Accessibility links

Зеленский Украинада жүрген Беларусь азаматтарын ерекше қорғауға пәрмен берді


Виталий Шишовты еске алу шарасы. Киев, Украина, 3 тамыз, 2021 жыл.
Виталий Шишовты еске алу шарасы. Киев, Украина, 3 тамыз, 2021 жыл.

Украина құқық қорғау органдары ел аумағында тұрып жатқан, қауіп төнуі мүмкін деген Беларусь азаматтарын қорғауы тиіс. Украина президенті Владимир Зеленский 4 тамызда осындай пәрмен берді. Президент баспасөз қызметінің хабарлауынша, құқық қорғау органдары кей белорус белсенділеріне қауіп төнуі мүмкін деген хабар алған соң әрі Украинада тұрып жатқан белорус белсендісі Виталий Шишов қаза тапқан соң мемлекет басшысы осындай шешімге келген.

Сейсенбі күні Киевтегі саябақта асылып тұрған Шишовтың денесі табылған. Оның денесінен құлаған кезде алатын жарақаттар байқалған. "Кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өзін-өзі өлтіру және кісі өлтіруді жабу мақсатында суицид көріністерін жасау версиялары қарастырылып жатыр. "Украинадағы белорус үйі" ұйымын басқарған Шишов жақтастарының айтуынша, оны әдейі өлтірген әрі бұл белорус арнайы қызметінің ісі болуы ықтимал. Шишов Александр Лукашенко режиміне ашық қарсы шыққан. "Украинадағы белорус үйінің" мәлімдемесінде Шишовтың қазасы – "режимге шынымен қауіпті белорустың көзін жою мақсатында чекистер ұйымдастырған операция" деп сипатталады.

Зеленский Украина қауіпсіздік қызметі мен ішкі істер министрлігіне "Украинаға соңғы бір жылда келген және саяси һәм қоғамдық әрекетіне байланысты қылмыстық қол сұғу қаупі төнуі мүмкін деген Беларусь Республикасы азаматтарын толық қорғауды" тапсырды. Қорғауға алынатын белорус азаматтарының тізімі де жасалды.

Бұған қоса, Зеленский Виталий Шишов өлімінің жай-жапсарын толық зерттеуді тапсырды.

  • "Украинадағы белорус үйі" — коммерциялық емес ұйым. Ол жұмыс тауып, пәтер жалдап, заңды түрде тұру мақсатында Украинаға қашқан Беларусь азаматтарына көмек көрсетумен айналысады. Беларусьтегі Речица қаласында тұрған Виталий Шишов былтыр тамызда өткен президент сайлауынан соң Украинаға қоныс аударған.
  • Бұл президент сайлауының ресми қорытындысы ел ішінде жаппай наразылыққа түрткі болды. Батыс елдері Лукашенконы заңды президент деп танымайтынын мәлімдеп, сайлау нәтижесін бұрмалағаны және наразылық шараларын басып-жаныштағаны үшін оған және оның айналасындағы адамдарға көп санкция салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG