1 қыркүйекте Вашингтондағы Ақ үйде АҚШ президенті Джо Байден Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесті. Бұл - Зеленскийдің Украина президенті ретінде Ақ үйге алғаш баруы.
Владимир Зеленский Украинаның тұтастығын қолдағаны, Вашингтонға келуге шақырғаны үшін Джо Байденге алғыс білдірді әрі Ауғанстаннан азаматтарды эвакуациялап жатқанда 13 сарбазының қаза болуына байланысты АҚШ-қа көңіл айтты.
Ауғанстандағы эвакуация мәселесіне байланысты Джо Байден мен Владимир Зеленский кездесуі бір күнге шегерілген. АҚШ Ауғанстандағы азаматтарды әкету операциясын 31 тамызда тәмәмдады.
Зеленский кездесу кезінде қауіпсіздік саласында АҚШ-пен өзара ынтымақтастық нығая түседі деп үміттенетінін, Украинаның НАТО-дағы орны мен АҚШ-тың Украина шығысындағы конфликтіні бейбіт реттеудегі рөлін Байденмен талқылағасы келетінін айтты. Ол сонымен қатар Украина шығысындағы сепаратистік аумақта және Ресейде тұтқындалып, қамауда отырған адамдарды босатуға көмектесуді сұрады. Киевтің Вашингтонға берген тізімінде осылай қолға түскен 450 адам көрсетілген.
Украина президенті Ресей Балтық теңізінің түбі арқылы Германияны жалғайтын "Солтүстік ағыс – 2" газ құбыры құрылысын АҚШ-тың тоқтата алмағаны қателік болғанын, бұл жобаны Мәскеу қолындағы геосаяси қару деп санайтынын білдірді.
Джо Байден Зеленскиймен кездесер алдында бүкіл Еуропада бейбіт және еркін өмір көргісі келетінін, АҚШ Украина егемендігін қолдай беретінін мәлімдеген. Бірақ сонымен бірге АҚШ Украинадан демократияны нығайта түсетін терең реформалар күтетінін де аңғартқан.
Зеленский сөзінде АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин алдағы аптада Украинаға келетіні айтылды. Бұған дейін АҚШ Киевке 60 миллион доллар көлемінде кезекті әскери көмегін берген. Сөйтіп Вашингтонның Киевке жыл сайын беретін әскери көмегі 400 миллион долларға жеткен. АҚШ есебіне қарағанда 2014 жылы Донбаста конфликт басталғалы Украина АҚШ-тан 2,5 миллиар доллардан астам көмек алған.
ПІКІРЛЕР