Accessibility links

Лукашенконы ашуландырған сұрақ қойған ВВС тілшісінің Ресейде қалуына рұқсат бермеді


BBC журналисі Сара Рейнсфорд (сол жақта).
BBC журналисі Сара Рейнсфорд (сол жақта).

Ресей сыртқы істер министрлігі британдық ВВС телерадиокорпорациясының Мәскеудегі тілшісі Сара Рейнсфордтың жұмыс визасын ұзартудан бас тартты. Ол 31 тамызға дейін Ресейден шығып кетуі тиіс деп хабарлайды Bloomberg.

Ресей СІМ өкілдері бұл шешім Ұлыбритания билігінің ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарын кемсітуіне және ресейлік журналистерге виза беруден бас тартуына берілген жауап деп мәлімдеген. Бірақ олардың нақты кім екені айтылмайды.

Ресей кейінгі он жылда бірінші рет британ журналисін елден шығарғалы отыр. 2011 жылы Guardian басылымының Мәскеудегі тілшісі Люк Хардингті Ресейден қуып жіберген еді. Хардинг – совет дәуіріндегі қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін Ресейден депортацияланған алғашқы шетелдік журналист

2014 жылы америкалық журналист Дэвид Саттерді Ресейге кіргізбей қойды. 2015 жылы Польшаның "Газета Выборча" басылымының тілшісі Вацлав Радзивиновичке Ресейден кетуді бұйырды.

Сара Рейнсфорд биыл 9 тамызда Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенконың Минскіде өткен баспасөз мәслихатына қатысқан. Рейнсфорд Ұлыбритания үкіметі салған санкциялар туралы сұрақ қойған кезде Лукашенко: "Ұлыбританиядағы сол санкцияларыңыз желкелеріңізден шықсын" деп ашулана жауап қатып, британдықтарды "америкалықтардың құйыршығы" деп атаған.

Ал Рейнсфордтың бейбіт азаматтарды қатыгездікпен қуғын-сүргінге салғаннан кейін заңды (легитим) басшы болудан қалдым деп ойламайсыз ба деген сауалынан кейін Лукашенко оның өзін сөккен еді. Ол британ журналисіне "Вашингтон ісі" бойынша түрмеде торығып жатқандардың барлығы үшін" жауап беруге шақырған. Рейнсфорд өзінің америкалық емес, Ұлыбританиядан екенін айтқан соң Лукашенко одан сайын ызаланып: "А, Ұлыбританиядансыз ба? Біз сізді білмейді екенбіз және білгіміз де келмейді" деп айтқан. Залда отырғандар Лукашенконың бұл сөзіне тұс-тұстан қол соғып, оны қолпаштаған. Бұдан соң Лукашенко "наразылық шеруіне қатысқандарды ешкім азаптаған жоқ, оның бәрі батыс бұқаралық ақпарат құралдарының ойдан шығарғаны" деп мәлімдеген.

Сара Рейнсфорд Ресейде 2000-жылдардың басынан жұмыс істеп келді. Ол 2004 жылғы қыркүйекте террористер бейбіт тұрғындарды кепілге алған кезде Бесландағы мектепке алғашқы болып жеткен шетелдік журналистердің бірі. Содан кейін ол Стамбул, Мадрид пен Гаванада жұмыс істеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG