Accessibility links

"Жұмсақ күш" пе, әлде "өріс кеңейту" ме? Қытайдың бас газетінің сайты қазақ тілінде шыға бастады


Қытай компартиясының бас газеті "Жэньминь жибаоның" онлайн нұсқасы 12 шет тілінде хабар тарата бастады, солардың бірі – қазақ тілі. Басылымның ресми сайтынан скриншот.
Қытай компартиясының бас газеті "Жэньминь жибаоның" онлайн нұсқасы 12 шет тілінде хабар тарата бастады, солардың бірі – қазақ тілі. Басылымның ресми сайтынан скриншот.

Қытай компартиясының бас газеті "Жэньминь жибаоның" онлайн нұсқасы 12 шет тілінде хабар тарата бастады, солардың бірі – қазақ тілі. Сарапшылардың кейбірі мұны қазақ тілі өрісінің кеңейгені десе, енді бірі Қытайдың Қазақстанға мәдени һәм ақпараттық ықпалын күшейтуді көздейтін "жұмсақ күші" деп санайды. Ал Шыңжаң өлкесіндегі қазақ баспасөзіне қысым күшейген деген болжам бар.

"ҚЫТАЙ АРМАНЫ"

1 қыркүйекте Қытай үкіметі мен коммунистік партиясының бас газеті – "Жэньминь жибаоның" ("Халық газеті") онлайн нұсқасы кирилл қарпімен қазақ тілінде шыға бастады. Осы күні сайт итальян және суахили тілдерінде де хабар таратуға көшті. Бұлардан бөлек басылымның шетелге арналған халықаралық нұсқасының ағылшын, жапон, француз, орыс, неміс, араб, корей, испан және португал тілдерінде беттері бар.

Жаңа үш тілдің қосылуы туралы жаңалықта: "Онлайн "Халық газетінің" қазақ (кирилл), итальян, суахили тілдеріндегі нұсқасы тиісті өңірлердегі халыққа Қытайдың саясаты, экономикасы, қоғамы, мәдениеті, ғылымы мен білімі секілді көп саласынан ақпарат таратады. Сөйтіп, қытайлықтар мен сол өңірдегі интернет тұтынушылардың өзара түсінісіп, барыс-келіс жасауының жаңа мүмкіндігіне айналуды мақсат етеді" деп жазылған.

Хотандағы көше қиылысында тұрған экранда Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің бейнесі көрінеді. Қытайдың Шыңжаң аймағы. 30 сәуір, 2021 жыл.
Хотандағы көше қиылысында тұрған экранда Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің бейнесі көрінеді. Қытайдың Шыңжаң аймағы. 30 сәуір, 2021 жыл.

"Үш бірдей шетел тіліндегі сайт парақтарының жарық көруі – онлайн "Халық газетінің" халықаралық ақпарат тарату қуатын арттырудың маңызды шарасы" деген басылым "шынайы ақпарат тарату тәсілін қолдану арқылы" "Қытай арманы мен Қытай үнін жаһандандыруға" күш салатынын айтқан.

Сайттың қағаз нұсқасы – "Жэньминь жибао" газеті Қытайдағы ең ықпалды басылымдардың бірі саналады. Өз жазуынша, әлемнің 70-тен астам елінде тілші ұстайтын бұл газет 3 миллионға жуық тиражбен тарайды. 1948 жылы шыға бастаған газет 1949 жылы коммунистік режимдегі Қытай халық республикасы құрылған сәттен Қытай компартиясының ресми газетіне айналған. Басылымның Қытай аймақтарына таралатын түрлі нұсқасы және бар.

КОМПАРТИЯ, "БАТЫРЛАР" ЖӘНЕ "БІР БЕЛДЕУ – БІР ЖОЛ"

Сайт материалдары әртүрлі айдарға топтастырылған. Компартия басшылары жайлы ақпарат негізгі орынға берілсе, "Қытай – Қазақстан" деп аталатын айдарында Қазақстан жаңалықтары, әсіресе Қазақстанның Қытайға қатысы бар жаңалықтары көбірек жарияланған.

Қазақстан басшыларының Қытай елшісін қабылдағаны, Жамбыл облысындағы әскери қойманың жарылғаны, Қытай мен Қазақстан шекарасындағы "Алашанькоу (Қытай) – Достық (Қазақстан)" шекара бекетінен кейінгі алты айда өткен вагон санына дейін тәптіштеген.

Қазақстанның сол кездеі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Атасу – Алашанькоу құбырын іске қосу рәсімінде. Астана, 15 желтоқсан 2005 жыл.
Қазақстанның сол кездеі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Атасу – Алашанькоу құбырын іске қосу рәсімінде. Астана, 15 желтоқсан 2005 жыл.

Сайт материалдарынан АҚШ-қа қарсы риторика да байқалады. "Батырлар оралды" деген ақпаратта Солтүстік Кореядан Қытай сарбаздарының сүйегін әкеліп жатқаны айтылған.

"Осыдан жарты ғасыр бұрын миллиондаған қытайлық сарбаз корей халқына көмектесіп, АҚШ-тың агрессиясына қарсы тұру үшін майданға аттанған еді. Кейбіреулері сол күйі отанына оралмай, жат жерде қаза тапты" деп жазады сайт.

1950 жылдары Корей түбегінде соғыс болғанда АҚШ – елдің оңтүстігіне, Қытай солтүстігіне әскери көмек көрсетіп, ақыр соңында Корея бөлек режимдегі екі елге бөлінген. Қазір Қытай – Солтүстік Кореямен жақсы қарым-қатынаста отырған аз елдің бірі.

Соңғы жаңалықтардың бірінде Пекинде Қытай жазушылар қауымдастығының қолдауымен "Бір белдеу – бір жол" әдебиет одағы құрылғаны хабарланған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.

Әдебиет одағының атауы Қытай билігі бірнеше жылдан бері ұсынып келе жатқан "Бір белдеу – бір жол" инфрақұрылым жобасының атауымен бірдей. Одақтың мақсаты – "әдеби алмасу, жазушылар арасындағы достықты бекемдеу, көрнекті әдеби шығармаларды аудару және таратуға жәрдемдесу" деп көрсетілген. Сайттың жазуына қарағанда, "одаққа БАӘ, Пәкістан, Палестина, Филиппин, Қазақстан, Корея сынды 35 мемлекеттегі 30 ықпалды әдеби топ, 19 әдебиетшілер мен аудармашылар одағы біріккен".

Шетел қазақтары тілінде кездесетін ерекшеліктер аздап байқалғанымен, сайттың ақпарат тілі Қазақстандағы қазақ ақпарат тіліне ұқсас.

Алматыдағы Шығыстану институтының директоры, Қытайдан көшіп келген қытайтанушы-ғалым Дүкен Мәсімханұлы сайтта қазақша материал жазатындар Қазақстанда тәжірибеден өткен, осында жұмыс істеген мамандар болуы мүмкін дейді.

"ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ӨРІСІ КЕҢІП ЖАТЫР"

Қытайдан қоныс аударған ақын әрі зерттеуші Алмас Ахметбекұлы "Жэньмин жибао" сайтының қазақша нұсқасын кирилл таңбасымен шығарғаны айрықша саяси оқиға емес, оны Қытай экспаниясы деп байбалам салудың да жөні жоқ деп санайды. Оның пікірінше, "бұл – қазақ тілінің өрісі кеңіп жатқанының белгісі".

– Қазақ тілі үлкен ұлт тілі ретіндегі әлемдегі ірі мемлекет баспасөзінің қолданысында болғаны жаман емес. Әлемнің барлық газеттері сайттарын қазақша шығарса тіпті жақсы емес пе? Қытай коммунистік партиясы үгіт-насихатын әлемге барынша таратқысы келеді. Оған "Қытай экспансиясы" деп үрейленудің керегі жоқ, – дейді ол.

Қытай билігі ұйымдастырған баспасөз туры кезінде мына бір отырыс "кәсіпке баулу сабағы" ретінде көрсетілген. Партада отырғандар - қытай ұйғырлары.
Қытай билігі ұйымдастырған баспасөз туры кезінде мына бір отырыс "кәсіпке баулу сабағы" ретінде көрсетілген. Партада отырғандар - қытай ұйғырлары.

Ахметбекұлының сөзінше, "кез-келген мемлекет өз жетістігін жария етуге тырысады. Қытай тілі ағылшын тіліндей кең тарамағандықтан, қазақшаға аударып беріп отыр. Әр елде оның кейбір үгіт-насихатынан қорғанатын иммунитеті болуы керек".

Дүкен Мәсімханұлы Қытай Совет одағы ыдыраған соң қазақ тілін аз ұлттар тілінің бірі емес, іргелес елдердің тілі ретінде қабылдай бастағанын айтады. Соған байланысты Пекин Орталық радиосы қазақ бөлімінің эфир уақытын 18 сағатқа дейін ұзартқан.

"ҚЫТАЙДЫҢ ЖҰМСАҚ КҮШІ"

Бұрынғы дипломат әрі саясаттанушы Қазбек Бейсебаев пен Түркиядағы Ербақан университетінің магистрі, Қытай саясаты мен Шыңжаң қазақтарының саяси тарихы жайлы зерттеулер жариялап жүрген Елдес Орда Қытайдың бас газеті сайтының қазақша шыққанын "Қытайдың жұмсақ күші" деп санайды.

– Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция салған елдердің бірі. Экономикалық тұрғыдан Қытай Қазақстанға белгілі бір деңгейде ықпал ете алатын жағдайға жетті. Бірақ Қытаймен арада тіл кедергісі бар еді. Енді олар Қытай саясатын қазақ тілінде де насихаттағысы келеді. Мұны сыртқы саясаттағы жұмсақ күш деп атайды, – дейді Қазбек Бейсебай.

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы құрлық порты.
Қазақстан мен Қытай шекарасындағы құрлық порты.

Зерттеуші Елдес Орда бұрыннан көп тілде шығатын сайттың қазақ, итальян, суахили тілдерін бір мезгілде пайдалануға кіріскеніне назар аударады.

– Еуропаның өзге елдеріне қарағанда Италияның Қытаймен қарым-қатынас деңгейі біршама жоғары. Суахили тілінде сөйлейтін Шығыс Африка елдері – Қытайдың Африка құрлығындағы басты нысанасы. Осы тұрғыдан Қытай Орталық Азияда Қазақстанды таңдап отыр, – дейді ол.

Елдес Орданың сөзінше, Азия – Тынық мұхиты аймағындағы су жолы қауіпсіздігі күрделі болған соң, құрлықтағы жолдарға қаржы сала бастаған Қытайдың Орталық Азия елдеріне, оның ішінде Қазақстанға қызығушылығы ерекше артқан. Өзге экономикалық мүдделерімен қатар Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасын дамытып жатқаны соның бір белгісі.

Елдес Орда Қытай өзінің жағымды имиджін насихаттау арқылы Орталық Азиядағы Ресейге қарсы көңіл-күйді пайдаланудан да кетәрі емес деп санайды.

– Қытай Қазақстандағы тіл мәселесін де, синофобияны да қадағалап отыр. Болашақта парсы, урду, пуштун, өзбек, тіпті қырғыз тілдерін де назарға алады. Сөйтіп АҚШ пен Батыс елдері және Ресей секілді Орталық Азияда ықпалын арттыра түскенді қалайды, – дейді ол.

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНЕ ҚЫСЫМ ЖӘНЕ ЦЕНЗУРА

Қытай коммунистік партиясының үні "Жэньминь жибао" сайтының қазақша нұсқасын шығарғанымен, Қытай билігі әсіресе кейінгі жылдары Шыңжаң өлкесінде тұратын ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге аз ұлттарға түрлі қысым жасауды көбейтіп, баспасөзіне цензураны күшейтті деген болжам бар.

Шыңжаңдағы "қайта үйрену лагері" делінген ғимарат. Артуш қаласы, 2 маусым, 2019 жыл.
Шыңжаңдағы "қайта үйрену лагері" делінген ғимарат. Артуш қаласы, 2 маусым, 2019 жыл.

Кейінгі үш-төрт жылда Шыңжаң өлкесіндегі экстремизммен күрес мақсатында аз ұлттарды "еңбекпен түзеу", "саяси үйрету" деген желеумен саяси лагерь ашып, жүздеген мың адамды қамауда азаптағаны жайлы ақпарат күрт көбейіп, халықаралық қауымдастық наразылығын туғызған.

Шыңжаңнан қашып келіп, Қазақстаннан пана сұраған қазақтар мен Қытайда туыстары қалған адамдардың айтуынша, Шыңжаң өлкесіндегі қазақтар Қазақстан туралы айтуға, әлеуметтік желіге жазуға сескенетін деңгейге жеткен. Қазақ диаспорасы ең көп шоғырланған Шыңжаң өлкесіндегі қазақ баспасөзіне де цензура айрықша күшейген.

Алмас Ахметбекұлының айтуынша, әсіресе 2017-2019 жылдардағы Қытай компартиясының саясаты қазақ баспасөзіне ауыр тиген.

Кейінгі кезде хат-хабар алмасу қиындағандықтан, Алмас Ахметбекұлы да, Дүкен Мәсімханұлы да Қытайдағы қазақ баспасөзінің қазіргі жай-күйін нақты айта алмайды.

– Төте жазумен шығатын газет-журналдарды жойып жіберді деген де сөз бар, – дейді Алмас Ахметбекұлы.

Дүкен Мәсімханұлының айтуына қарағанда, Қытайдағы саяси қуғын-сүргін кезінде кейінгі 20-30 жыл ішінде шыққан көркем әдебиеттің өзі де сүзгіден өтіп, "түрікшіл" детальдар қосқан авторлар жазаланған.

– Бұрын Қытайдың Үрімжі қаласында таза қазақ тілінде сөйлейтін 3 телеарна болған. Бірі жаңалықтар, екіншісі ән-күй, би, үшіншісі қытай және өзге тілден аударылған кино, телефильм көрсететін. Одан өзге өлкелік партия газеті, мәдени газеттер шығады. Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарының әдеби журналдары, "Шыңжаң қазақ жастары" деген журнал, тағы да басқа БАҚ көп еді. Қазір олардың қаншасы қалғаны белгісіз, – дейді ол.

Қытай баспасөзге ашық цензура орнатқан елдер қатарына жатады. "Шекарасыз тілшілер" (RSF) ұйымының баспасөз бостандығы рейтингінде Қытай 180 елдің ішінде тек Түркіменстан, Солтүстік Корея және Эритреяның алдында, 177-орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG