаның кесірінен [биліктің] кәріне ұшырап, елден қашып кеткендермен құқықтық соғыс жүргізу үшін Лондон соттарын қалай пайдаланғанына" көз жеткізген.

"Екі тарап та көп жанашырлық тудырмайды, бірақ екі жақ сот шығындары үшін қомақты ақша жұмсап жатыр" деп жазады басылым.

Соңғы төрт жылда Англиядағы азаматтық істер саны жөнінен Ресей мен Қазақстан алғашқы орында тұр.

"Автократ үкіметтер" мен "оларға жақын құрылымдардың" кек алу алаңы ретінде Британияны таңдауының бір себебі – "Лондонда шағым түсіру автократ үкіметтердің арыздарына заңдылық мәртебесін береді, өйткені [бұл елдердің] құқықтық жүйелері бүлінгені сондай, шешімдерінің ел шекарасынан тысқары аймақта еш салмағы жоқ" деп жазады авторлар.

Оның үстіне, "жемқор қауіпсіздік қызметтерінен яки беделі жоқ шетелдік құқық жүйелерінен алынған болса да, Англия сотының дәлелдерді зерттеудегі мүмкіндігі көп екені белгілі".

Бір қызығы, Англиядағы жекеменшік тергеу фирмаларының жұмысы реттелмеген, сондықтан олар еркін әрекет етіп, "қалтасы қалың клиенттерінің қамы үшін шектен асқан әдістер қолданады" деп жазады "Нью-Йорк таймс".

Мәселен, журналистердің анықтауы бойынша, қазақстандық экс-банкир Мұхтар Әблязовтың адвокаты Елена Тищенко Мәскеу түрмесінен босап шығу үшін "клиентін сатып кеткен". 2013 жылғы тамызда Мәскеуге ұшып барған бетте ұсталған оған Ресей құқық қорғау органдары "Әблязовтың заңсыз жиған 3,3 миллиард доллар ақшасын заңдастырды" деп айып таққан. Бірақ арада көп өтпестен, Тищенко экономикалық амнистиямен босап шықты. "БТА банк" Тищенкоға байланысты берген талап-арызын қайтарып алған. "Мәскеудің кісі көп түрмесінде ұзақ жылға сотталғалы жатқан" Тищенконы Лондоннан ұшып барып, "керемет ұсыныс" жасаған адвокат Крис Хардман осылайша құтқарып алған. Тищенконың қарсы тарапқа Әблязов туралы қандай мәлімет бергені белгісіз.

"БТА банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың ақшасын жымқыруға қатысты деп айыпталған заңгер Елена Тищенко Мәскеудің Тверь аудандық сотында. 3 қыркүйек, 2013 жыл.
"БТА банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың ақшасын жымқыруға қатысты деп айыпталған заңгер Елена Тищенко Мәскеудің Тверь аудандық сотында. 3 қыркүйек, 2013 жыл.

Журналистердің айтуынша, Лондон соттарының "ең үлкен артықшылығы" - жауапкердің бүкіл әлемдегі активтерін "бұғаттауға" мүмкіндік беретін ордері. Судьялар бұл мүмкіндікті "құқықтық ядролық қару" деп атайды.

"Нью-Йорк таймстың" жазуынша, "Қазақстанның клептократиялық элитасының бұрынғы өкілі" Мұхтар Әблязов пен мемлекеттік банк арасындағы 12 жыл бойы жүріп жатқан "кескілескен ұрысқа" екі жақтан да өте көп адвокат қатысқан.

Хардман бастаған адвокаттар тобы 2009 жылы Әблязов активтерін бұғаттатқызды, кейін бұл ордерге іліккендер тізімі кеңейіп, оның жақындары мен отбасы мүшелерін қосты, 2012 жылы ол активтерін жариялау туралы шешімді орындамағаны үшін 22 ай түрме жазасына кесіліп, ақыры Францияға қашып, сонда саяси басапана алды деп жазады басылым.

Лондондағы бұрынғы совет республикаларының үкіметтеріне немесе олигархтарға қызмет ететін құқықтық фирмалар қомақты гонорар алғанымен, қарсы тараптан ақша өндіруде көп жетістікке жетпеген деп жазады "Нью-Йорк таймс". "2020 жығы қарашадағы мәлімет бойынша, "БТА банк" Әблязов ұрлады деген 6 миллиард доллардан астам ақшаның 45 миллионын ғана қайтарған".

Лондонағы корольдік сот ғимараты
Лондонағы корольдік сот ғимараты

"Банк 2014 жылы әзірлеген ішкі есепте ["БТА банк"] бүкіл әлемде заңгерлер мен басқа да консультанттарға жұмсаған 470 миллион доллардың 89 пайызы Лондонда төленгені айтылған".

Сот процесі одан бері де толастаған жоқ. Былтыр қарашада Лондон соты "БТА банктің" талап етуімен қазақстандық миллиардер, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын тұлғалардың бірі Болат Өтемұратовтың да активтерін бұғаттау туралы шешім шығарған. Британдық заңгер оны "Әблязовтың ақшасын жасырушы" деп атаған. Кейіннен банк Өтемұратовпен келісімге келгенін айтқан басқа бір сот оның активтерін қайта босатты. Қазақстанның экс-президентіне жақын болғаны үшін Өтемұратов "Назарбаевтың әмияны" деп те жиі аталады.

"Бұл Қазақстандағы және басқа да автократиялық елдегі саяси күрес Лондонда аяқталатынының тағы бір дәлелі" деп қорытады "Нью-Йорк таймс".

"ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА, УТИЛИЗАЦИЯ АЛЫМЫ ЖӘНЕ ӘЛИЯ НАЗАРБАЕВА

Қазақстандағы көліктің утилизация алымының пайдасын экс-президент әулетіне жақын компания көріп жатыр ма? Жасыл экономика саясатынан Назарбаевтар пайда тауып отырғаны рас па? Eurasianet Қазақстанда біраздан бері көтеріліп жүрген осы мәселені тереңдетіп зерттеген.

Автор Крис Риклтонның жазуынша, Қазақстан "жасыл экономикалы" елге айналуға ниет етіп жатқан тұста сол кездегі президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваның экология тақырыбына ынтызары ауған. Кейіннен ол экономикалық табысты экологиялық тепе-теңдіктен жоғары қоюдың қаупі туралы деректі фильм де шығарған.

"Жасыл бастамаларға араласуы оған табыс әкеле бастағандай. Мұның зардабын қарапайым автокөлік иелері тартып келеді. Назарбаевамен байланысы бар монополист компания жинайтын утилизация алымы [көлік] бағасын бұрынғы совет одағындағы ең жоғары деңгейге шығарды" деп жазады автор.

Әлия Назарбаева
Әлия Назарбаева

Жекеменшік компанияға төленетін утилизация алымының көлемі 1 мыңнан 9 мың долларға дейін жетеді. "Бұл – орташа айлық жалақы 520 доллар болатын ел үшін өте ауқымды сома әрі ол Еуропадағыдан ондаған есе көп" деп жазады автор.

Алым жинайтын "Оператор РОП" компаниясы 2015 жылы "аяқ астынан пайда болған". Ресми құжаттар бойынша, оның қожайындары – Шынар Мұқтарова есімді әйел мен Eco Waste Solutions компаниясы. Бұл компания да Шынар Мұқтарова есімді "жұмбақ әйелге" тіркелген, ал оның заңды мекенжайы Назарбаеваның алғашқы жобаларының бірі – Luxor СПА-орталығы орналасқан ғимаратта.

Автордың айтуынша, "Оператор РОП" пен Назарбаева арасындағы нақты байланысты табу қиын, дегенмен "сенім тудырарлық қосымша айғақтар бар". Мәселен Қазақстанда транспорт құралдарын қайта өңдеуге лицензия алған екі компанияның бірі Autorecycling-ның бір иесі – Green Future Management-тің құрылтай құжаттарында оның есімі бар.

Autorecycling көлікті бөлшектеп, ондағы улы заттарды алып, өңдеуге дайындайды. "Оператор РОР" бұл үшін оған әр көлік үшін 44 доллар төлейді.

Көлікті бөлшектеудегі көп жұмысты атқаратын келесі компания – RecyclingCompany-дың да Әлия Назарбаеваға қатысы болуы мүмкін деп жазады Eurasianet. Оның да қожайыны – ешкімге белгісіз Меруерт Махади есімді әйел. "Дегенмен оның да Назарбаевамен іскерлік байланысы бар. Мемлекеттік реестрде Махади мен Назарбаева соңғы бақылаушысы саналатын Kazrecycleservice, Clean City NC және екеуі қос қожайыны саналатын "Эко Полигон Астаны" компаниялары тұр".

Басылым дерегі бойынша, 2018 жылдан бері қалдықтарды жоюмен айналысатын бұл компания мемлекетпен арадағы келісімшарттардан 2 миллион доллардай пайда тапқан және Нұр-Сұлтанның қалдықтарды жою мекемесі олардың қызметін жиі пайдаланады.

Назарбаева басқаратын Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы Eurasianet-тің осы жайтқа қатысты сауалдарына жауап бермеген. "Бірақ ол билікке жақындығынан пайда көріп отыр деген сөз Қазақстанда таңсық жайт емес. Отыз жыл бойы энергия көздеріне бай елді басқарып, 2019 жылы отставкаға кеткен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың балалары үлкен мемлекеттік қызметтер атқарады әрі өте ауқатты саналады" деп жазады басылым.

"Қазақстанда утилизация алымы күрт өсті, соның кесірінен түтіні бұрқыраған арзанқол көлікке сұраныс артты" деген басылым "Оператор РОП" компаниясының қазір ауылшаруашылық техникасы үшін де алым алып отырғанын, бұған фермерлердің наразы екенін айтады.

Артында Назарбаеваның тұруы әлеуметтік мәселені ашық айтып, қоғамдық талқыға шығаруға да кедергі дейді автор. Мәселен Facebook желісіндегі "Нет утильсбору" тобы Назарбаева туралы пост жазуға тыйым салады. Оның администраторлары "мәселеге қатысты дискуссиядан алыстап, саясатқа кетіп қалмау үшін осылай істеп отырмыз" деген.

"ҚЫТАЙ ЭКСПАНСИЯСЫ" ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ САЯСАТТЫҢ ҚҰРАЛЫ МА?

"Қытай экспансиясы", Қытаймен бірлесіп 55 зауыт салу жобасы және бұл елге қарыздың артуы туралы әңгіменің негізі жоқ, мұны оппозициялық күштер құрал ретінде пайдаланып жүр, бірақ бұл қарсылықтың өзі халықтың билікке деген көңіл-күйін білдіреді. Қазақстандағы синофобияның құралға айналуы, оның себептері талданған GlobalVoices жобасындағы мақалада осындай тұжырым жасалады.

"Артында демографиялық экспансия тұр". Алматыда Қытайдың "56 зауытына" қарсы митинг өтті
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:11 0:00

Автордың айтуынша, Қазақстанда Қытайға деген қарсылық ондаған жыл бойы жинақталған, бірақ ол "нақты айғаққа емес, конспирологиялық ойларға негізделген". 2013 жылы жарияланған "Бір белдеу – бір жол" инфрақұрылымды дамыту жобасы бұл қарсылықты тіпті күшейте түскен.

Алайда, "Қазақстан қоғамының бір бөлігі Қытай өзіне экономикалық тұрғыда кіріптар қылып қана қоймай, оның аумақтық тұтастығына қол салуы мүмкін деп үрейленеді".

Автордың айтуынша, соңғы бес жылда "Қытай экспансиясы" тақырыбын оппозиция да, саяси белсенділер де жиі көтере бастады. Шыңжаң қазақтарының қудалануы бұл наразылықты одан сайын өршіте түсті.

"Патриоттық рухты оятып, сезіміңді қоздырғанымен, наразылар айтып жүрген трендтер мен сандардың көбі шындықты бұрмалауға көбірек келеді" дейді автор.

Мәселен, Қазақстанның Қытайға қарызы экономика үшін "өте қауіпті" деңгейге жете қоймаған. 2020 жылы Қазақстан қарыздар елдер арасында Қытай бесінші орынға түсті, 2013 жылы ол үшінші орында болған. "Жалпы алғанда, Қазақстанның Қытай алдындағы қарызы 10 миллиард доллардан 6,4 миллиардқа азайды".

Қазақстанда Қытайдың 55 зауыты ашылады деген дипломаттар арасындағы келісімнің де жүзеге асқан түрі байқалмайды дейді автор. Қытай орталығының директоры, саясаттанушы Әділ Кәукеновтың айтуынша, "бизнес алмасулар арқасында 55 өнім линиясын ашуды көздеген" жұмыс орындарын көбірек ашып, салық түсімдерін арттыруға бағытталған жоба жүзеге аспаған. "Қазір ашылады деген 55 мекеменің бірнешеуі ғана іске қосылған" дейді сарапшы.

2016 жылғы "жер реформасына" қарсы наразылықтың басында болған белсенді Макс Боқаевтың айтуынша, "Қытай мәселесі" – үкіметке деген наразылықтың катализаторы ғана. Сол жолғы бұлқыныстың басты себебі Қытай емес, "экономикалық проблемалар, демократиялық институттардың жоқтығы және жаппай жемқорлық" дейді Боқаев.

"Оның ойынша, шетелдік бизнеске жағдай жасаған экономикалық және құқықтық орта ауыл шаруашалығында жыртқыш сияқты жұмыс істеуге мүмкіндік береді" деп жазады GlobalVoices.

Мәскеудегі Карнеги орталығының сарапшысы Темір Омаровтың айтуынша, Қазақстанда Қытайға қарсы наразылықтың қоғамды жұмылдыратын әлеуеті бар. "Соңғы митингілер дәлелдегеніндей, ішкі саяси күресте синофобиялық көңіл-күйді түрлі күштер пайдалануы мүмкін".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG