Accessibility links

АҚШ Ауғанстаннан эвакуациялаудың ақырғы кезеңіне көшті


"Талибан" билікке келген Ауғанстаннан кеткісі келген ауған азаматтары Кабул халықаралық әуежайы аумағын күзетіп тұрған шетелдік сарбаздарға құжатын көрсетіп, ұшу алаңына өткізуді өтініп тұр. 26 тамыз 2021 жыл.
"Талибан" билікке келген Ауғанстаннан кеткісі келген ауған азаматтары Кабул халықаралық әуежайы аумағын күзетіп тұрған шетелдік сарбаздарға құжатын көрсетіп, ұшу алаңына өткізуді өтініп тұр. 26 тамыз 2021 жыл.

НАТО-ға мүше одақтас елдердің тағы бірнешеуі Ауғанстандағы операциясан аяқтады. АҚШ Кабул халықаралық әуежайынан адамдарды эвакуациялау миссиясының соңғы кезеңіне көшті.

"Талибан" радикал қозғалысы тамыздың ортасында билікті басып алғаннан кейін, осы аптада елде алғаш рет ірі террорлық шабуыл жасалды: 26 тамыз күні кешке Ауғанстаннан қашуға тырысқан адамдар жиналып тұрған Кабул әуежайы маңында жанкешті жасаған екі жарылыстан 170-ке жуық ауған азаматы мен 13 америкалық жауынгер мерт болған. АҚШ президенті Джо Байден Кабул әуежайына шабуылға жауапкершілікт мойнына алған "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымынан АҚШ кек алады деп уәде етті.

Вашингтон "Талибанмен" келісілген мерзімге – 31 тамызға дейін Ауғанстаннан барлық шетелдік әскерді алып кету жоспары өзгермейтінін мәлімдеген. АҚШ әскерилері Кабул әуежайында ірі әуе тасымалы операцияларына шабуыл қаупі әлі де бар деп санайды.

Ауғанстанның және өз азаматтарын Кабулдан алып кетуге тырысып жатқан НАТО-ға мүше 20-дан астам одақтас елдің басым көпшілігі 27 тамызға қарай эвакуацияны аяқтағанын хабарлаған еді.

Ақ үйдің мәлімдеуінше, АҚШ пен одақтастары кейінгі бір тәулікте Кабул әуежайынан 12500 адамды эвакуациялаған. Вашингтон шілденің аяғынан осы уақытқа дейін 105 мың адамды Ауғанстаннан қауіпсіз жерге алып шыққанын хабарлаған.

Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан мен қорғаныс министрі Флоренс Парли "әуежай аймағында қауіпсіздік шарттары сақталмай отырғандықтан" Кабулдан әуе тасымалын тоқтату қажет деп мәлімдеді. Франция адамдарды эвакуациялауды аяқтағанын, алайда Ауғанстандағы қорғауға мұқтаж жандарға көмектесе беретінін айтады.

Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өз елінің – аз ғана техникалық қызметкерді қоспағанда – барлық азаматы мен әскерін Ауғанстаннан шығарғанын айтқан болатын.

Вашингтонда 27 тамызда журналистерге берген сұхбатында Пентагон өкілі Джон Кирби АҚШ әскери басшылығының Кабул әуежайына қазір бұрынғыдан да үлкен қатер төніп тұр деп санайтынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG