Accessibility links

Нұр-Сұлтан Қазақстан азаматтығын сұраған ауған жастарына жауап берді


Қазақстанда оқып жүрген ауған студенттері.
Қазақстанда оқып жүрген ауған студенттері.

Қазақстан ішкі істер министрлігі елде жүрген ауған жастарының азаматтық беру туралы өтінішіне жауап берді.

Тамыз ортасында Ауғанстанда билік тәліптер қолына өткен соң Қазақстанда оқып жүрген ауған жастары Нұр-Сұлтаннан азаматтық беруді сұраған. 24 тамызда Азаттыққа сұхбат берген студенттер "Ауғанстанға қайтсақ, өмірімізге қауіп төнеді. Қазақстанда тұрып, осында жұмыс істегіміз келеді" деген.

Азаттық 26 тамызда ауған жастарының өтініші бойынша ішкі істер министрлігіне сұрау салды. Дүйсенбі, 6 қыркүйекте министрлік редакцияға жауап берді.

"Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаудың бас талабы – өз елінің азаматтығынан шығу. Конституцияның 10-бабы 3-тармағына сәйкес, Республика азаматының басқа мемлекет азаматтығында болуы танылмайды. Бастапқы сатыда шетелдіктер Қазақстанда тұрақты тұру рұқсатын алу қажет" деп жазады ведомство.

Ресми жауапта, ішкі істер органдарының есебі бойынша, Қазақстанда 1115 ауған азаматы жүргені жазылған. Оның ішінде тұрақты тұру рұқсаты бар азаматтар саны – 655. Қазақстанға оқуға, жұмыс істеуге, іскерлік не басқа мақсатта келген уақытша келген 460 ауған азаматы бар.

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, 460 адамның 397-сі Қазақстанның 25 университетінде білім алады. Министрлік жазуынша, қазір оның "көпшілігі" Ауғанстанда жүр. Бұл студенттердің Ауғанстаннан шыға алмай жүргені хабарланған. 20 тамызда Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Ауғанстанда ахуал реттелгенде студенттерге виза беріміз. Олар оқуын жалғастыра алады" деп мәлімдеді.

2017 жылы тамызда Қазақстанның білім және ғылым министрлігі мен Ауғанстан жоғары білім министрлігі арасында білім-ғылым саласындағы меморандумға қол қойылған. Келісім аясында жыл сайын отыз ауған азаматы қазақстандық жоғары оқу орындарына қабылданады.

Қазақстанда оқыған кейбір студенттер биыл оқуы аяқталуына байланысты Ауғанстанға қайтуға тиіс болатын. Азаттыққа сұхбат берген олар Қазақстан билігі елге мәжбүрлеп қайтара ма деп қауіптенетінін айтқан. Ішкі істер министрлігінің жазуынша, "білім және ғылым министрлігі, жоғары оқу орындары мен әкімдіктер бірлесе отырып", Алматы мен Қарағанды облысындағы оқуы аяқталған 57 ауған студентінің елде заңды жүруі үшін виза рәсімделген.

15 тамызда "Талибан" Кабулға күтпеген жерден кіріп, билікті басып алды, заңды сайланған президент Ашраф Ғани елден қашты. АҚШ пен оның одақтастары Ауғанстандағы 20 жылға созылған операцияны аяқтап, әскерін әкете бастағалы "Талибан" тобы қайта күш алып, аймақтарды біртіндеп өзіне қарата бастаған.

"Талибан" 1996-2001 жылдары Ауғанстанда билік құрған тұста шариғат заңына сүйеніп, әйелдердің жұмыс істеуіне, білім алуына шектеу қойған. Ер адамдарды сақал өсіруге міндеттеген. Өлім жазасы, адамның қолын кесу сынды жазалар қолданған. Қазір тәліптер әйелдердің білім алуына, жұмыс істеуіне мүмкіндік беретінін айтады, бірақ әйелдердің киімі ислам заңына сай келу керек деп талап етеді. Алайда ауған жұрты тәліптердің сөзіне күмәнмен қарайды. Тәліптердің қатаң саясатынан қорыққан ауған халқы елден кетуге талпынды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG