Accessibility links

Nestlé Беларусь телеарнасындағы жарнамасын қысқартты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Әлемдегі аса ірі азық-түлік өнімдерін өндірушілердің бірі саналатын швейцариялық Nestlé компаниясы Беларусь мемлекеттік телеарналарында жарияланатын жарнамасының көлемін айтарлықтай қысқартпақ. Бұл туралы Deutsche Welle (DW) басылымы хабарлады.

Мұндай шешім "Libereco" бейресми құқық қорғау ұйымының құқық қорғаушылары компания басшылығымен кездесіп, Nestle-нің іс жүзінде АҚШ пен Еуропа одағының басқа компанияларымен бірге Беларусь режимін қаржыландырып отырғанына назар аударған соң қабылданған.

"Libereco" – неміс-швейцар үкіметтік емес ұйымы, ол Беларусь және Украинадағы адам құқықтарын қорғаумен он жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді.

Ұйым сарапшылары батыс компаниялары Беларусьте авторитар билеуші Александр Лукашенко режимінің мүддесіне қызмет ететін үгіт-насихат бағдарламалары аясында бөлінетін жарнамалық эфир уақытының үштен екі бөлігін сатып алған деген қорытындыға келген.

DW редакторлары Беларусь жарнама нарығында белсенді әрекет етіп жүрген әлемге әйгілі тағы бір компания Henkel-ге де сауал жолдаған.

Компания басшылығы тележарнама орналастыру туралы шешім бұл фирманың бас кеңсесінде емес, жергілікті филиалдарда қабылданатынын айтқан. Фирма топ-менеджерінің сөзінше, Беларуське тауар Ресейден жеткізіледі. DW веб-сайтындағы ақпаратта "Libereco" тізіміндегі басқа еуропалық және америкалық компаниялар да осындай ахуалды бастан кешіріп отырған болуы мүмкін деген жорамал жасалған.

"Libereco" есебіне сәйкес, Беларусь телевидениесіндегі жарнама көлемі бойынша америкалық Procter&Gamble, швейцариялық Nestlé, германиялық Henkel, даниялық Carlsberg, франциялық French L'Oréal, британдық GlaxoSmithKline және басқалары көш бастап тұр. "Libereco" өз зерттеуі үшін сұрыптап алған бір апта ішінде аталған компаниялар өнімдері жүздеген рет жарнамаланған.

Кейінгі бір жыл ішінде Беларусьте 40 мыңнан астам адам тұтқындалған, 600-ден астам жан саяси тұтқын саналады. Бұл елден адамдардың азапталғаны жайлы мыңдаған хабар келіп түсті дейді ұйым мәлімдемесінде.

"Libereco"-ның Германиядағы бөлімшесінің жетекшісі Марко Фибер адам құқықтарына байланысты қалыптасып отырған қолайсыз ахуалды елемей, батыс компанияларының өз бас пайдасын ғана ойлайтынын сорақы әрі өрескел жайт деп атады. "Libereco" өз мәлімдемесінде ұйым басшылығы саясаткерлерді "Лукашенконың қылмыстық режиміне қарсы бағытталған нысаналы санкция ретінде халықаралық компаниялардың Беларусь мемлекеттік БАҚ-тарында жарнама орналастыруына тыйым салуға" шақыратынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG