Accessibility links

ҚАЖД "Елшібаев өзін жарақаттады" деген ақпаратқа түсініктеме берді


Қазақстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.

Қызылорда облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті "саяси тұтқын" Ержан Елшібаев жөнінде тараған ақпаратқа түсініктеме берді. Бұған дейін түрмедегі белсенді қарсылық ретінде қарнын тіліп, түнде операция жасалды деген ақпарат шыққан еді.

ҚАЖД 16 шілде күнгі хабарламасында "Елшібаев өз қарнын тілді" деген ақпаратты растамаған. Департамент сотталушы "1 шілдеде сол білегін жарақаттады" деген бұған дейін шыққан ресми ақпаратты қайталап, бірақ оның 15 шілдеде жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілгенін растайды.

"1-15 шілде аралығында аталған сотталушы сол қолының білек тұсына кафел сынығымен жарақат салып, медицина мекемелері оны қарады. Жағдайын "жақсы" деп бағалады. Сонымен қатар 15 шілдеде жедел жәрдем бригадасы шақыртылып, ол Қызылорда облысының облыстық медициналық орталығына жеткізіліп, дәрігерлермен қаралып, алғашқы медициналық көмек ретінде жара орны өнделіп, тігіс салынды" делінген.

ҚАЖД белсендінің жағдайын "орташа, стационарлық емді қажет етпейді" деп сипаттайды.

"Мекеменің медицина бөлімі қызметкерлерінің бақылауына алынған. Аталған дерек ақпараттарды есепке алу кітабына тіркелген, қазіргі таңда қызметтік тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр" делінген хабарламада. Ресми орган бұл жолғы хабарламада да Елшібаевтың жаза өтеу мерзімі кезінде 6 рет жазалауға ұшырағанын атап өтіп, мінез-құлқын "теріс" деп бағалаған.

16 шілдеде Азаттық тілшісі Қызылордадағы Ержан Елшібаев отырған ЗК-169/5 мекемесіне барып көрген еді. Жұма күні ол жаққа белсенділер жиналады деген ақпарат шыққан. Бірақ таңертеңгі сағат 11 шамасында түрме маңында ешкім болмады. Мекеменің басшысы Тасболат Қалымбетов Азаттық тілшісіне "бүгін сағат 15:00 шамасында үкіметтік емес ұйым өкілдері Елшібаевқа кіріп шығады. Содан кейін олардан ақпарат алсаңыздар болады" деп қысқа қайырды.

Бұған дейін қызылордалық белсенділер өздерінің жеке ақпарат көзіне сүйене отырып, Елшібаев "құзырлы органдардың қитұрқы әрекетіне қарсылық ретінде" өзіне қол жұмсады деп айтқан. 15 шілдеде оның ерте босап шығу туралы өтініші қаралуы тиіс болған, бірақ соттың өткені-өтпегені белгісіз. Кей ақпаратқа қарағанда, түрме әкімшілігі Елшібаевты "бурбарак" деп аталатын тәртібі қатаң баракқа қамаған.

Бір апта бұрын да Елшібаев тәуелсіз басылымдарды беруден бас тартқан түрме әкімшілігінің әрекетіне қарсылық ретінде қолын тіккен еді. Сол кезде Қызылорда облысының ҚАЖД әуелі ақпаратты терістеп, артынша растаған.

Видео: Түрмедегі жаңаөзендік белсенді Елшібаев өзін жарақаттаған. Неге? (9 шілде 2021 жыл).

Түрмедегі жаңаөзендік белсенді Елшібаев өзін жарақаттаған. Неге?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:11 0:00

Ержан Елшібаев – Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесін көтерген белсенді. 2019 жылы қазан айында Жаңаөзен соты оны 5 жылға бас бостандығынан айырған.

Елшібаевтың өзі және құқық қорғаушылар, жақтастары істің саяси астары бар деп санайды. Елшібаевтың ісін сараптаған құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп атаған.

Биыл маусым айында БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігі Ержан Елшібаевты түрмеге заңсыз қамады деген қорытынды жасап, оны дереу босатуға шақырған еді. Бірақ биліктен бұған реакция болмады.

(Бұл жаңалықты әзірлеуге Оңғар Саймосаев та қатысты).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG