Accessibility links

Полиция Қытай консулдығы алдында түнеп жүргендерге шатыр тігуге тыйым салды


Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, Алматыдағы Қытай консулдығы алдында түнеп жүрген адамдар полицияның шатыр тігуге тыйым салғанын айтады. Алматы, 14 қыркүйек 2021 жыл.
Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, Алматыдағы Қытай консулдығы алдында түнеп жүрген адамдар полицияның шатыр тігуге тыйым салғанын айтады. Алматы, 14 қыркүйек 2021 жыл.

Алматыдағы Қытай консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, елге қайтаруды талап етіп жүрген бірнеше адамның түнеп жүргеніне 20 күн болды. Бір күн бұрын кешке жақын полиция олардың тігіп отырған шатырын алдырып тастап, шатыр тігуге тыйым салған.

"Полиция "жергілікті тұрғындардан шағым түсті, жолдың бойында палатка құруға болмайды, заңға қайшы" деді. Сүйтіп, палаткасыз қондық. Түн қатты суық болды, шатыр бізге кәдімгідей жылу береді екен, түнімен тоңып шықтық" деді консулдық алдында қонып шыққандар таңертең Азаттық тілшісіне.

Қытайда қамалған үш ұлын елге жіберуді талап етіп жүрген Халида Ақытхан "полицейлерге "Қытай билігі үш баламды соттап, шаңырағымызды жерге түсірді, ал мына жерде сендер басымыздағы палатканы тартып алып, бұл жердегі шаңырағымды ортасына түсірдіңдер" деп ұрыстым, содан палаткамызды тастап кетті. Бірақ шатыр құруға болмайды деп тыйым салды" деді.

14 қыркүйекте консулдық маңында ары-бері жүрген полицейлер болды. Бірақ олар Азаттық тілшісінің сұрағына жауап беруден бас тартты.

Ал Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салған Халида Ақытхан бастаған топ полиция қысымына қарамастан консулдық маңынан кетпейтінін, талабын әрі қарай жеткізе беретінін айтты. Олардың кейбірі кішкентай балаларын үйінде қалдырып, осы жақта қонуға мәжбүр екенін айтты.

Қытай консулдығы маңындағы наразылар қонып жатқан шатырда отырған адам және жақын жерде тұрған полиция көлігі. Алматы, 13 қыркүйек 2021 жыл.
Қытай консулдығы маңындағы наразылар қонып жатқан шатырда отырған адам және жақын жерде тұрған полиция көлігі. Алматы, 13 қыркүйек 2021 жыл.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдындағы наразылық ақпан айында басталған. Наразылар Қытай билігінен Шыңжаңда "жазықсыз" қамалған жақындарын босатуды талап етеді. Әлі күнге дейін консулдықтан наразыларға ешкім жолыққан жоқ. Консулдық реакция білдірмегендіктен олар тамыз айынан соңынан бастап сол жақта түней бастаған.

Сәуір айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.

Бұған дейін Алматы соты Қытай консулдығы алдында пикет өткізген адамдарды бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартқан.

  • Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG