Accessibility links

Өзбекстанда елдегі азаптау жайлы кітап жазған жазушының ұлын тұтқындады


Жамол Халбоев.
Жамол Халбоев.

Өзбекстан ішкі істер министрлігі терроризмге қарсы басқармасының қызметкерлері Ташкентте оппозиция жетекшісі және жазушы Ислам Холбоевтың ұлы Жамолды тұтқындаған. Билік адвокаттар мен туыстарына оны көруге рұқсат бермей отыр. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметіне Ислом Холбоев хабарлады.

Әкесімен бірге Түркияда тұратын Жамол Холбоев биыл тамыздың басында Өзбекстанға паспортын ауыстыруға барған. Түркияға қайтпақ болған күннің қарсаңында, 18 тамызда ішкі істер министрлігі қызметкерлері оны тұрып жатқан пәтерден алып кеткен. Содан бері Жамол Халбоевты ешкім көрмеген.

Отбасы Жамол Халбоевтың қандай негізбен тұтқындалғанын, оны тұтқындау туралы шешімді кім шығарғанын және оның қайда екенін біле алмай отыр.

Жамол Холбоев 2014 жылы әкесі және отбасымен бірге Түркияға қоныс аударған. Сол жақта қолөнермен әрі екі баласын тәрбиелеумен айналысқан. Адвокаты оның ешқандай террористік ұйымға қатысы жоғын айтады. Қорғаушылары Халбоевтың ұсталғаны туралы арызды Өзбекстан бас прокурорына жіберген.

Өзбекстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шохрух Гиёсов Азаттықтың Өзбек қызметіне Жамол Халбоевты тұтқындау "заң шеңберінде жасалғанын" және "іс прокуратураның бақылауында" екенін айтқан. Холбоев нақты не үшін ұсталды деген сұраққа Гиёсов жауап бермеген.

  • 60 жастағы Ислам Холбоев 1980 жылдардың аяғында Өзбекстанның оппозициялық "Бірлік" ұлттық-демократиялық қозғалысын және республикада алғаш боп тіркелген, тәуелсіз әрі демократиялық Өзбекстанның өркендеуін мақсат еткен "Ерік" партиясын құруға атсалысқан. Оппозициялық партия биліктің қысымына байланысты 1994 жылы қайта тіркеуден өтпеген.
  • 2007 жылы Ислам Холбоев "алаяқтық жасады" деген айыппен ұсталып, жеті жарым жылға сотталды. Бір жарым жыл түрмеде отырды. Холбоев Өзбекстан түрмесіндегі азаптау туралы бірнеше кітап жазған. Ол ұлының тұтқындалуын өзінің "Погонды жендеттер" атты жаңа кітабының шығуымен байланыстырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG