Түркіменстанның Балқан уәлаятында құрғақшылықтан қолдағы мал жаппай қырылып жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметі – Азатлық радиосы.
Түркіменстандағы қазіргі құрғақшылықты жасыратын елдегі ресми ақпараттық саясат жұртты жайлаған жұттың мал шаруашылығына келтірген зиян мөлшерін анықтауға мүмкіндік бермей отыр.
Жергілікті малшылардың айтуынша, ауа температурасы +45 градустан асатын ыстық басылмай қойған. Теңіз бен шөл дала арасындағы жайылым жерлерді көшпелі құм басып қалған. Мұндай жағдайда мыңдаған түйе мен қолдағы ұсақ мал жем-шөп пен су жетпей қырылады.
Бұл аймақтағы малшылардың қиын жағдайы туралы ақпарат елдің батысындағы ауылшаруашылық алқаптарына Қарақұм каналынан су жеткізуге арналған тораптың ашылуымен бір мезгілде тарады дейді Азатлық.
«Ашылу салтанатында сырт көзге бәрін жақсы етіп көрсету мақсатында олар (билік) Қызыларбат, Мақтымқұлы және Ғаррыгал маңындағы ауылшаруашылық алқаптарына берілетін суды тоқтатып, жаңа ғана құрылысы салынып біткен су қоймасын осы сумен толтырды» дейді сумен жабдықтау мекемесі жұмысшыларының бірі.
Ол аталған су қоймасының тіпті жақын маңдағы ауылдарды сумен қамтамасыз ету мәселесін шеше алатынына күмән келтіреді, өйткені бұл нысанды пайдалану жобасында жинақталған суды оқсату үшін қажет станциялар, сорғылар мен басқа да құрал-жабдық қарастырылмаған.
Түркіменстанның Балқан облысы Қазақстанның Маңғыстау облысымен шектеседі. Бұл облыста, тек ресми мәлімет бойынша, шілде айындағы шіліңгір ыстық кезінде қуаңшылық кесірінен мың бастан астам мал қырылған, ал Қызылорда облысында 500-ге жуық мал шығынға ұшыраған. Шілденің ортасында билік орындары таратқан хабарламаға қарағанда, Маңғыстау облысының мемлекеттік резервінен құрғақшылықпен күреске 1,9 млрд теңге (4,4 млн доллар) қаражат бөлінген.
Еуропа Одағы Қазақстанға құрғақшылықтан зардап шеккен отбасыларға көмек ретінде 200 мың еуро бөлді. Қуаңшылық апатынан ең қатты зардап шеккен Маңғыстау мен Түркістан облыстарындағы шамамен 6 мың жанға осындай көмек көрсетілмек.
ПІКІРЛЕР