Accessibility links

Заң қатайды, қылмыс азаймады. Қазақстанда педофилиямен күрес неге нәтиже бермейді?


2020 жылы Қазақстанда "Кәмелеттік жасқа толмаған баланы зорлау" бабы бойынша 199 қылмыс тіркелген. Оның 128-і – кішкентай балаларға қарсы жасалған. Бір жағдайда бала алған жарақаты салдарынан көз жұмған.
2020 жылы Қазақстанда "Кәмелеттік жасқа толмаған баланы зорлау" бабы бойынша 199 қылмыс тіркелген. Оның 128-і – кішкентай балаларға қарсы жасалған. Бір жағдайда бала алған жарақаты салдарынан көз жұмған.

Қазақстан парламенті "балаларға қарсы сексуалды сипаттағы қылмыс" үшін жазаны қатаңдатуды ұйғарды. Бір жыл бұрын елде педофилдерге жазаны күшейткен. Бірақ қоғамда бала зорлау көбеймесе, азайған жоқ. Осындай оқиғаның бірі жақында Оралда болған: 13 жастағы қызды өгей әкесі зорлаған.

"ӘКЕМДІ ЖЕК КӨРЕМІН"

Анасы Сәнияның айтуынша, 13 жастағы Карина өгей әкесін әлі күнге "әке" деп атайды (этикалық себеппен кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді – ред.). Сәния күйеуінің төрт жастан бері тәрбиелеп келе жатқан қызын зорлағанын қыркүйек айында білген.

– Ортақ баламыз туған соң, [күйеуім] қатты өзгеріп кетті: мені ұрып-соғып, кішкентай қызыма күн көрсетпейтін болды. Одан қорыққанымыз соншалық, көршілер естімесін деп, дауыс шығармай жылайтынбыз. Жұрттың бәрі бізді тату-тәтті отбасы деп ойлайтын, – дейді Сәния.

Сәнияның айтуынша, отбасындағы бұл жағдай бірнеше жылға жалғасқан. Күйеуінен туған екінші қызы дүниеге келгенде (Сәнияның үшінші баласы) ол бірнеше рет кетіп қалуға тырысқан. Бірақ әр жолы күйеуі қоқан-лоқы көрсетіп, Сәнияны райынан қайтарып отырған.

– "Кете бер, бірақ балаларды бермеймін. Қыздар менімен қалады, ал сен кете бер" деді. Бірақ қыздарымды оған қалдыра алмадым. Сондықтан күйеуімнің барлық шартына көніп, қыздарымның қасында өмір сүруге рұқсат етуін сұрап, жалынған кездерім де болды, – дейді Сәния.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбына перформанс өткізіп тұрған белсенділер. Алматы, 16 сәуір 2016 жыл.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбына перформанс өткізіп тұрған белсенділер. Алматы, 16 сәуір 2016 жыл.

Қыркүйектің басында Сәнияның үлкен қызы кезекті ұрыс-керістен кейін анасына өгей әкесінен зорлық көргенін айтып, өз сөзін растау үшін телефонындағы аудиожазбаны тыңдатқан.

– Қызым өзіне ешкім сенбейтін шығар деп қорқып, күйеуім тағы да тиіскен сәтті диктофонға жазып алған. Кейін осы жазбамен маған келіп, бәрін айтып берді, – дейді Сәния.

Қызым өзіне ешкім сенбейтін шығар деп қорқып, күйеуім тағы да тиіскен сәтті диктофонға жазып алған.

Сәнияның сөзін адвокат Сағынғали Елеуов те растайды. Заңгер тергеу органдарына "ақпаратты құпия сақтау" туралы қолхат бергендіктен, журналиске бұл іс жайлы артық ештеңе айта алмады.

Сәния қызымен бірге полицияға барып, қажет сараптаманың бәрінен өткен. Екі минуттық әңгіменің жазбасын іс материалдарына дәйек ретінде қосқан. Бірақ Сәния тергеу объективті түрде өтпеуі мүмкін деп қауіптенеді. Жәбірленушінің анасын әсіресе сот-медициналық сараптама қорытындысының жайы алаңдатады.

– Сараптама қорытындысына қатысты түсініксіз жағдай туып отыр. Ең бірінші барған дәрігеріміз қызымның жыныс мүшесінде ақау барын анықтады. Бірақ қылмыстық іс үшін басқа тексеруден өту қажет болды. Ол жақтағы дәрігер жыныс мүшесіне "ешқандай зақым келмегенін" айтты, – дейді Сәния.

Қазір жәбірленушімен психолог жұмыс істеп жатыр. Маманның пікірінше, баланың бойында "жарақаттан кейінгі психологиялық бұзылыс" нышаны бар. Мұны балаға жүргізілген психологиялық сараптама да растаған.

– Балада жарақаттан кейінгі психологиялық бұзылыстың негізгі өлшемдері бойынша жоғары көрсеткіш тіркеліп отыр. Оның өтірік айтпағанын вербалды емес мінез-құлқының ерекшелігінен-ақ көруге болады. Бұл бірінші кезекте төрт төмпешік мидың реакциясынан (жарақаттан кейінгі белгілердің бірі) байқалады. Бұл реакцияның механизмі мұқият болып, қауіпті дер кезінде байқап, құтылуға негізделген, – дейді психолог (жәбірленуші тараптың өтініші бойынша, психологтың аты-жөні аталған жоқ: Сәния қарсы тарап психологқа қысым көрсетуі мүмкін деп қауіптенеді – ред.).

Карина психологпен жұмыс істегеннен кейін тұйық әрі агрессивті бола түскен.

– Ол бөлмесін бекітіп алады. Жақында күртешесін қиып тастап, "әкемді жек көремін" деп айқайлады. Карина оны әлі де "әке" деп атайды, өйткені ол солай үйретіп қойған. Қызым оның сөзін екі етуге қорқады, – дейді көзіне жас алған Сәния.

Үкімет үйінің алдына педофилияға қарсы акцияға шыққан әйелдер. Нұр-Сұлтан, 3 тамыз 2020 жыл.
Үкімет үйінің алдына педофилияға қарсы акцияға шыққан әйелдер. Нұр-Сұлтан, 3 тамыз 2020 жыл.

Полиция департаменті Азаттыққа Сәнияның күйеуінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір айыпталушы тергеу изоляторында отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлімі ("Кәмелеттік жасқа толмаған баланы зорлау") бойынша айып тағылған.

Қорғау тарабы Азаттыққа пікір беруден бас тартты. "Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқан кезде ешқандай пікір бере алмаймыз" деді Сәнияның күйеуінің адвокаты Анна Слета.

ЖАЗАНЫ ҚАТАҢДАТУ ЖӘНЕ ЗАҢҒА ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР

2020 жылғы 23 қарашада өткен жиында парламент мәжілісінің депутаттары педофилдерге жазаны қатаңдату туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Заңға енгізілетін өзгерістерде балаларға жыныстық сипаттағы зорлық көрсетуге қатысты баптар бойынша сотталған адамдар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді деп жазылған. Оларға амнистия жасалмайды, жаза мерзімін толық өтемей қамаудан шығармайды.

Осыған дейін балаларды қорғайтын заңға өзгертулер 2019 жылғы желтоқсанда енгізілген. Ол кезде Қазақстан президенті "қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және тұлғаның құқығын қорғауды күшейту мәселелері бойынша кей заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойған. Бұл заң 2020 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді. Заңға сәйкес, зорлау бабы қылмыстың ауыр түрі болып саналып, 14 жасқа дейінгі баланы зорлау қылмысы үшін кемінде 20 жылға түрме жазасы белгіленген. Сондай-ақ енді педофилия фактісін жасырған адамдар да жауапқа тартылады. Қылмыс туралы хабар бермеген адамдар алты жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сарапшылар заңға үнемі өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, жазаны қатаңдату шаралары қолға алынғанына қарамастан, Қазақстанда балаларға жыныстық сипаттағы зорлық көрсету жайлы істер кешенді түрде қаралмайды деп есептейді.

– Балаларға жасалған сексуалды сипаттағы қылмыстарға қатысты жағдай қоғамдағы зорлық деңгейін төмендету туралы ұлттық жоспарға сәйкес кешенді түрде шешілуі керек. Бұл жоспарға кәмелеттік жасқа толмаған балаларға жасалған сексуалды сипаттағы қылмыстар үшін берілетін жазаны қатаңдату ғана емес, сондай-ақ тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрес туралы заң қабылдау және басқа кешенді шаралар кіруі тиіс, – дейді "Періште" балалар қауіпсіздігі орталығының басшысы, балаларға немқұрайды қарау және зорлықтың алдын алу жөніндегі Ispcan халықаралық қауымдастығының мүшесі Зарина Жұмағұлова.

Сарапшылардың сөзінше, қылмыскерлердің көпшілігі сот рақымшылықпен қарауы мүмкін екеніне қарамастан, бала кезінде зорлық көргенін мойындамайды.
Сарапшылардың сөзінше, қылмыскерлердің көпшілігі сот рақымшылықпен қарауы мүмкін екеніне қарамастан, бала кезінде зорлық көргенін мойындамайды.

Жұмағұлова балаларға қылмыскерлерден қорғануға көмектесетін дағдылар үйрету өте маңызды деп есептейді. Сарапшының пікірінше, ондай дағды баланы әлжуаз позицияда қалудан сақтайды. Зарина Жұмағұлова жеке шекараны қорғау, интернеттегі және шынайы өмірдегі қауіпті танып-түсіну, буллингке қарсыласу, өзі қатарлы бала немесе ересек адам шабуыл жасаған жағдайда тиімді әрі сенімді түрде әрекет ету сияқты тәжірибе сабақтардан тұратын бағдарлама барын, оны білім және ғылым министрлігі ұсынып отырғанын айтады.

– Бұл бағдарлама қазірдің өзінде нәтиже беріп жатыр. Ұлттық жоспар болмағандықтан, жекелеген шаралар елдегі зорлыққа көз жұмып қараудың жоғары деңгейіне, балаларға жасалатын қылмыстар санына әсер ететін сапалы нәтиже бермейді, – дейді Зарина Жұмағұлова.

СТАТИСТИКА ӨСІП БАРАДЫ, ПОЛИЦИЯ АТА-АНАНЫ КІНӘЛАЙДЫ

Азаттықтың сұрақтарына жауап берген полиция "ішкі істер органдарының басты міндеті – кәмелеттік жасқа толмаған жастардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, оның ішінде балаларды қылмыстық әрекеттерден қорғау" деп мәлімдеді. Полиция кәмелеттік жасқа толмаған жастарға қарсы жасалған қылмыстардың бір себебін ата-ананың балаға дұрыс қарамауынан көреді.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнаулы есеп комитеті ұсынған ресми мәліметке сәйкес, 2020 жылдың 11 айында кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ата-анасы, қамқоршысы немесе мұғалімі тарапынан зорлық көргені туралы 71 қылмыстық іс тіркелген.

Қазақстан прокуратурасы сайтындағы "Кәмелетке толмағандарға зорлық жасағандардың картасын" қарап отырған адам. Көрнекі сурет.
Қазақстан прокуратурасы сайтындағы "Кәмелетке толмағандарға зорлық жасағандардың картасын" қарап отырған адам. Көрнекі сурет.

Статистика комитетінің дерегінше, 2020 жылы Қазақстанда "Кәмелеттік жасқа толмаған баланы зорлау" бабы бойынша 199 қылмыс тіркелген. Оның 128-і – кішкентай балаларға қарсы жасалған. Бір жағдайда бала алған жарақаты салдарынан көз жұмған.

Қазақстан Қылмыстық кодексінде 120-баптан ("Зорлау") бөлек, "Сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" (121-бап), "Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалды сипаттағы өзге де әрекет жасау" (122-бап), "Жас балаларды азғындық жолға түсіру" (124-бап) баптары бар.

2020 жыл аяқталмай жатып, балаларға қарсы жасалатын жыныстық сипаттағы қылмыс саны көбейген. Мысалы, былтыр "Зорлау" бабы бойынша 85 іс, 2018 жылы – 132 іс, 2017 жылы – 146 іс тіркелген.

– Талдау қорытындысы кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қарсы жасалатын қылмыстарға ата-аналар тарапынан бақылау жоқтығы, балаларды (үйде, басқа жерде, көшеде, көрші мен достардың үйінде) жалғыз қалдыру, таныстар, туыстар мен көршілердің алабөтен ойы жоғына сенімді болу сияқты себептер әсер ететінін көрсетті, – дейді ІІМ ішкі және сыртқы коммуникациялар департаменті директорының міндетін атқарушы Альбина Махамбетова.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Полиция мұндай қылмыстарға әсер ететін тағы бір фактор ретінде отбасындағы тұрмыстық мәселелерді атайды.

– Отбасындағы әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу полицияның құзыретіне кірмейді, – дейді Махамбетова.

Биыл полиция сегіз мыңнан астам жедел алдын-алу шараларын өткізген. ІІМ бұл шаралардың "позитивті әсері" болғанын айтады.

"БҰЛ ҚАЛЫПТЫ ҚҰБЫЛЫС"

"НеМолчи" қорының негізін қалаушы, азаматтық белсенді Дина Смаилованың пікірінше, жәбірленушіні қорқытып, оған қысым көрсету "қалыпты құбылысқа" айналған. Сәния полицияда тергеу басталғаннан кейін Дина Смаилованың көмегіне жүгінген.

– Туыстар тарапынан жасалатын зорлық үшін бұл қалыпты жағдай: анасына күш көрсетілгеніне куә болған бала "агрессор – қауіпті, оған қарсы шығу мүмкін емес" деп ойлайды. Мұндай баланың психикасын басып тастау өте оңай. Зорлық көрсетушілер дәл осындай манипуляцияны қолданады, – дейді Дина Смаилова.

“НеМолчи” қорының басшысы Дина Смаилова.
“НеМолчи” қорының басшысы Дина Смаилова.

Қоғам белсендісінің дерегінше, әлемдік зерттеулер әйелін ұрып-соғатын агрессорлардың педофилияға бейім болатынын көрсетеді. "Мұны Қазақстандағы азаматтық белсенділердің тәжірибесі де растайды" дейді Смаилова.

– Біздің тәжірибемізде отбасындағы туыстардан теперіш көрудің қаншасы тіркелсе де, соның бәрі не анаға, не балаға қарсы жасалған зорлықпен байланысты, – дейді ол.

"Қазақстан заңында баланың құқығын не ата-анасы, не заңды өкілдері қорғайды деп жазылған. Көбіне балаға қарсы зорлықты дәл осы адамдар жасайды" дейді құқық қорғаушы әрі балалар құқығын қорғаумен айналысатын "НеМолчи Дети" қорының директоры Алмат Мұхамеджанов.

– Баланы ешкім естімейді. Ол басқалардан көмек сұраған күннің өзінде балаға зорлық көргенін дәлелдеу қиын. Мысалы, қамқоршы органдар баланың ата-анасына барып, зорлық туралы сұрайды. Олар әрине, бәрін жоққа шығарады, – дейді Алмат Мұхамеджанов.

Құқық қорғаушы заңды қатаңдатып жатқаны "жақсы", бірақ одан бөлек құқықтық тәжірибені де жетілдіру керек деп санайды.

– Балалармен жұмыс істей алатын психологтар, тергеушілер сияқты мамандар керек. Олардың баламен тіл тауып, сөйлей білгені дұрыс. Олармен тыныш жағдайда, сабырмен сөйлескен жөн. Бізде жәбірленушіні көп адамның ортасында тергей береді, кейде қойылған сұрақтан бала тұйықталып, абдырап қалады, – дейді Алмат Мұхамеджанов.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Мұхамеджанов балалармен жұмыс істейтін арнайы бөлімдер құру керек деп есептейді.

Халықаралық сарапшылар әзірге "Педофилия қайдан шығады?" деген сұраққа жауап бере алмайды. Бірақ кейінгі зерттеулердің бірі балаларға қарсы қылмыс жасайтын адамдардың бәрі бірдей балалық шағында зорлық көрген деген ойды жоққа шығарады.

Торонтодағы орталықтың директоры, дәрігер Джеймс Кантор былтыр күзде The New York Times сайтында жарияланған зерттеуінде "Зорлық көрген балаларға психоактивті заттарды асыра қолдану, депрессияға түсу, қатты стресс алу және болашақта қылмыстық агрессияға тап болу қаупі төнуі мүмкін. Сарапшылардың сөзінше, қылмыскерлердің көпшілігі сот рақымшылықпен қарауы мүмкін екеніне қарамастан, бала кезінде зорлық көргенін мойындамайды. "Хаосқа толы балалық шақ ересек өмірдің де хаосқа толы болу ықтималдығын арттырады" деп жазады.

Ғалымдар педофилияны биологиялық бұзылыс ретінде қарастырады. "Педофил болуды ешкім армандамайды" дейді Джонс Хопкинс атындағы жыныстық қатынас және гендерлік мәселелер жөніндегі емхананың директоры, дәрігер Фред Берлин.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG