Accessibility links

Хопкинс университеті: Әлемде коронавирус жұқтырғандар 200 миллионнан асты


Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 200 миллионнан асты.

Кейінгі кезде коронавирустың дельта вариантына байланысты көптеген елде вирус күшейген. Былтыр әлемде жүз миллионнан астам адам Covid-ке шалдықса, биыл небәрі алты айдан астам уақыт ішінде жүз миллион науқас тіркелді.

Коронавирус жұқтырғандар бойынша алдыңғы орындарда АҚШ (35 миллион), Үндістан (32 миллионға жуық), Бразилия (20 миллион), Ресей (6,3 миллион) тұр. Қазақстан тізімде (642 мың) 42-орында тұр.

Кейінгі кезде тіркелген науқастардың 38 пайызы кедей елдерде тұрады. Індет басталғалы бері әлемде коронавирустан 4,2 млн адам қайтыс болған. Вашингтон университетінің ғалымдары адам өлімі көрсеткіші екі есе төмендетіліп көрсетілген деп санайды.

Хопкинс университеті мамандарының пікірінше, вакциналау науқаны індетті тежеуге көмектесіп отыр, бірақ вакцина тапшылығы індеттің бетін қайтаруға кедергі келтіріп жатыр. Reuters-тің жазуынша, әлем халқының кемінде 2,6 пайызына коронавирус жұққан. Егер олардың басын қосса, халық саны жағынан сегізінші орынды алар еді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауқатты елдерді үшінші вакцинадан бас тартып, артылған дозаларды дәріге зәру елдерге жіберуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG