Accessibility links

Сот "12 жасар қызды зорлады" деп айыпталған ер адамға шыққан ақтау үкімін жойды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақмола облыстық соты "12 жасар қызды зорлады" деп айыпталған бірнеше адамның біріне шыққан ақтау үкімінің күшін жойды. Бұл туралы Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Енді істі сол құрамдағы сот қайтадан қарайды.

Бұған дейін сот "12 жасар қызды зорлады" деп айыпталған үш күдіктінің екеуіне 20 және 21 жыл түрме жазасын берген. Ал істі қараған сот алқасы маусым айында "қылмыс болғаны дәлелденбеді" деп тұжырым жасап, үшінші күдіктіні ақтаған. Сол кезде жәбірленуші тарап сот алқасының құрамына сенімсіздік білдірген болатын.

Ақмола соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, үкімнің жойылуына "сот алқасын жасақтау кезінде едәуір процессуалдық заңбұзушылықтар жіберілгені және іс бойынша айғақтарды тергеу тәртібінің бұзылғаны" себеп болған.

Ақпаратқа қарағанда, үшінші күдіктіге шыққан ақтау үкіміне апелляциялық шағымды жәбірленуші тарап түсірген. Сот прокурордың үкімге қарсылығын да қабылдап, қанағаттандырған.

Бұған дейін бұл іс жөнінде #НеМолчиKZ қорының жетекшісі Дина Таңсәрі жазған. Ақпаратқа қарағанда, Ақмола облысында 12 жасар қызды 25-26 жастағы ер адамдар алты айға жуық уақыт аралығында зорлаған. Анасы қызының денесінің қанталағанын байқап, дәрігерге қаратқан кезде зорланғаны анықталған. Бастапқыда қызы айтқысы келмеген. Психологпен сөйлескеннен кейін барып оқиғаны растаған, бұдан соң жәбірленуші жақ полицияға шағым түсірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG