Accessibility links

New York Times зерттеуі: Каталония сепаратистері Ресейден көмек сұраған


Каталонияның бұрынғы президенті, қазір қуғында жүрген Карлес Пучдемон.
Каталонияның бұрынғы президенті, қазір қуғында жүрген Карлес Пучдемон.

Каталония сепаратистері Испаниядан бөлініп шығу ісінде Ресейден көмек сұраған дейді New York Times басылымы барлау қызметінің құжаттарына сілтей отырып.

Каталонияның бұрынғы президенті, қазір қуғында жүрген Карлес Пучдемонның аға кеңесшісі Жозеп Луис Алай 2019 жылы кемі екі рет Мәскеуге сапарлаған, онда Ресей билігінің өкілдерімен және барлау қызметінің бұрынғы офицерлерімен кездесіп, қолдау сұрамақ болған. Бұл туралы 3 қыркүйек күні New York Times басылымы хабарлады. Басылым бұл деректі барлау қызметіне тиесілі құжаттан білгенін мәлімдеп отыр.

2017 жылы қазанда Пучдемон үкіметі тәуелсіздік жөнінде референдум өткізіп, сайлаушылардың көбі күн тәртібін қолдап дауыс берген. Испаниядан бөлініп шығуды қолдамайтындар референдумға бойкот жариялаған.

Испания үкіметі референдумды заңзыз деп тауып, Каталонияның саяси басшылығын қамауға алды, ал Пучдемон елден қашты. Еуроодақ та референдумды заңсыз деп таныды.

Алай мен Пучдемон Мәскеуге барғанын растады, бірақ олардың қалыпты сапар болғанын айтты.

Алай New York Times газетіне Ресейден көмек сұрау туралы тұжырым "Мадридтің қиялы" деп жауап берді.

Осыған дейін Батыс елдері Ресейді Батыс аумағында сепаратистік қозғалыстарды қолдап отыр деп айыптаған, Каталония сепаратистеріне қолдау білдіру сол стратегияның мақсат-мұратына келіңкірейді деп жазды америкалық газет.

Бірақ Кремльдің Каталония сепаратистеріне көмектескенін көрсететін айғақ жоқ дейді New York Times.

Газет Каталониядағы "Демократиялық цунами" дейтін құпия наразылық тобы Алайдың Мәскеуге сапарынан кейін пайда болғанын еске салады. Бұл топ 2019 жылы Барселона әуежайындағы операцияларды тоқтатып, Испанияны Еуропамен жалғайтын күре жолды бөгеп тастаған.

Басылымның жазуынша, барлау құжаттары Алайдың наразылық тобын құруда шешуші рөл атқарғанын көрсетеді. Бірақ мұны Алайдың өзі жоққа шығарады.

Барлау құжатына қарағанда, Алай Барселонада жаппай наразылық басталғаннан үш күн өткенде Ресей президенті Владимир Путинге жақын екі адаммен кездесіп, аймақтағы тәуелсіздік қозғалысын талқылаған.

Алай Барселонада Ресейдің екі өкілімен кездескенін растады, бірақ оның ресейлік танысы Александр Дмитренконың өтінішімен болған кездесу болғанын, барлау құжатындай айтылған мәселені қозғамағанын айтты.

Барлау құжаты каталониялық әйелге үйленген ресейлік кәсіпкер Дмитренко Алайға Мәскеуден қаржылай және техникалық көмек сұрауға көмектескен. Ол көмек Испанияға тәуелсіз банк жүйесін, телекоммуникация желісін және энергетика секторын құру үшін қажет болған.

33 жастағы Дмитренко Испаниядан азаматтық сұраған, бірақ оның өтініш қанағаттандырылмаған. Оған кәсіпкердің Ресей билігімен байланысы түрткі болған дейді New York Times Испания әділет министрлігіне сілтей отырып.

Газеттің жазуына қарағанда, әділет министрлігі өз шешімінде Дмитренконың Ресей барлау қызметінен тапсырма алғаны, Ресейдегі ұйымдасқан қылмыстық топтарға қызмет көрсеткені айтылады.

Дмитренконың өзі америкалық газеттің сауалдарына жауап бермеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG