Accessibility links

Литва Беларусьпен шекарасына заңсыз мигранттарға қарсы тосқауыл орната бастады


Беларусь арқылы Литва аумағына заңсыз өтпек болып тұтылған иммигранттар. 1 маусым 2021 жыл.
Беларусь арқылы Литва аумағына заңсыз өтпек болып тұтылған иммигранттар. 1 маусым 2021 жыл.

Литва Беларусьпен шекарасында мигранттардың ел аумағына заңсыз өтуіне бөгет болар тосқауыл қорғандар салып жатқанын мәлімдеді. Вильнюс Минскіні Еуропа Одағының (ЕО) санкцияларына жауап ретінде бұл мигрант ағынын әдейі ұйымдастырып отыр дейді.

Литва Мемлекеттік шекара күзеті қызметінің өкілі Гедрус Мишутистің айтуынша, әскерилер 9 шілдеде шекара бойымен тікенек сымды қорған орнатуды бастаған, оның бір бөлігі ну орманды алқаптар арқылы өтеді. Бұл іс-шара мигранттар ағымына бақылауды күшейту үшін қолға алынып отыр. Кейінгі апталарда жүздеген мигрант тасқын су тәрізді аяқ астынан ағыла бастаған.

Беларусь Еуропа одағының бір елінен екіншісіне ұшып бара жатқан Ryanair әуе компаниясының жолаушы ұшағын Минскіге қонуға мәжбүрлеп, онда отырған оппозициялық блогер Роман Протасевич пен оның ресейлік құрбысын қамауға алғаннан кейін, Еуроодақ Беларусь басшылығына санкция салды. Вильнюс Минскіні Еуропа одағының осы шарасына жауап ретінде мигранттардың Литваға қарай ағылуына көз жұма қарап отыр деп айыптайды.

Шенеуніктердің сөзінше, кейінгі екі айда Литва аумағына 1500-нан астам адам өткен. Бұл былтырғы бүкіл жыл бойғы тиісті көрсеткішпен салыстырғанда 20 есе көп. Литва Беларусь авторитар билеушісі Александр Лукашенконы ең қатты сынайтын елдердің бірі саналады. Былтыр тамызда Беларусьте өткен даулы президенттік сайлаудан кейін Вильнюс Еуропа одағын Лукашенко режиміне қарсы қатаң шаралар қолдануға үндеп келеді. Лукашенко осы аптаның басында Беларусь «өз шекарасын жауып алып, Ауғанстан, Иран, Ирак, Сирия, Ливия және Тунистен қашқандардың лагеріне айналмайды» деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG