Accessibility links

Тоқаев тамыздың 29-ын жарылыс құрбандарын аза тұту күні деп жариялады


Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыс пен өрттен қаза тапқан азаматтарды Тараздағы облыстық психикалық аурухана аумағындағы мәйітханадан алып кетуге келген туыстары. 27 тамыз 2021 жыл.
Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыс пен өрттен қаза тапқан азаматтарды Тараздағы облыстық психикалық аурухана аумағындағы мәйітханадан алып кетуге келген туыстары. 27 тамыз 2021 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамыз - Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылыс пен өрт салдарынан қаза тапқандарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұл туралы ол сенбі күні Twitter-дегі парағында жазды.

"Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсетті. Ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады" деп жазды Тоқаев.

26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағында орналасқан оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Жарылыс ошағына жақын елдімекендерден жүздеген адам эвакуацияланған.

Сенбі күні таңертең Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі жарылыс пен өрт болған жерден қаза тапқан тағы бір адамның табылғанын хабарлады. Қазіргі дерекке сай, төтенше оқиға салдарынан 13 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккен. Оқиға болған кезде хабар-ошарсыз кеткен үш адамды әлі іздеп жатыр.

Жұма күні Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы кейбір оқ-дәрі осыдан екі жыл бұрын дәл осындай әскери бөлімдегі қойма жарылған Арыс қаласынан әкелінгенін айтты.

Бұл жолғы жарылыстың себебі әлі белгісіз. Ермекбаев жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін деп топшылайды.

Азаттық сұрағына берген жауабында қорғаныс министрі Ермекбаев қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеп, бірақ түпкілікті шешімді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайтынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG