Беларусь елінде былтыр жазда өткен даулы президент сайлауынан кейін автократ билеуші Александр Лукашенконың режимі БАҚ пен азаматтық қоғамға қысымды үсті-үстіне үдетіп жатыр.
Бұл жолы билік Беларусьтің ең ірі тәуелсіз журналистер ұйымын жабуды бұйырды. Беларусь журналистер қауымдастығын тарату туралы жарлық 27 тамызда елдің Жоғарғы соты әділет министрлігінің сұрауын қанағаттандырғаннан кейін жарияланған.
Әділет министрлігі маусым айында журналистер қауымдастығына жүргізілген тексеру кезінде анықталған кейбір заң талаптарын бұзу жайттары түзетілмегенін ұйымды таратуға ілік еткен. Нақтырақ айтқанда, қауымдастықтың алты филиалының екеуі жалға алу келісімшартын аяқтаған. Қауымдастық мұны жоққа шығарады. Бірақ шілдеде құрал-жабдығы тәркіленіп әрі кеңсесі тінтіліп, билік органдары мөрлеп, жауып тастағандықтан өз сөзін растайтын құжатты ұсына алмаған.
Беларусь жуналистер қауымдастығы басшысы Андрей Бастунец ұйым жұмысы жалғаса беретінін мәлімдеді. Бастунец ширек ғасырдан астам уақыт бойы журналистер ұйымының миссиясы сөз бостандығы кеңістігінің аясын кеңейту болғанын, "бірақ қазір Беларусь елін ең қаратүнек кезең жайлап алғанын" айтқан.
1997 жылдан бастап Беларусь журналистер қауымдастығы сөз бостандығы мен БАҚ құқықтарының бұзылуын бақылаумен айналысты. Ұйымның күллі Беларусь бойынша әр аймақта БАҚ ахуалы жөнінде ақпарат жинайтын тілшілер желісі бар.
Беларусь – Еуропадағы журналистер үшін ең қауіпті ел. 2021 жылғы баспасөз бостандығы индексінде ол 180 мемлекеттің ішінде 158-орында тұр.
ПІКІРЛЕР