Accessibility links

Қазақстан Covid індетінің тарауы бойынша "қызыл аймаққа" өтті


Коронавирус екпесін салдырып жатқан әйел. Алматы, 23 маусым 2021 жыл.
Коронавирус екпесін салдырып жатқан әйел. Алматы, 23 маусым 2021 жыл.

Қазақстан елдегі эпидемиялық ахуал матрицасында "сары аймақтан" "қызыл аймаққа" өтті. Бұл туралы Covid індетінің тарауына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия хабарлады.

Республика 22 маусымнан бері "сары аймақта", ал оған дейін "жасыл аймақта" болған. Осы аптада Нұр-Сұлтан мен Алматыда "дельта" варианты (үнді штамы) анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырғандар қатарының артуына осы "дельта" варианты себеп болуы мүмкін дейді.

27 маусымдағы дерек бойынша, "қызыл аймақта" Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары тұр. "Сары" аймаққа Шымкент қаласы, Қостанай және Маңғыстау облыстары кірсе, "жасыл аймаққа" Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары жайғасқан.

26 маусым күні елде коронавируспен 1672 науқас тіркелген. Алдыңғы күні Covid инфекциясы 1730 адамнан табылған.

Індет басталғалы елде барлығы 418 114 адамның коронавирус жұқтырғаны расталған. Оның 4306-сы қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырған, бірақ "өзге аурудан қайтыс болды" деген екі мыңға жуық адам кірмеген.

Елде 2020 жылғы 1 тамыздан бері коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебі жүргізіліп келеді. 2021 жылғы 25 маусымға дейін пневмонияның бұл түрімен 56 925 адам тіркелген, оның 3442-сі көз жұмған. Билік бұл деректі коронавирустың негізгі статистикасына қоспай отыр.

Қазақстан коронавирусқа қарсы вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған. Осы күнге дейін елде вакцинаның кемі бір дозасын алғандар 3 миллион 130 мың 95 адамға жетті. Оның 1 миллион 891 мыңы екпенің екінші компонентін де алып үлгерген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG