Accessibility links

Шыңжаң мәселесін көтергені үшін Украинаға қысым көрсетті деп айыпталған Қытай мәлімдеме жасады


Коронавирус вакцинасын салдырып жатқан украиналық. Киев, 20 сәуір 2021 жыл.
Коронавирус вакцинасын салдырып жатқан украиналық. Киев, 20 сәуір 2021 жыл.

26 маусым күні Қытай Украинаға қысым көрсетті деген айып жөнінде мәлімдеме жасады. Соның алдында Пекин Шыңжаңдағы жағдайды терең зерттеу туралы үндеуге қосылмақ болған Украинаға коронавирустың жаңа түріне қарсы вакцина беруді доғаратынын айтып ескерту жасады деп айыпталған.

22 маусымда Украина әлемнің қырықтан астам мемлекетімен бірге Қытайды Шыңжаң аймағына тәуелсіз бақылаушыларды дереу кіргізуге үндеген болатын. Бұған дейін ондаған құқық қорғаушы ұйымдар Пекинді Шыңжаңда аз ұлттар мен діни азшылықтардың құқығын жаппай өрескел бұзып, қатыгездік танытып отыр деп айыптаған. Қытай билігі ондай айыптауларды жоққ шығарып келеді.

Арада екі күн өткенде Украина Қытай билігіне үндеуге қол қойғандардың арасынан табылмай қалды деп хабарлады Associated Press пен германиялық Deutsche Welle. Батыстың екі елінің дипломаттары Associated Press агенттігіне Қытай билігі алдын ала жоспар бойынша Украинаға бермекші болған коронавирусқа қарсы вакцинаның 500 мың дозасын бермей қоямыз деп сес көрсеткеннен кейін Киевтің әуелгі сөзінен айнып қалғанын айтқан.

Украина сыртқы істер министрлігінен Киевтің Шыңжаң туралы үндеуге қосылудан айнып қалғаны рас-өтірік екенін білу мүмкін болмады деді Азаттықтың Украин қызметі 26 маусымда.

Бірақ Украина парламентінің Сыртқы саясат және парламентаралық әріптестік комитетін басқаратын Александр Мережко AP жаңалығын "бейресми ақпарат" деп атап, мәлімдеме жасаған дипломаттардың кім екенін сұрады.

"Комитетке келсек, біз [мәлімдемені растайтын] ақпарат алмадық" деді Мережко.

"Қытайдың өзге елдерге арналған вакциналары мен эпидемияға қарсы өзге де материалдары ол елдерден қандай да бір олжаға кенелу көзделіп отырғанын білдірмейді, ол жерде ешқандай геосаяси мақсат не саяси шарт жоқ" деп Қытай сыртқы істер министрлігінің сөзін келтірді AP 26 маусым күні.

Мамырдың басында Украина Қытайдың Sinovac компаниясы өндірген CoronaVac екпесінің 1,2 миллион дозасын алған. Бұл туралы Украинаның сол кездегі денсаулық сақтау министрі Максим Степанов айтқан. Киев оның алдында Қытайға 1,9 миллион дозаға тапсырыс берген.

Өткен айда Степанов коронавирус вакцинасын қажет мөлшерде алдыра алмады деп жұмыстан шығарылды да, оның орнынан денсаулық вице-министрі болған Виктор Ляшко тағайындалды.

Украина – коронавирус пандемиясынан ең қатты зардап шеккен елдердің бірі. Бірақ 41 миллион халқы бар елде Covid екпесінің бар-жоғы 2,4 миллион дозасы салынған.

  • Халықаралық ұйымдар мен зерттеушілер Қытай билігі Шыңжаңдағы мұсылмандарды лагерьге я түрмеге қамап; күштеп жер аударып; еркінен тыс жұмысқа жегіп; балаларынан айырып; әйелдерге аборт жасатып; лагерьде зорлық-зомбылық көрсетті дейді.
  • АҚШ, Канада, Ұлыбритания Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін геноцид деп атаған.
  • Ресми Пекин бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарып, Шыңжаңдағы әрекетін "ішкі саясатымыз" дейді. Қытай Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" деп атайды, ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" дейді.
  • Пекин мемлекеттік басылымдары арқылы Шыңжаңдағы жұрт "бақытты өмір сүріп жатқанын", "діни еркіндік берілгенін" жиі көрсетіп, насихаттауға тырысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG