Accessibility links

АҚШ Кабулдағы терактіге қатысы бар экстремистік топ мүшесінің көзін жойғанын хабарлады


АҚШ әскери дроны. Көрнекі сурет.
АҚШ әскери дроны. Көрнекі сурет.

28 тамызда АҚШ Ауғанстанның шығысында "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобы мүшесін дронмен атып, көзін жойған. Бұл әскери операция Кабул әуежайы маңында өзін жарып жіберіп, 170 ауған азаматы мен 13 АҚШ сарбазын мерт қылған жанкешті шабуылынан кейін екі күн өтпей жатып жасалған.

Осыған дейін АҚШ президенті Джо Байден Кабул әуежайына шабуылға жауапкершілікті мойнына алған ИМ тобынан АҚШ кек алады деп уәде еткен.

АҚШ орталық қолбасшылығының хабарлауынша, Ауғанстанның Нангархар уәлаятының шығысында дрон шабуылынан ИМ тобының "Хорасан уәлаяты" атты бөлімшесіндегі бір "жоспарлаушы" қаза тапқан.

"Алынған алғашқы деректерге қарағанда, біз нысанаға алынған адамның көзін құрттық" деп мәлімдеген АҚШ қарулы күштерінің капитаны Билл Урбан.

Тамыз айының ортасында "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда билікті басып алған соң Кабул халықаралық әуежайында басталған (НАТО-ға мүше елдер азаматтары мен осы елдерге көмек берген ауғандарды) эвакуациялау операциясы әлі жалғасып жатыр.

Ақ үй өкілі Джен Псаки 27 тамызда сөйлеген сөзінде, АҚШ ұлттық қауіпсіздік сарапшылары тағы бір "шабуыл болуы ықтимал" екенін және алдағы бірнеше күн "осы кезге дейінгі ең қауіпті кезең" болатынын баса айтты.

НАТО-ға мүше одақтас елдердің тағы бірнешеуі Ауғанстандағы операциясын аяқтады. ИМ шабуылынан соң, АҚШ жетекшілік ететін адамдарды эвакуациялау миссиясы ақырғы кезеңіне аяқ басты. Өз азаматтары мен ауған азаматтарын Кабулдан ұшақпен тасымалдауға қатысқан 20-дан астам одақтас елдің көпшілігі 27 тамызға дейін эвакуацияны аяқтағаны жайлы хабардар еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG