Беларусь ұшақтарының Еуроодақ аспанымен ұшуына тыйым салатын ереже күшіне енді
Беларусь әуе компаниялары ұшақтарының ЕО әуе кеңістігін пайдаланып, одақ әуежайларына қонуына тыйым салатын ереже күшіне енді. Бұл жөнінде Азаттықтың Белорус қызметі хабарлады.
Өткен айда Минск Еуроодақ елдері арасында ұшып бара жатқан бортында диссидент журналист бар ұшақты бұрып әкеп, күштеп қондырған соң, одақ басшылығы 4 маусымда осындай ереже қабылдау керек деген ұйғарымға келген.
Одақтың мәлімдемесінде оған мүше 27 мемлекет «Беларусь әуе тасымалдаушылары басқаратын кез келген ұшақтың қонуына, ұшуына және әуе кеңістігін пайдалануына жол бермеуі тиіс» делінген.
Еуроодаққа мүше елдер үкіметтері осы ортақ ережеге бағынуы тиіс. Ұйымның кей мүшелері мұндай ережені өз елінде әлдеқашан енгізіп қойған.
Беларусьтің мемлекеттік әуе тасымалдаушысы Belavia 4 маусымда Мәскеудің «Шереметьево» әуежайына рейс ұшыруға рұқсат алғанын және 10 маусымнан бастап бұл бағытқа аптасына бес рет ұшақ қатынайтынын хабарлады.
Мұның үстіне бұл әуе компаниясы Түркия мен Грузияға ұшатын рейстерін жиілетпек. 12 маусымнан бастап Belavia Минскіден Стамбұлға аптасына он рейстің орнына күніне 2 рейс, ал Қара теңіздегі Батуми қаласына аптасына жеті рейстің орнына 14 рейс жөнелтпек. Бұған қоса, Минскіден Тбилисиге қатынайтын ұшақ саны да артады.
Еуроодақ тыйым салғанға дейін Belavia Еуропадағы 20 әуежайға рейс ұшырып келген.
23 мамырда Ирландияның Ryanair әуе компаниясына тиесілі жолаушы ұшағы Грекия астанасы Афиныдан Литва астанасы Вильнюсқа ұшып бара жатқан ұшақ бортында жарылғыш зат бар деген күдікпен Минск әуежайына бұрылып, сонда қонған. Кейін бұл операцияны ұйымдастыруға Беларусьтің автократ басшысы Александр Лукашенконың пәрмен бергені, ұшақтың діттеген жеріне жетуге аз қалғанда кері бұрылғаны, бұл үшін Беларусь әуеге әскери ұшақ ұшырғаны анықталды. Бұл оқиғаны сынға алғандардың кейбірі Минскінің бұл әрекетін «қарақшылық» деп атады.
Ұшақ бортынан жарылғыш зат табылған жоқ, есесіне жолаушылар арасында болған Nexta оппозициялық телеграм арнасы негізін қалаушылардың бірі Роман Протасевич пен оның жүретін қызы София Сапега тұтқындалды.
Өткен аптада Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінде Александр Лукашенко Еуропа елдерінің оқиғаға реакциясын «эмоцияның көрінісі» деп атады және бұл жайтқа қатысты «құжаттарды» Путинге көрсететінін мәлімдеді.
Беларусьті 1994 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан Александр Лукашенко былтыр тамызда алтыншы мәрте президент сайлауына түсіп, онда жеңіске жеткенін хабарлаған. Беларусь оппозициясы да, халықаралық ұйымдар да сайлаудың әділ, таза өткеніне күмән келтіріп, халықаралық демократия стандарттарымен қайта сайлау өткізуге шақырған. Мұның соңы халықтың жаппай наразылығына ұласып, қауіпсіздік күштері жүздеген мың адам қатысқан наразылықты күшпен таратып келеді.
Еуроодақ мүшелері Еуропа кеңесін Беларусьтегі кей адамдар мен мекемелеге және елдің өзіне нысаналы түрде санкция салуға үндеді.
Сондай-ақ, ұйым Еуроодақтың әуе компанияларына Беларусь аспанымен ұшпауға кеңес берді.
- Еуроодақ елдері Протасевичтің ұсталуына байланысты Минскіге жаңа санкция салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Беларусьтің мемлекеттік телеарнасы бейсенбі күні Протасевичпен бір жарым сағаттық сұхбат жариялады. Видеода оппозициялық журналист "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғанын" мойындап, оппозицияның бірқатар өкілдерін сынайды. Лукашенко қарсыластары видео қысыммен түсірілген деп санайды.
ПІКІРЛЕР