Accessibility links

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар бір күнде 3,6 мыңға көбейді, 105 адам қайтыс болды


Өткен тәулікте Қазақстанда 3 676 адамға коронавирус жұққаны ПТР тестпен анықталды. Бұл бір күн бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 430 адамға аз.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жұма күні Алматыда 889 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Қазақстандағы ең ірі қала күндік көрсеткіш бойынша республикада бірінші орында тұр. Қарағанды облысында - 390, Нұр-Сұлтанда 317 науқас тіркелген.

2020 жылдың наурыз айынан бері 835 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан.

9 қыркүйекте Қазақстанда 84 адам – коронавирустан, 21 адам коронавирус пневмониясынан (пневмонияның Covid-ке ұқсас түрі, бірақ әдетте оған шалдыққандың ПТР тесті теріс көрсетеді) қайтыс болған.

Халықаралық ұйымдардың қысымынан кейін Қазақстан билігі 2020 жылдың тамызынан бастап коронавирус пневмониясының статистикасын жүргізе бастаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы былтыр маусым мен шілдеде қатты өршіп, бәсеңсіген "пневмонияны" "диагнозы дұрыс қойылмаған коронавирус" деп атаған еді. Елде 2020 жылдың тамызына дейін коронавирус пневмониясына шалдыққандар көп болса да, оның есебі "пневмония" статистикасына енгізілмеді.

Екі күн бұрын яғни, 9 тамызда Қазақстанда 249 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды, 2020 жылдың тамызынан бері 72 мың адам осы ауруға шалдыққан.

Министрлік мәліметінше, індет басталғалы коронавирустан – 10 238, коронавирус пневмониясынан 4 651 адам қайтыс болған. Жергілікті комиссияның шешімімен "Covid-тен емес, басқа аурудан қайтыс болды" деген мыңдаған адам өлімі денсаулық сақтау министрлігінің базасына енгізілмеген.

Қазір коронавирустан 80 мың адам емделіп жатыр. 16,5 мыңнан астамы стационарда жатыр.

19 млн халқы бар Қазақстанда 5,8 млн адам коронавирусқа қарсы толық егілген. 1,3 млн адам әзірге бір дозасын ғана алған.

Вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстанда ресейлік "Спутник V" (қазір оны Қарағандыда өндіреді), отандық QazVac, қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген вакцинасы Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген екпесін Vero Cell, сондай-ақ тағы бір қытай компаниясы Sinovac компаниясының екпесі CoronaVac қолданылады. Билік ДДСҰ мақұлдаған америкалық Pfizer вакцинасы елге қазан айында жеткізіледі, бірақ препарат бірінші кезекте жүкті әйелдер мен 12 жастан асқан балаларға салынатынын мәлімдеген. Министрлік вакцина балаларға ата-анасының рұқсатымен егілетінін айтып отыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде 223 млн адам коронавирусқа шалдыққан, 4,6 миллионы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG