Accessibility links

Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза болғандар 12 адамға жетті, бірнешеуі табылмай жатыр


Әскери қойма жарылғанда мерт болған азаматтар жеткізілген облыстық психикалық аурухана аумағындағы мәйітхана аумағын қоршап тұрған Ұлттық ұлан сарбаздары. Тараз, 27 тамыз 2021 жыл.
Әскери қойма жарылғанда мерт болған азаматтар жеткізілген облыстық психикалық аурухана аумағындағы мәйітхана аумағын қоршап тұрған Ұлттық ұлан сарбаздары. Тараз, 27 тамыз 2021 жыл.

Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл облысындағы әскери қоймада жарылыс пен өрт болған жерден қаза тапқан тағы үш адам табылған. Министрлік олардың кім екені анықталып жатқанын, төтенше оқиғадан соң хабар-ошарсыз кеткен бірнеше адамды іздеп жатқанын хабарлады.

Кейінгі мәлімет бойынша, 26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыс пен өрт салдарынан 12 адам мерт болған.

ТЖМ баспасөз хатшысы Талғат Уәли қаза тапқандар арасында әскерилер, төтенше жағдай қызметкерлері мен әскери прокуратура өкілдері барын айтқан.

Бұл оқиғадан 98 адам зардап шеккен, олардың арасында төтенше жағдай министрлігінің 50-ге жуық қызметкері бар деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Биліктің мәліметінше, бейсенбі күні әскери қоймада қуаты әртүрлі кемінде он жарылыс болған.

Жұма күні Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы кейбір оқ-дәрі осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласынан әкелінгенін айтты.

Жарылыстың себебі әлі белгісіз. Ермекбаев жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін деп топшылайды.

Азаттық сұрағына берген жауабында қорғаныс министрі Ермекбаев қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеп, бірақ түпкілікті шешімді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайтынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG