Accessibility links

"Жасарған" өзбек парламентінде әйелдер көбейді. Не өзгерді?


Өзбекстандағы парламент сайлауына дауыс беруге келген сайлаушылар мен учаскелік комиссия мүшелері. 22 желтоқсан 2019 жыл.
Өзбекстандағы парламент сайлауына дауыс беруге келген сайлаушылар мен учаскелік комиссия мүшелері. 22 желтоқсан 2019 жыл.

Өзбекстанда президент Шавкат Мирзияев уәде еткен реформалардан үміт күткен жұрт жақында өткен парламент сайлауына ерекше назар аударды. Сайлау қорытындысы бойынша, парламенттің төменгі палатасы "жасарып", әйел депутат саны көбейді. Алайда өзгеріс шамалы болғанға ұқсайды.

2016 жылдың соңында Шавкат Мирзияев президенттікке келгелі бері Өзбекстан ұзақ жылғы авторитарлық режим билігінен соң елеулі өзгерістерді жүзеге асыруға кіріскен ел ретінде көрінуге тырысады.

Мирзияевтің үкіметі жайлы сөз болған кезде елдің ресми тұлғалары да, сырт жақтағылар да "реформа" деген сөзді жиі қайталайды.

Қаңтардың 5-і күні Өзбекстан азаматтары парламенттің төменгі палатасы – Олий Мажлис сайлауының екінші кезеңіне дауыс берді. Келесі күні жарияланған сайлаудың түпкілікті қорытындысы бойынша, 150 орындық палатаға өзара бәсекеге түскен билікшіл бес партияның өкілдері сайланды.

Бұл сайлау тіпті жаңа үкіметті қалтықсыз қолпаштайтындардың өзін айтарлықтай өзгеріс жоғын мойындатқызғандай болды.

БӘЗ-БАЯҒЫДАЙ

Бес партияның барлығы бұл жолы да президент саясатына қолдау білдірді. Оппозициялық партиялар мен қоғамдық ұйымдардан түспек болған тәуелсіз кандидаттарды сайлауға тағы да қатыстырмады.

Алайда бұдан да маңыздысы сол, Өзбекстанның саяси жүйесінде бұрынғыдай атқарушы билік үстемдік құрып отыр. Президент көп жылдан бері заң шығару билігін нығайтуға бағытталған заң жобаларын ұсынып келе жатса да, парламент болмашы өкілетке ие.

Парламент сайлауы өткен күні сайлау учаскелерінің бірінде. 22 желтоқсан 2019 жыл.
Парламент сайлауы өткен күні сайлау учаскелерінің бірінде. 22 желтоқсан 2019 жыл.

Соңғы сайлаудың ресми қорытындысы бойынша бес партияға тиген орын санына қарасаңыз, мұның алдында, 2014 жылы өткен сайлаудың қорытындысынан қатты өзгешелікті байқамайсыз. Осыдан бес жыл бұрын 53 орын алған Либерал-демократиялық партия бұл жолы 52 мандатқа ие болса, "Милли тикланиш" партиясы сол кездегі сияқты қазір де 36 орын иемденді. "Адолат" партиясына 24 мандат (бұрын 22), Халық-демократиялық партиясына – 22 мандат (бұрын 27) тиді. Ал биылға сайлауға алғаш рет партия ретінде түскен "Өзбекстан экологиялық партиясынан" 15 адам депутат болып сайланды. Бұған дейін 2009 және 2014 жылғы сайлауларда Экологиялық қозғалыс ретінде қатысқан бұл ұйымға, ұлттық заңда қарастырылған квота бойынша, парламенттен 15 орын берілген болатын.

ПАРЛАМЕНТКЕ КІМДЕР КЕЛДІ?

Олий Мажлиске жаңадан сайланған депутаттардың көбі парламентке алғаш рет еніп отыр.

Сайлаудың алғашқы турының қорытындысы бойынша парламентке өткен 125 адам мен Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің екінші кезеңінен кейін жариялаған 25 адамның арасынан тек 38 депутаттың ғана аты-жөні ресми сайттағы өкілеті аяқталатын құрамда болған адамдардың тізімінде кездеседі.

Белгісіз себептерге байланысты, парламент сайтында биыл өкілеті аяқталатын құрамда болған 113 депутаттың ғана аты-жөні көрсетілген. Алайда жаңа құрамдағы депутаттардың жартысынан астамы жаңа адамдар екені, оның үстіне бұрынғылардан жасы кіші екені анық.

Өзбекстан орталық сайлау комиссиясының деректері бойынша, жаңадан сайланған депутаттардың 64,7 пайызы – 30-50 жас аралығында болса, 6 пайызының жасы әлі отызға толмаған.

Парламент сайтында көрсетілген, өкілеті биыл аяқталатын 113 депутаттың 48-інің жасы 50-ден асқан.

"Узбекистон овози - Голос Узбекистана" басылымының бас редакторы әрі Либерал-демократиялық партияның мүшесі 71 жастағы Сафар Остонов – жаңа құрамдағы жасы ең үлкен депутат. Ал парламенттің ең жас мүшесі Шерзод Рахмонов 26 жаста.

ӘЙЕЛ ДЕПУТАТ САНЫ КӨБЕЙДІ

Парламентке жаңадан сайланған депутаттардың 30 пайызға жуығы – әйел. Өзбекстан Конституциясы бойынша, парламенттегі орындардың 30 пайызы әйелдерге тиесілі болуы тиіс. Биліктің гендерлік теңдікті сақтауға уәде беріп келе жатқанына көп жыл болғанымен, Негізгі заңдағы бұл талап іске аспай келген.

Өкілеті аяқталып жатқан парламентте 24 әйел депутат болса, жаңа құрамда олардың саны 48-ге жетті. Яғни бұрынғыдан екі есе көбейген.

Соңғы болған жаңалықтардың бірі – дауыс беруге қатысқан сайлаушы саны.

Парламент сайлауына дауыс беруге келген сайлаушы мен учаскелік комисся мүшесі. Ташкент, 22 желтоқсан 2019 жыл.
Парламент сайлауына дауыс беруге келген сайлаушы мен учаскелік комисся мүшесі. Ташкент, 22 желтоқсан 2019 жыл.

Ресми мәлімет бойынша, 1994 жылы парламент сайлауына дауыс беру құқығына ие азаматтардың 93,6 пайызы қатысқан. 1999 жылы бұл көрсеткіш 93,46 пайыз, 2004 жылы – 85,1 пайыз; 2009 жылы алғашқы турда 87,8 пайыз, екінші кезеңде 79,7 пайыз, 2014 жылы бірінші турда 88,94 пайыз, екіншісінде 76,93 пайыз болған.

Ал осы жолы парламент сайлауының алғашқы турында сайлаушылардың 74,3 пайызы, екінші кезеңінде - 62,6 пайызы дауыс берген. Бұл Мирзияевке дейін авторитарлы президент Ислам Каримов билік болған кездегімен салыстырғанда шынайы жағдайға жақынырақ көрсеткіш.

Жоғарғы заң шығару органына жаңа адамдардың сайлануы, тіпті бұрынғымен салыстырғанда парламенттің "жасарып", әйел депутат көбейгеніне қарамастан мұны елеулі өзгеріске жатқызу қиын болатын сияқты. Әйткенмен, ақыр соңында гендерлік квота сақталып, Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша, депутаттың орташа жасы 46,4 болғанын көрудің өзі қызық. Бұл қазіргі "орташа" жастағы депутат СССР ыдыраған тұста жасөспірім болғанын білдіреді.

(Блог авторының пікірі Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG