Accessibility links

Ақорда: Тоқаев Лукашенкомен сөйлесті


Александр Лукашенко (сол жақта) мен Қасым-Жомарт Тоқаев. Ереван, Армения, 1 қазан 2019 жыл.
Александр Лукашенко (сол жақта) мен Қасым-Жомарт Тоқаев. Ереван, Армения, 1 қазан 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусьтің де-факто басшысы Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті. 26 маусымда Ақорданың баспасөз қызметі телефон әңгімесі Лукашенконың бастамасы бойынша өткенін хабарлады.

Ресми ақпаратта әңгіме барысында екі тарап Қазақстан мен Беларусь арасындағы көпжақты ынтымақтастық, стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың ( екі ел Еуразия экономика одағына мүше – ред.) қазіргі жағдайы және оны нығайтудың перспективаларын талқылағаны айтылған.

"Тараптар өзара сауда-саттық көлемін арттыруға, мәшине жасау, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мән бере отырып, сауда-экономикалық ықпалдастық пен өндірістік кооперацияны жан-жақты жандандыруға ерекше назар аударды" деп хабарлады баспасөз қызметі. Бұған қоса екі жақ өңірдегі эпидемиологиялық ахуал, халықты жаппай вакциналау үшін қабылданып жатқан шаралар жайлы да сөйлескен.

Қазақстан және Беларусьпен бірге Еуразия экономика одағына Ресей, Армения, Қырғызстан да мүше. Қазақстандағы сарапшылар елге бұл одақ құрамында болудың экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін жиі айтады.

  • Александр Лукашенконы былтыр тамызда өткен президент сайлауының жеңімпазы деп жариялаған сайлаудың ресми қорытындысымен келіспей жаппай бейбіт наразылық акциясына шыққан азаматтарды билік басып-жаншып, наразыларға қатыгездік танытқаннан кейін Батыс елдері Лукашенконы Беларусь президенті деп танудан бас тартқан.
  • Қазақстан президенті Тоқаев Лукашенконы президент сайлауында жеңіске жетуімен құттықтаған.
  • Биыл 23 мамырда Беларусь билігі Грекиядан Литваға ұшып бара жатқан Ryanair ұшағын мәжбүрлі түрде Минскіге қондырған. Минск "ұшақта бомба бар" деген, бірақ борттан жарылғыш зат табылмаған. Есесіне Беларусь полициясы ұшақта болған оппозициялық блогер Роман Протасевич пен оның жүрген қызын ұстап, қамауға алған. Осыдан кейін Еуропа одағы Беларусьпен әуе қатынасын үзіп, оның аумағы арқылы ұшпайтын болды.
  • Осы аптаның басында Батыс елдері Протасевичті ұстағанына жауап ретінде Беларусь режимінің айналасындағы шенеуніктер мен авторитар Александр Лукашенконың отбасы мүшелеріне санкция салуға келісті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG