Accessibility links

Ресейде коронавирустың жаңа штамы кесірінен өлім 14 пайызға көбейген


Коронавирус жұқтырған науқастар жатқан аурухананың алдында кезекте тұрған медициналық жедел жәрдем көліктері. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұқтырған науқастар жатқан аурухананың алдында кезекте тұрған медициналық жедел жәрдем көліктері. Көрнекі сурет.

Ресейде биыл маусым айында жалпы өлім көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 14 пайызға жуық көбейген. Бұл туралы Ресей премьер-министрінің орынбасары Татьяна Голикова хабарлады. Ол өлім көрсеткішінің күрт өсуін елде коронавирустың "дельта" деп аталатын жаңа штамының таралуымен байланыстырған.

Өлім көрсеткішінің толық мәліметі келтірілмеген. Ал былтыр маусымда 163 мыңға жуық адам бақилық болғанын ескерсек, биыл шамамен 185 мыңнан астам адам қайтыс болған деген қорытынды жасауға болады.

Биыл маусым айының аяғынан бері Ресейде күн сайын 20-25 мың адамның анализ қорытындысынан коронавирус анықталып жүр. Ал кейінгі кезде Covid-19 кесірінен бір күн ішінде тіркелетін өлім саны 700-ден асып, рекордтық деңгейге жетті. Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собянин Ресей астанасында коронавируспен ауырғандардың 90 пайызына "дельта" штамы жұққаны анықталғанын айтқан.

Ресейде індеттің үшінші толқыны қарқын алып жатқан кезде елдің ондаған аймағында халыққа вакцина алуды міндеттейтін ереже енгізіліп жатыр. Сауалнама қорытындысына сүйенсек, вакцина алуға ықылас білдірген Ресей азаматтарының саны 30 пайыздан аспайды. Жұрттың көбі вакцинация процесіне, үкімет пен отандық вакцинаға сенбейді. Қазірге дейін Ресейде коронавирусқа қарсы вакцинаның бір дозасын алғандар саны халықтың он пайызынан сәл ғана асады.

Осы жағдайды өз мақсатына пайдаланып қалуға тырысқан алаяқтар да жоқ емес: Ресей "қара базарында" вакцина салмай-ақ "екпе алғаны" туралы жалған сертификат пен QR код сатып алуды ұсынған хабарландыруды оңай табуға болады.

"Дельта", сонымен бірге "үнді штамы" деген атауға ие болған коронавирустың өзгерген түрі ең алғаш рет Қытайдың Ухань қаласында анықталған вирустан да жұқпалы. Оны жұқтырғандар арасында дерті ауырлайтындар жиі кездеседі. Тіпті бұған дейін коронавируспен ауырып, иммунитеті қалыптасқандарға да қайта жұғады. Мамандар егер әлемде коронавирусқа қарсы вакцина салуды тездетпесе, бұл штамнан да қауіпті басқа түрлері пайда болуы бек мүмкін деп ескертеді.

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, қазірге дейін әлемде 186 миллионға жуық адамға коронавирус жұғып, төрт миллионнан астамы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG