Accessibility links

Австрия паналатқан шешен блогерін өлтірді деп айыпталған адам өмірлік жаза алды


Мамихан Умаров.
Мамихан Умаров.

Австрия соты осы елден саяси баспана алған 43 жастағы Шешенстан тумасын атып өлтіргені үшін айыпты деп таныған адамды өмір бойына түрмеге қамауға үкім шығарған. Былтыр Венаның шетінде болған кісі өлтіру қылмысы "саяси астар бойынша жасалған" деген күдік тудырған соң халықаралық қауымдастықтың назарына ілінген болатын.

Корнойбургтегі аймақ сотының өкілі осы қылмыстық іс бойынша өткен сот тергеуін тыңдаған алқабилер 6 тамызда бір күнге созылған талқылау барысында бірауыздан ұйғарымға келгенін айтты. Сот өкілі Вольфганг Шустер-Крамердің сөзінше, сотталушы – Шешенстан тумасы, 48 жастағы ер адам кісі өлтіргені үшін айыпты деп танылған. Билік өкілі сотталушының жеке басының құпиялығын сақтау мақсатында оның аты-жөнін атаған жоқ.

Шустер-Крамердің сөзіне қарағанда, сотталушы тағылған айыпты мойындамай, өз-өзін ақтауға тырысқан және өзіне шығарылған үкімге қарсы апелляция шағымын беретінін мәлімдеген.

Австрияда тұратын шешен эмигранттары қауымдастығының мүшелері 2020 жылдың шілдесінде Венадағы өндіріс аймағының бірінде кісі қолынан мерт болған адам – Кремль қолдауына арқа сүйеп отырған Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты сынағаны үшін жазаланған деп топшылайды. Прокуратура дерегінше, қылмыскер оны алты оқ атып өлтірген.

Шустер-Крамердің айтуынша, сотқа қылмыстың саяси астары болғанына нақты айғақ-дәлел ұсынылмаған.

Австрия полициясы жәбірленушінің аты-жөнін атамай отыр, бірақ шешен диаспорасындағы дереккөздер Азаттыққа ол адам – Мамихан Умаров дейді. Шешенстан тәуелсіздігін қолдайтын тұлға саналатын Умаров YouTube платформасында Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты сынайтын бейнеблог жүргізген. Кей басылымдар оның Австрия құқық қорғау орындарымен бірге жұмыс істегенін жазған.

Мамихан Умаровқа Австрияда саяси баспана берілген.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты сынаушыларға Ресейден тыс жерде бірнеше мәрте шабуыл жасалды. 2009 жылғы 13 қаңтарда Венаның орталығында Қадыровтың бұрынғы күзетшісі Умар Исраиловты өлтіріп кетті. "Мемориал" құқық қорғау орталығының жазуынша, Исраилов Еуропаның адам құқығы бойынша сотына 2003 жылы өзін Қадыров заңсыз ұстап, азаптағанын айтып шағымданған.

2020 жылғы ақпанда Рамзан Қадыровты сынап жүрген тағы бір адам – видеоблогер Имран Алиев қаза тапты. Оны Францияның Лилль қаласында пышақтап кеткен. Сол айда Швецияда шешен диссиденті Тумсо Абдурахмановқа шабуыл жасалды. Блогер киллерді қарусыздандырып, қанға боялып жатқан оны видеоға түсіріп алған. Видеода әлгі адам өзін "Русланмын, мені Грозныйдан Абдурахман жіберді" дейді. Ол блогерді "жай ғана қорқытпақ болғанын", өзін жұмсағандар кепілге оның анасын ұстап отырғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG