Accessibility links

Украинада Шыңжаң қазағы Ерсін Еркінұлының қайта ұсталғаны хабарланды


Ерсін Еркінұлы.
Ерсін Еркінұлы.

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туған Ерсін Еркінұлы Украинада қайтадан қамауға алынды. Бұл туралы шетелде тұратын белсенді Ботагөз Иса хабарлады. Оның айтуынша, Ерсін осыдан бірнеше күн бұрын Украинадан Словакияға заңсыз өтіп кетпекші болған жерінде ұсталған.

– Оны біреулер бұған дейін қорқытып жүрген. Өзінің айтуынша, екі бөтен азамат келіп "не Қытайға қайтасың, не өлтіріп кетеміз" деп қоқан-лоқы көрсеткен. Артынша біреулер аңдыған дейді. Содан кейін ол Facebook, WhatsApp желілерін түгел өшіріп, бір ай хабарсыз кетті. Кейін таныстар арқылы тауып сөйлескенімде "Үрейде жүрмін. Басқа елдің шекарасынан өтіп кетсем қайтеді" деді. "Болмайды, күт дегенмін" дейді, - Ботагөз Иса Азаттық тілшісіне.

Ерсін Еркінұлы – былтыр "шекараны заңсыз кесіп өткені үшін" Украинада ұсталып, кейін босатылған, Киевтен саяси баспана сұрап отырған Шыңжаң қазағы. Ол осыған дейін өзін Қытайға депортациялауы мүмкін екенін айтып, ақпарат құралдарынан көмек сұраған болатын. "Қытайға қайтсам, мені түрме мен азап, қорлық, өлім күтіп тұр. Сондықтан мені Қазақстанға алып кетіңіздерші" деген еді сол кезде Еркінұлы.

Ол Қытай қазақтары мәселесін қорғап жүрген қазір АҚШ-та жүрген белсенді Серікжан Біләшқа 11 тамызда өзін Ужгород қаласындағы босқындар орталығына қамап қойғанын айтқан. Азаттық тілшілеріне жіберген шағын видеода да оның босқындар орталығына ұқсайтын орында отырғаны байқалады.

Ботагөз Исаның айтуынша, Еркінұлының заңсыз шекара кесіп өтуіне байланысты сот отырысы 13 тамызда болады.

Ерсін Еркінұлының телефоны қазір сөніп тұр. Азаттық тілшісі Украинаның ресми орындарынан да жауап алуға тырысып жатыр.

Ерсін Еркінұлы былтыр қазан айында Украинаға заңсыз өтті деген айыппен ұсталып, бір ай қамауда отырған болатын. Кейін желтоқсанда босатылып шықты. Сол кезде Украина үкіметі оған "пана іздеушә тұлға" куәлігін берген болатын. Ол украин билігінен босқын мәртебесін сұраған. Бірақ Ерсіннің ол өтінішіне әлі жауап болмаған. Құқық қорғаушылар сол кезде босқын мәртебесін алу өтініші бір жыл ішінде қаралатынын ескерткен.

Қарай отырыңыз: "Өмірдің қымбат екенін сезіндім". Украинада ұсталған Шыңжаң қазағы қамаудан шықты (8 желтоқсан 2020 жыл).

"Өмірдің қымбат екенін сезіндім". Украинада ұсталған Шыңжаң қазағы қамаудан шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:16 0:00

Соңғы бірнеше жылда Қытайдың Шыңжаң аймағынан бірнеше этникалық қазақ қашып келген. Олар сол жақтағы қысымға шыдамай, қашуға мәжбүр болғандарын айтқан. Қазақстан билігі былтыр төртеуіне босқын мәртебесін берген. Бір-екі жыл бұрын босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге Швецияға қоныс аударған еді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман "қайта саяси тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.

Бұған дейін лагерьлерде отырып шыққан қазақтар Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректерімен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG