Accessibility links

Қамауға алынған белсенді Бақтыбаевтың түрме жазасы өзгертілмеді


Белсенді Бағдат Бақтыбаев
Белсенді Бағдат Бақтыбаев

13 қыркүйекте Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы азаматтық белсенді Бағдат Бақтыбаевтың жазаның қалған бөлігін түрмеде өтеуге қатысты белгіленген мерзіммен келіспеген жеке шағымын қарап, оны қанағаттандырудан бас тартты.

Прокуратура Бақтыбаевтың "пробация талабын бұзды" деп қамалғаннан бергі кезеңдегі, яғни 2021 жылғы 18 шілде - 13 қыркүйек аралығындағы "1 күнді 1,5 күн деп есептеу туралы" сот қаулысына қарсылық білдірген. Сот бұл қарсылықты қолдап, Бақтыбаевтың түрмедегі мерзімі ұзарды.

46 жастағы Бағдат Бақтыбаевты 18 шілде күні Жамбыл облысы Шу аудандық пробация қызметі "сот үкімін орындамады, пробация талаптарын бұзды" деп қамауға алып, кейін сот қалған жаза мерзімін абақтыда өтету туралы қаулы шығарған. Онда "сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейінгі аралықта түрмеде отырған уақытының бір күнін бір жарым күн деп санау" туралы айтылған.

Белсендінің адвокаты Ғалым Нұрпейісов прокурор наразылығымен келіспейді. Ол прокурор қылмыстық-процессуалдық кодекстің талабын сақтамады деп санайды.

– Сәуірде өткен апелляциялық сот шешімімен Бақтыбаевқа [Қылмыстық кодекстің] 405-бабының 1-тармағымен тағайындалған 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасы өзгеріссіз қалып, тек 2-тармақ бойынша жаза мерзімі 1 жылға қысқарып отыр. Қазір оның 400 күн өтелуі тиіс жазасы бар. Прокурор наразылық білдіріп, сот оны қанағаттандырмағанда, оның 18 шілдеден бергі бүгінгі апелляцияға дейінгі, яғни сот қаулысының заңды күшіне енгенге дейінгі қамаудағы күндері бір жарым күн деп есептеліп, 313 күн түрме жазасы қалар еді, – дейді адвокат.

Сот қаулысы бірден күшіне енді әрі ол шағымдануға жатпайды.

Істі судья Нұрлан Жұмағұлов жүргізді, оған белсендінің өзі қатыстырылмады.

Бағдат Бақтыбаев былтырғы 2 қараша қамауға алынған. Шу аудандық соты оған 4 ақпанда "қызметіне тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырды және оған қатысты", "есірткіні заңсыз пайдаланды" деген (Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1-2 тармақтары және 296-бабы) айыптар таққан. Сот үкімімен оған Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1- тармағымен екі жылға, 2-тармағымен 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Бірақ кейін тағайындалған жазаларды қосу арқылы оның бас бостандығы жалпы 2 жылға шектелген. Бұдан бөлек оған 5 жылға дейін қоғамдық-саяси іс шараға қатысуға, әлеуметтік желілерде пікір жазуға тыйым салынған. Ал есірткіге қатысты оған 80 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы белгіленген.

Qaharman құқық қорғау тобы белсендінің туыстарына сүйене отырып, Бақтыбаевқа есірткі пайдалануға қатысты қылмыстық іс "қолдан ұйымдастырылды" деп хабарлаған. "Қамалғаннан кейін 4 ай өткен соң полицейлер Бағдатты ұстаған кезінде қалтасынан "есірткі табылғанын" анықтаған. Оған "егер саяси көзқарасыңнан бас тартпасаң, азаптаймыз, соққыға жығамыз немесе есірткі салып жібереміз" деп қоқан-лоқы жасалған" деп жазды құқық қорғаушылар Facebook-тағы парақшасында.

Биыл ақпанда Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы Бақтыбаевтың жаза мерзімін азайту туралы шағымын қанағаттандырып, 405-баптың 2-тармағы бойынша оған алғашқы сот инстанциясы тағайындаған 1 жыл 6 ай мерзімді 1 жылға өзгерткен. Қалған жаза өзгеріссіз қалды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Бағдат Бақтыбаев саяси көзқарасын ашық айтқаны үшін қудаланып отыр деп, оны былтыр қараша айында "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG