Accessibility links

Билік "Эрк" партиясы өкілдеріне ұйымды ұмытуға кеңес берді


"Эрк" демократиялық партиясы белсенділері мемлекеттік телекомпания ғимараты алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. Ташкент, 1 қыркүйек 1992 жыл. Мұрағаттағы сурет.

Өзбекстан әділет министрі Русланбек Давлетов "Эрк" демократиялық партиясы өкілдеріне саяси ұйымды "ұмытуға" кеңес берген. Бұрынғы президенттің тұсында қуғынға ұшыраған оппозициялық партия өкілдерімен билік өкілі соңғы 23 жылда алғаш рет кездесті.

"БҰЛ ҰЙЫМДЫ ҰМЫТЫҢДАР"

Өзбекстан әділет министрі Русланбек Давлетов "Эрк" (Ерік) оппозициялық демократиялық партиясы өкілдерімен өткен кездесуде оларға саяси ұйымды ұмытуға кеңес бергені туралы Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосы хабарлады.

Бұған дейін Озодлик қаңтардың 10-ы күні министр Давлетовтың "Эрк" оппозициялық партиясы өкілдерін 23 жылда алғаш рет қабылдағанын жазған еді. Кездесуге оппозициялық партияның бас хатшысы Отаназар Ориповпен бірге ұйым мүшелері Ағзам Тургунов, Салавот Умурзаков, Хамидулла Нурматов пен Санжарали Имамов қатысқан.

"Эрк" оппозициялық партиясының өкілдері Өзбекстан әділет министрлігі ғимаратының алдында тұр. Ташкент, 10 қаңтар 2020 жыл.
"Эрк" оппозициялық партиясының өкілдері Өзбекстан әділет министрлігі ғимаратының алдында тұр. Ташкент, 10 қаңтар 2020 жыл.

Құқық қорғаушы Ағзам Тургунов министр Русланбек Давлетовтың кездесуде оппозициялық партия өкілдеріне берген кеңесі туралы Озодлик радиосына айтып берді.

- Ол бізге "партия өткеннің еншісінде қалды, ол туралы ұмытыңыздар" деді, - дейді Тургунов.

Оның сөзінше, Өзбекстан әділет министрлігі "Эрк" демократиялық партиясының жарғысын 1991 жылы қыркүйектің 3-і күні бекіткен.

- Әлі күнге партияның қызметі тоқтағанын немесе жабылғанын растайтын құжат та, сот шешімі де жоқ. Осыны ескеріп, министрден партия қызметін жалғастыруды сұрадық. Бірақ министр қарсылық білдіріп, 1991 жылы қабылданған құжаттың күші жойылғанын айтты. Әйткенмен маңыздысы сол - оппозиция мен үкімет арасында диалог басталды. Диалогтың қайта қалпына келгенін қолдаймын. Өзбекстан әділет министрі "Эрк" партиясы басшылығымен соңғы рет 1997 жылы кездескен, - деді құқық қорғаушы.

Министр мен оппозициялық партия белсенділерінің кездесуі туралы Gazeta.uz басылымына министрліктің баспасөз қызметі берген ақпаратта Давлетовтің партия өкілдеріне "Өзбекстан аумағында "Эрк" деп аталатын партия тіркелмегенін, оның қызметін жандандыруға құқықтық негіз жоғын" айтқаны жазылған.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ОППОЗИЦИЯ ЖАЙЛЫ СӨЗІ

Өзбекстанда совет өкіметі кезінде билік басына келіп, 2016 жылы қайтыс болғанға дейін үздіксіз басқарған авторитарлы басшы Ислам Каримовтан кейін оның орнына ел президенті болып сайланған Шавкат Мирзияев былтыр желтоқсан айының соңында Мұхаммед әл-Хорезми атындағы мектепте өткен жастармен кездесуде алғаш рет саяси оппозиция туралы сөз қозғаған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Президент "елде сырттан келген оппозицияның пайда болуына жол бермейтінін" айтқан.

"Желіде оппозиция талқыланып жатыр. Ол қандай пайда әкелді? Президент ретінде қарсы емеспін, бізде оппозиция, халықпен бірге қиындық көрген, қоғамның мәселесімен жақсы таныс, туған жердің суы мен дәмін татқан адамдар пайда болуы үшін лайықты орта қалыптастыру керек" деген Шавкат Мирзияев.

БІРІНШІ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

"Эрк" демократиялық партиясы – Өзбекстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ресми тіркелген бірінші саяси бірлестік. Партияны белгілі өзбек ақыны Мұхаммед Салих құрған.

"Эрк" оппозициялық партиясының жетекшісі Мұхаммад Салих"Эрк" оппозициялық партиясының жетекшісі Мұхаммед Салих митингіде сөйлеп тұр. Ташкент, 1 қыркүйек 1992 жыл.
"Эрк" оппозициялық партиясының жетекшісі Мұхаммад Салих"Эрк" оппозициялық партиясының жетекшісі Мұхаммед Салих митингіде сөйлеп тұр. Ташкент, 1 қыркүйек 1992 жыл.

1991 жылы Өзбекстанда алғаш рет жалпыхалықтық дауыс беру жолымен өткен президент сайлауында Мұхаммед Салих сол кездегі басшы Ислам Каримовтың жалғыз әрі негізгі бәсекелесі болды.

Бақылаушылар Өзбекстандағы бірінші президент сайлаудың ресми қорытындысын шығарған Орталық сайлау комиссиясы елде тіркелген сайлаушылардың 12 пайыздан сәл астамы оппозициялық саясаткерді жақтап дауыс берген деп мәлімдеген. Алайда, бақылаушылар дауыс берген азаматтардың көбі, шамамен 50 пайызы Мұхаммед Салихты қолдаған дейді.

Президент болып сайланғаннан кейін Ислам Каримов саяси бәсекелесі Мұхаммед Салихпен достық қарым-қатынас орнатуға тырысқан сыңай танытты. Кейіннен "Эрк" партиясы елдің саяси өмірінен аластатылып, Мұхаммед Салих 1993 жылы Өзбекстаннан қашуға мәжбүр болды.

Оппозициялық саясаткер Мұхаммед Салих соңғы 25 жылдан бері Түркияда тұрады.

ОППОЗИЦИЯНЫ ҚУДАЛАУ

Өзбекстанды Ислам Каримов басқарған жылдары билік Мұхаммед Салихтың үстінен қылмыстық іс қозғап, оған "террорист" деген айып тағып, халықаралық іздеуге берген. Бірнеше рет Салихтың өміріне қастандық жасамақшы (кейбіреулер Өзбекстан арнаулы органдарынан көреді) болған, оппозициялық саясаткердің Өзбекстандағы үш ағасы түрмеге қамалған.

"Эрк" оппозициялық партиясы ұйымдастырған наразылық шеруіне қатысушылар. Ташкент, 1 қыркүйек 1992 жыл.
"Эрк" оппозициялық партиясы ұйымдастырған наразылық шеруіне қатысушылар. Ташкент, 1 қыркүйек 1992 жыл.

Өзбекстан билігіне Шавкат Мирзияев келгеннен кейін өзбек оппозициясының басшысы Мұхаммед Салихтың аты-жөні Интерполдың іздестіру тізімінен алынды.

Сол жылы наурыз айында Салих президент Мирзияевты қолдап, видеоүндеу жариялады.

Бірақ 2019 жылы желтоқсан айында Настоящее время басылымына берген сұхбатында Мұхаммед Салих жаңа президенттен көңілі қалғанын айтқан.

"Мен [Мирзияевті] үш жыл сынаған жоқпын. Жай ғана үнсіз қалмай, шетел радиостанцияларынан сөйлеген сөзімде ол Каримов басқарған кездегі іс-тәжірибені қайталамас деп үміттенетінімді айтып жүрдім. Бұл үш жылы популизмге кетті. Қазір Мирзияев Каримов сынды популиске айналған. Бірақ саяси салада ешқандай өзгеріс жасаған жоқ" деді Мұхаммед Салих.

Өзбекстанда билікке келгеннен кейін Шавкат Мирзияев реформалар жүргізуге уәде еткен. Биыл қаңтардың 5-і күні ел азаматтары парламенттің төменгі палатасы – Олий Мажлис сайлауының екінші кезеңіне дауыс берді. Келесі күні жарияланған сайлаудың түпкілікті қорытындысы бойынша, 150 орындық палатаға өзара бәсекеге түскен билікшіл бес партияның өкілдері сайланды.

Оппозициялық партиялар мен қоғамдық ұйымдардан түспек болған тәуелсіз кандидаттарды, бұрынғы президент Ислам Каримовтың кезіндегідей, бұл жолғы сайлауға да қатыстырмады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары Өзбекстанда парламент сайлауы бұрынғымен салыстырғанда еркіндеу өткенімен, жүйедегі өзгерістер оппозицияның орнын толтыра алмады деп мәлімдеген.

(Азаттықтың Өзбек қызметінің материалынан аударылды).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG