Accessibility links

"Тәуелсіз бақылаушылар": Әкімдік хаттамалардан "қателік кеткенін" мойындады


Сайлау учаскелерінің бірі. Көрнекі сурет.
Сайлау учаскелерінің бірі. Көрнекі сурет.

Ауыл әкімін сайлау кезінде Алматы облысындағы бес ауылдық округті 100 пайыз бақылаған "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымы алғашқы хаттама мен ресми хаттама арасында үлкен айырмашылық барын анықтап, жергілікті әкімдіктен сайлау нәтижесін бұрмаламауды талап еткен еді. 2 тамызда ұйым жетекшісі Арайлым Назарова Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі хаттамадан "қателік кеткенін" мойындап, оны өзгертетін болды деп хабарлады.

– Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі оны "техникалық ақаумен" байланыстырып отыр. Олар ертең ақпарат құралдарына сайлаудың алғашқы ресми нәтижесін терістеп, хабарлама береді. Соны күтіп отырмыз, – деді "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Арайлым Назарова Азаттық тілшісіне.

Азаттық тілшісі 2 тамызда кешке қарай Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігіне хабарласып көрген еді. Өзін әкімдік қызметкері таныстырған адам тәуелсіз бақылаушылар мен әкімдік арасында кездесу болғанын растады.

"Олармен аудан әкімінің бірінші орынбасары кездесті. Бірақ мен оған қатысқан жоқпын, нәтижесін айта алмаймын" деді. Ал аудан әкімінің орынбасары телефон тұтқасын көтермеді.

25 шілде күнгі ауыл әкімін сайлау кезінде "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы бес ауылдық округ: Бәйтерек, Ташкенсаз, Бәйдібек би, Ақши және Қазақстан ауылдық округтерін 100 пайыз бақылаған болатын. Дауыс беру аяқталған соң қолдарына мөр басылған алғашқы хаттаманы да алған. Алайда бірнеше күннен кейін сайлаудың ресми нәтижесі жарияланған кезде бақылаушылар алғашқы хаттама мен ресми хаттама арасында үлкен айырмашылықты байқаған.

Бақылаушылардың сөзіне қарағанда, мысалы Бәйдібек би ауылдық округында 1411 адам сайлауға келсе, ресми хаттамада 5171 адам сайлауға келді деп жазылған. Кей кандидатқа 2500 дауыс "қосылған". Өзге ауылдарда кейбір кандидаттардың дауысы "азайтылып", кейбірінікі керісінше "көбейтілген".

Өткен апта соңында тәуелсіз бақылаушылар Еңбекшіқазақ ауданының аймақтық комиссия төрағасын да сотқа беретінін хабарлаған. Олар электронды арыздарын прокуратураға тапсырып та қойған.

Бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданы аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Жексенбиев дауыс айырмашылықтары жөнінде "оның бәрін анықтау керек" деген болатын. Дүйсенбі күні ол Азаттық тілшісіне "ертең түстен кейін айтамын" деп сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

25 шілдеде Қазақстанда ауыл әкімін сайлау өткен. Биыл заңнамаға енгізілген өзгертулерге сәйкес, алғаш рет ауыл әкімін халықтың өзі сайлайды. Билік мұны "демократияға бастайтын үлкен өзгеріс" деп атаса, сыншылар "кандидаттарға бірдей жағдай жасалмаған, тәуелсіз кандидаттарға кедергі көп" дегенді алға тартқан.

Бұған дейін билік халықтың сайлауға қатысу белсенділігі жоғары болды деп мәлімдеген, ал белсенділер бұған күмән келтіреді. Сайлау күні кей бақылаушылар мен журналистер заңбұзушылықтар болғанын хабарлаған.

Қарай отырыңыз: Билік "сайлауда заң бұзылмады" дейді, бақылаушылар жоққа шығарады (26 шілде 2021 жыл).

Билік "сайлауда заң бұзылмады" дейді, бақылаушылар жоққа шығарады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG