Accessibility links

ХОК белорус спортшысы төңірегіндегі жағдайды зерттей бастады


Спортшы Кристина Тимановская.
Спортшы Кристина Тимановская.

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Токио ойындарына қатысушы белорус спортшысы Кристина Тимановская төңірегіндегі жағдайға байланысты ресми тергеу бастады.

Өткен аптаның соңында ол Беларусь құрамасының басшылығы өзін Олимпиададан еліне мәжбүрлеп әкетуге тырысқанын айтқан. Кристина Тимоновская мұны Беларусь спорт шенеуніктерін сынап жазған постымен байланыстырды.

"Қазір барлық фактілерді анықтауымыз керек, оған біраз уақыт қажет" деді ХОК өкілі Марк Адамс.

Ол комитеттің бірінші міндеті – Беларусь спортшысының аман-саулығы екенін атап өтті.

Дүйсенбіде 24 жастағы Кристина Тимановскаяға Польшаның гуманитарлық виза бергені және қазіргі уақытта спортшының Токиодағы Польша елшілігінде екендігі белгілі болды. Жақтастарының айтуынша, Тимоновская Токиодан сәрсенбі күні ұшып кетеді.

Жапония билігі Беларусь азаматына қазір еш қауіп жоқ екенін мәлімдеген.

ХОК Беларусь ұлттық олимпиада комитетінен сейсенбі күні кешке Тимановскаяға қатысты бар мәліметті сұрады. Бұған дейін беларусь тарабы спортшы "эмоционалды және психологиялық көңіл-күйіне байланысты" құрамадан шеттетілгенін айтқан.

АҚШ пен Еуроодақ Беларусь билігінің әрекетін қатаң сынады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Беларусь билігінің спортшыны күшпен алып кетуге тырысуын "трансұлттық деңгейдегі кезекті репрессия"деп атап, айыптады.

"Мұндай әрекеттер олимпиада рухын түсіреді, негізгі құқықтарға қайшы, оған төзуге болмайды" деп жазды америкалық дипломатия басшысы Твиттерде.

"Тимановскаяны мәжбүрлеп әкетуге тырысу - Лукашенко режимінің қудалау шараларындағы қатыгездіктің тағы бір көрінісі" делінген Еуроодақ басшылығының мәлімдемесінде.

Кристина Тимановскаяның күйеуі британдық BBC ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Беларусь шенеуніктерінің әйелінің психикасы жөнінде айтқандарын жоққа шығарды. Арсений Зданевич жұбайының жағдайын қалыпты деп атады. Ол өзі де, Кристина да ешқашан саясатқа араласпағанын және егер қылмыстық қудалауға ұшырамаса, елге оралатынын хабарлады.

2 тамызда Кристина Тимановская Олимпиадада 200 метрге жүгіру бойынша жарысқа қатысуы керек еді. Бұған дейін ол жаттықтырушыларды өзі жүгіріп көрмеген 4-400 метрлік эстафетаға қосу туралы шешім қабылдағаны үшін сынға алған. Тимановскаяның командадағы үш әріптесі допинг-сынамалардың жеткіліксіз болуы салдарынан Олимпиадаға қатысудан шеттетілген. Спортшылар Беларусь құрамасының басшылығын қателіктері үшін айыптады, нәтижесінде олардың алғашқы Олимпиадада өнер көрсетуіне жол берілмеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG