Accessibility links

"Қолымды көтере алмаймын". Қамауда отырған ақын Арон Атабек денсаулығына шағынды


15 жыл қамауда отырған жазушы әрі ақын Арон Атабек халінің нашар екенін айтып, шағынып отыр. 18 тамыз 2021 жыл.
15 жыл қамауда отырған жазушы әрі ақын Арон Атабек халінің нашар екенін айтып, шағынып отыр. 18 тамыз 2021 жыл.

Қазақстанда Ұлттық алдын алу тетігі қатысушылары 15 жыл қамауда отырған ақын әрі диссидент Арон Атабекпен жолығып, халінің нашар екенін айтты. Бұл туралы Қазақстанның Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы (Bureau.kz) хабарлады.

Bureau.kz хабарлауынша, жазасын Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесінде өтеп жатқан Арон Атабекке ҰААТ қатысушылары 18 тамыз күні барған.

"Екі қолым ауырады, көтере алмаймын, бүгілмейді, қаламсап ұстаудың өзі қиын. Аяғым да ауырады, камера ішінде ғана жүремін, серуенге шығудан бас тарттым. Таксофонға арбамен барамын. Этапта соққыға жыққан кездегі жарақаттарым болуы керек. Толық (медициналық – ред.) тексеруден өтуді ұсынды, бірақ мен одан бас тарттым. Себебі менің жасымда сәуле алу қауіпті деп есепеймін", деп келтіреді Атабектің сөзін ҰААТ өкілдері Bureau.kz сайтына.

Бюроның жазуынша, мекеме әкімшілігі Арон Атабектің амбулаториялы картасын көрсеткен. Онда оның 2021 жылғы 4 тамызда анализге қан тапсырудан, флюрография мен рентгенге түсуден бас тартқаны жазылған. Мекеме басшысы Әділхан Қапышев Атабектің денсаулығын бақылап отырғанын мәлімдеген.

Арон Атабектің 2021 жылғы 4 тамыз күні жазған қолхаты.
Арон Атабектің 2021 жылғы 4 тамыз күні жазған қолхаты.

Мекеме ұсынған медициналық хаттамада Атабектің сүйек-буыны ауыратыны, екі қолының саусақтары деформацияланғаны, ішінің қатуы салдарынан жарты жыл бойы үлкен дәретке бара алмай жүргені, жүргенде денесі дірілдейтіні және өзге де жағдайы жазылған.

"Бұдан бөлек, хаттамада оның 2021 жылғы 30 шілдеде медициналық тексеруден бас тартқаны жөнінде, кейіннен терапевт-дәрігердің тексеруді камерада өткізгені айтылған. Дәрігер Арон Атабекке церебросклероз, дисциркуляторлық энцефалопатия, стенокардия, созылмалы гастрит, созылмалы геморрой, қол-аяқтың артрозо-артиті секілді диагнозқойып, жалпы клиникалық анализ тапсыруға, дәрумен ішуге, невропатолог пен кардиологқа баруға, УЗИ, ОБП және рентгенге түсуге кеңес берген. Бірақ Арон Атабек оның барлығынан бас тартқан" деп жазады Bureau.kz.

Кездесуде Атабек құқық қорғаушы Елена Семенованың келіп тұратынын, кейінгі уақытта келмегенін айтқан.

"Кездесу соңында Арон Атабек мерзімінен бұрын босатуға өтініш жазбайтынын, үш жылдан кейін бостандыққа шыққан соң толықтай өтемақы төлетуге шағымданатынын жеткізген. Бұған қоса мекеме басшысынан мерзімінің соңына дейін ешқайда ауыстырмауын сұрап, соңына дейін осы жерде қалатынын мәлімдеген" дейді Bureau.kz.

Ұлттық алдын алу тетігі – жазалау мекемелерін аралап, ондағы зорлық-зомбылық пен азаптаудың алдын алумен айналысатын орган. Қазақстан бұл органды 2013 жылы БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясы аясында құрған.

Арон Атабек 2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан 18 жылға сотталған. Билік оны сол оқиға кезінде қаза тапқан полицейдің өліміне кінәлі деп тапқан. Құқық қорғаушылар үкімнің негізсіз екенін айтып, оны "саяси тұтқын" деп таныған.

Шаңырақ оқиғасы: қалай болды және немен бітті

2006 жылы 14 шілдеде Алматының іргесіндегі Шаңырақ елдімекенінің тұрғындары "жерді рұқсатсыз иеленіп алдыңдар" деп, үйлерін сүру үшін полиция апарған билікке қарсылық көрсетті. Қақтығыс кезінде үстіне өртелген 24 жастағы полиция қызметкері көз жұмды.

Билік оның өліміне бірнеше тұрғын мен сол күні Шаңырақта болған ақын әрі диссидент Арон Атабекті кінәлі деп тапты. Арон Атабекті – 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновты – 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті – 15 жылға, Рүстем Тұяқовты – 14 жылға соттады. Соңғы аталған екі азамат 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. 2013 жылы Өтегеновтың жазасына түрме әкімшілігі қызметкерлерінің "заңды талабына бағынбау" айыбы бойынша тағы екі жарым жыл қосылған.

Арон Атабек жылдар бойы жазасын тұтқындалғанға дейін тұрып келген Алматы қаласынан алыс орналасқан түрмелерде өтеді. 2014 жылдың сәуірінен бастап ол Павлодардың уақытша тергеу изоляторында отырды. Атабек ол жерге Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колониядан этаппен жіберілген. Оны екі рет Қостанай облысы Арқалық қаласындағы "жабық" түрмеге салып жазалаған. Бұл – өмір бойына бостандығынан айырылған азаматтар жазасын өтейтін, "түрме ішіндегі түрме" іспетті мекеме.

2021 жылы күзде денсаулығына байланысты босатылған диссидент, ақын Арон Атабек түрмеден шыққаннан кейін көп ұзамай ауруханада қайтыс болды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG