Accessibility links

Талдыкөлді құрғатып, құрылыс жүргізуге қарсы шыққан белсенділер қол жинайды


Кіші Талдыкөл. Нұр-Сұлтан, 13 тамыз 2021
Кіші Талдыкөл. Нұр-Сұлтан, 13 тамыз 2021

13 тамызда Нұр-Сұлтанда SosTaldykol бастамашыл тобының өкілдері ел арасында "кіші Талдыкөл" деп аталып кеткен астана маңындағы шағын көлді құрғатуды тоқтатуды сұрады. Олар бір жылдан бері көл аумағында құрылыстың қарқынды жүріп жатқанына наразы. Экобелсенділер Қазақстан билігі құрылысты тоқтатып, көлді сақтауға күш салмаса, халықаралық ұйымдардан көмек сұрайтынын айтты.

Жұма күнгі брифинг кезінде эколог Лаура Мәлікова аталған мәселеге байланысты жұмыс тобы құрылып, билік өкілдері "өздігімен шешім қабылдамауға уәде берсе де" іс жүзінде басқаша әрекет етіп отыр деді. Оның сөзіне қарағанда, әкімдік Жер кодексінің 136-1 бабына ("Су қорының жерін пайдалану тәртібі") сүйене отырып, Талдыкөлді су қорынан алып тастап, елдімекен қатарына енгізген.

"Қазір қағаз жүзінде көл жоқ. Яғни, олар (әкімдік - ред.) ақпарат құралдарына көлді сақтап қаламыз деп айтады. Бірақ олардың уәдесінің құны жоқ екенін көріп отырмыз. Яғни, сөзі мен ісі басқа. Жыл басында бізде дөңгелек үстел өтті, жұмыс тобы құрылды. Сол кезде қала әкімінің орынбасары шешімдерді ақылдаса отырып қабылдаймыз деп айтқан. Бірақ іс жүзінде басқа нәрсені көріп отырмыз. Әкімдіктің әрекеті БҰҰ-ның Биоалуандықты сақтау туралы конвенциясына қайшы. Ол халықаралық құжаттарға Қазақстан да қол қойған" деді Лаура Мәлікова.

Талдыкөлді сақтап қалу қажеттігін айтып отырған экобелсенділер. Нұр-Сұлтан, 13 тамыз 2021
Талдыкөлді сақтап қалу қажеттігін айтып отырған экобелсенділер. Нұр-Сұлтан, 13 тамыз 2021

Белсенділер көлді сақтау туралы шешім қабылданғанға дейін оған құм шашып, құрғату жұмыстарын жүргізуді тоқтатуды, Талдыкөлге қойма статусын беріп, су қоры тізіміне қайтаруды талап етіп отыр. Бұған қоса, қоғамдық тыңдау өткізу қажеттігін алға тартты.

Ақпаратқа қарағанда, билік кіші Талдыкөлде мемлекет есебінен туристік кешен салуды жоспарлап отыр.

"Біз ешқашан көлді мемлекет есебінен жоюға рұқсат бермеуіміз керек" деді белсенділер.

Олар былтыр көлді сақтау туралы петиция жариялап, 4 мың қол жинаған. Жуырда тағы жариялайтынын айтып отыр.

"Егер Қазақстан билігінен реакция болмаса, халықаралық ұйымдарға шағымданамыз" деді олар.

Азаттық тілшісі осыдан он күн бұрын Талдыкөл мәселесіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне ресми сауал жолдаған. Әзірге жауап келмеді.

Азаттық тілшісі белсенділердің жиынынан соң Талдыкөлдің маңына барып, құрылысшылардың Талдыкөлге құм төгіп, көміп жатқанына куә болды. Құрылыс басында тұрған Sat-NS компаниясының прорабы "аумақты тұрғын үй құрылысын бастау үшін дайындап жатырмыз" деді.

– Талдыкөлдің көмуге рұқсат берілген аумағына құм төсеп қойдық. Қателеспесем, тағы 30–40 метр қалды. Шешім бұрын қабылданған, құрылыс аяқ астынан басталған жоқ. Келешекте бұл жер әдемі болады, тек тұрғындар оны түсінбей жатыр, - деді Мұрат Отыншиев.

Талдыкөлді "қаланың өкпесіне" теңеген экологтардың сөзіне қарағанда, ол жақты Қызыл кітапқа енген құстар мекендейді. Бірақ құрылыс басталғалы бері құстар басқа жаққа ауа бастаған.

Ақпаратқа қарағанда, маусымдық миграция кезінде көл мен оның айналасына бұйра бірқазан, ақбас үйрек, сұңқылдақ аққу және аққұйрық субүркіт сияқты 200-ге тарта құстың түрі келеді. Көл маңайындағы жерде өсімдіктің 98 түрі өседі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG