Accessibility links

Алматыда Желтоқсан құрбаны Ләззат Асанованың  анасы өмірден озды


Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова Азаттық радиосы тілшісіне сұхбат беріп тұр. Алматы, 2008 жыл
Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова Азаттық радиосы тілшісіне сұхбат беріп тұр. Алматы, 2008 жыл

Алматыда Желтоқсан құрбаны Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова 70-тен асқан шағында өмірден озды. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін "Ләззат өлімінің себебі ашылмады" деген ойынан айнымаған.

Көзі тірісінде берген сұхбаттарының бірінде қызының мәйітін үйіне жеткізген соң "ашпа" деген бұйрыққа қарамай ашқанын, сонда тек басынан ойық жарақат көргенін айтқан.

Зейнеткер мұғалім Алтынай Асанованы балалары жұма, 10 қыркүйекте жер қойнына тапсырған. Марқұмның туыстары оның коронавирусқа шалдығып, аз уақыт ауырып көз жұмғанын айтады.

- Жұма күні сағат 11-де жерледік. Вирусқа шалдығып содан қайтты. Соңғы бір апта жан сақтау бөлімінде жатты. Ауырып жүргенде "емделіңіз деуші едім", бірақ бітіретін жұмыстарым көп дейтін. Биыл Желтоқсан оқиғасына 35 жылдығына орай құрған жоспары бар еді, - дейді қызы Ләйла.

Ол марқұмның жаназасына жергілікті билік өкілдері мен Желтоқсан куәгерлерінің жиналғанын айтады.

Бұған дейін жергілікті басылымдар Алтынай Асанованың қызының қайғысын көтере алмай, екінші топтағы мүгедек болып қалғанын жазғанын.

Бастауыш мектеп мұғалімі Алтынай Асанованың есімі оның 16 жастағы қызы Ләззат Асанованың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында жұмбақ жағдайда көз жұмғаннан соң белгілі бола бастады. Ол қызын ақтап алу үшін ұзақ жыл жүгіріп, көп еңбек сіңірген. Анасының табандылығының арқасында Ләззат Асанованың есімі Желтоқсан құрбандарының қатарына іліккен.

16 жастағы студент Ләззат Асанова Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін тергеуге ілігіп, бір аптадан соң - 25 желтоқсанда жұмбақ жағдайда қаза болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG